#Жаңа Қазақстан

Тарихи шындыққа тағзым



Бұл күннің біз үшін, еліміз үшін мән-маңызы айрықша. Өйткені бұл күн – Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы қаланған күн.

1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Кейін мұның дәрежесін төмендету үшін Республика күні деп атап жіберді. Бұл декларация қабылданудан бұрын Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия сияқты республикалар барлығы «егеменді республика» деп аталатын. Ал декларацияның айырмашылығы – «мемлекет» деген сөз бірінші рет пайдаланылды. Сол сәттен бастап Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Бұл декларацияның қабылдануымен егемендігін мәлім ететін жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері бекітілді. Қазақстанның егемендігі және территориясының тұтастығы саяси, құқықтық және экономикалық тұрғыдан дәйектелді. Бұл акт арқылы әлем картасындағы жаңа мемлекет – Қазақстан ­Республикасының негізі қаланды.

1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақ Жоғарғы Кеңесі осы декларация негізінде Тәуелсіздік туралы қаулы қабылдады. Соның негізінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев заң шығарды. Бірақ шынын айту керек, 1990 жылы қабылданған декларацияның 1991 жылы қабылданған Тәуелсіздік туралы қаулыдан әлдеқайда шоқтығы биік, дәрежесі жоғары болатын. Бұл құжатта Жоғарғы ­Совет «қазақ ұлтының тағдыры үшін жауапкершілікті ұғына отырып, … осы декларацияны қабылдайды» деп басталады. «Қазақ ұлты» деп ашық жазулы тұр. Алайда бүгінгі біздің Конституцияда «қазақ ұлты», «қазақ жері», «қазақ мемлекеті» деген сөздер жоқ. Декларацияда «Қазақ ССР-і Одақтан еркін шығу правосын өзіне сақтап қалады», «Қазақ ССР ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөніндегі шаралар қолданады» деп анық жазылды. Ал қазір «ұлттық» деген сөздің бәрін алып тастап, «ұлттық мемлекет» емес, азаматтық қоғам, азаматтық мемлекет деп шауып жүрміз. Декларацияға «шетелдегі қазақтарға ұлттық-мәдени, рухани және тілге қамқорлық көрсету және олардың өз Отанына келуіне жағдай жасау» деген мазмұн да енгізілген. «Қазақ ССР-ның халықаралық қатынастардың дербес субъектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүддесіне сай белгілеуге, дипломатиялық және консулдық өкілдіктер алмасуға (декларацияда бұл сөзді де бірінші рет пайдаланып отыр), халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның мамандандырылған мүше мекемелерінің қызметіне қатысуға правосы бар» деген мазмұн да анық жазылды.

Демек, біздің мемлекеттік егемендік туралы декларация, қазақ ұлтының мүддесін жан-жақты ескере отырып, өте күшті жазылған болатын. Міне, осы декларация қабылданған күн Республика күні ретінде мемлекеттік мерекелер тізіміне енгізілді. Сонымен 20 жылдай бұрын басты мереке ретінде 25 қазан – Республика күнін тойладық. Кейін тағы өзгеріс болып, 16 желтоқсанға оралдық. Тіпті Сенат бұл күнді мемлекеттік мерекелер тізімінен алып тастады. Содан бастап бұл мереке елеусіз күнге айналды.

2022 жылдың 16 шілдесінде Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынды. Бұған тұтас халық қуанды. Өйткені Республика күнін қайтару және оған ұлттық мереке мәртебесін беру зор тарихи мәнге ие. Себебі бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Мемлекет басшысының ұсынысымен Қазақ ССР мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылдаған күнін Парламент тарихи шындық деп қалпына келтірді. Қуаныш құтты болсын!

Сайлау БАТЫРШАҰЛЫ, мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, профессор, экономика ғылымдарының докторы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button