Тәуелсіздік тұғыры
Елордадағы Қазақстан Қарулы Күштерінің ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігінің Орталық әскери оркестрінің солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыржан Бердібайдың Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – тұғырым» атты концерті өтті.
Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің музыкалық сүйемелдеуімен өткен концертте кеш иесі патриоттық және лирикалық бағытта ән салды. Соның ішінде Бекен Жылысбаев, Илья Жақанов, Марат Ілиясов, Қайрат Жүнісов, Тұрсынжан Шапай, т. б. белгілі композиторлардың туындылары шырқалды. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші-композитор Секен Тұрысбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев пен Жеңіс Ысқақова кештің арнайы қонағы болып, көрермендерді тәтті күй мен әсем әндермен сусындатты.