Шаһар шаруашылығы

Газдандыру қарқынды жүргізілуде

Кезінде Елбасы Тұңғыш Президенттің бастамасымен бас қаланың экологиясы мен қоршаған ортаны қорғау мәселесіне үнемі айрықша көңіл бөлінді. Одан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы қолға алынған ауқымды жобаны одан әрі жалғастырып, Нұр-Сұлтан қаласын жаппай газдандыру, экологияны жақсарту мен халықтың денсаулығын қорғауға баса назар аударып отыр.

[smartslider3 slider=1341]

Қазір елордада газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде десек, қателеспейміз. Газ бөлу желісі құрылысы үш кезеңге бөлінген. Құрылыс жобасының бірінші кезеңі 9 қосылу кешенімен 2019 жылы күзде басталды. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ 2020 жылы 2 қосылу кешенін іске қосып, құрылыстың екінші кезеңінде «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» тұрғын алаптарына газ беруді қамтамасыз ете бастады.

Бүгінгі күні алдын ала жоспарланғандай, «Железнодорожный», «Көктал-1», «Көктал-2», «Агроқалашық», «Промышленный», «Оңтүстік-Шығыс», «Күйгенжар», «Мичурин», «Интернациональный» сияқты тоғыз тұрғын алапқа газ беріліп отыр. Енді газды кезең-кезеңімен үй-үйге тарту жұмыстары жүргізілуде. Қазірдің өзінде 14 000-ға тарта абонент, барлығы 200 мыңға тарта адам үйлеріне газ қостыруға рұқсат алды.

Сондай-ақ ЖЭО-1-дің жеті қазанын, ЖЭО-2-нің алты қазанын газға көшіру жұмыстары аяқталды. Бұдан бөлек, қаладағы 21 әлеуметтік нысанды газға қосу жұмыстары жалғасуда.

Таяу болашақта бас қаламызды табиғи газбен түгел қамтамасыз ету жұмысының күн тәртібінде тұрғаны белгілі. Осыған байланысты 4400 техникалық келісімшарт жасалып, 20 мыңнан аса адамға түсінік жұмыстары жүргізілді. Күні бүгін осы бағытта 1610 абонент табиғи газға қосылды. Бұл, негізінен, кешенді түрде жүргізілетін жұмыс болғандықтан, жүйелі түрде одан әрі жалғастырылуда.

Қалған 2-3 кезекте жобалау­-іздестіру жұмыстары қолға алынған. Оларды республикалық, жергілікті қаражат есебінен және жеке инвестиция тарту арқылы 2022-2023 жылдары жүзеге асыру көзделіп отыр.

Тұтынушыларды газға қосу шығындарын азайту мақсатында Халықты әлеуметтік қорғау басқармасы халықтың аз қамтылған бөлігі мен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға 263 мың теңге көлемінде өтемақы төлеуді жүргізілуде. Бұдан бөлек, газдандыру жобасы жұмыстарында есептеу құралдарын сатып алып, оны тұтынушыларға тегін тарату да қарастырылған.

Тұтастай алғанда, қаланың тұрғын алаптарын газдандыру, электрмен жылытылатын қуат көздерін газға көшіру жылына шаһардағы 40 мың зиянды затты ауаға шығаруды жояды. Бұл өз кезегінде бас қаланың ауасының тазарып, экологиялық жағдайдың жақсаруына жол ашады. Сондай-ақ газ баллондарын пайдалануға байланысты төтенше жағдайларды да азайтады.

 Мақсат ЕСМАҒҰЛОВ,

Отын энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы Жылу-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button