Шаһар шаруашылығы

Цифрландыру – даму талабы

Цифрландыру – жаһандық үрдіс. Бұл үрдістен бәсекеге қабілетті экономиканы дамытуды және халқының тұрмыс сапасын жақсартуды ойлаған мемлекеттердің ешбірі бас тартпайды. Қазақстан – осы елдердің қатарында. Сондықтан елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын енгізді. Аталмыш бағдарлама цифрлық технологияларды қолдану арқылы халықтың өмір сапасын арттыруға жол ашады. Бұл, бір жағынан, халыққа тұрмыстық жақтан қолайлы болса, екінші жақтан қауіпсіздікті қамтамсыз етудегі маңызы ерекше.

[smartslider3 slider=1343]

Қазір еліміз бойынша көптеген қызметтер электронды форматқа көшірілген, заң бұзушылықтар бойынша цифрлық мәліметтер базасы құрылып, айыппұл туралы электронды хабарламалар жүйесі іске қосылған. Ведомство жүйесі басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен біріктірілген. Мәселен, «Сергек» жүйесі туралы айтатын болсақ, елордада жыл сайын 6-7 мың камера орнатылады. Міне, осы жобаның арқасында бас қалада қылмыс 30%-ға, жол апатынан өлім-жітім 60%-ға төмендеген.

Қазір республика аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қолданыста болса, оның 100 мыңға жуығы Жедел басқару орталығына шығарылған. Биыл камералардың көмегімен республика бойынша 9 913 қылмыс ашылған. Ал елордада қоғамдық кеңістіктерде, аулаларда 1500 камера қойылған. Соның арқасында бас қалада қылмыс 53%-ға төмендеген. Нұр-Сұлтан қаласының Цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасының басшысы Ботагөз Қасабектің айтуынша, келесі жылы қала бойынша 7500-ден астам камера орнату жоспарланған. Сондай-ақ жыл соңына дейін қоғамдық кеңістіктерде тағы 500 камера орналастыру көзделген.

Сонымен қатар, елордада Еуропалық модель бойынша «Smart Astana» тұжырымдамасы қарқынды түрде жүзеге асырылып жатыр. Бұл бас шаһарды «ақылды» қалаға айналдыруға мүмкіндік береді. Ол үшін ең алдымен инфрақұрылымды жақсартуды тоқтатпай, озық цифрлық жобаларды кешенді түрде енгізу қажет.

 «Астана Innovations» жобаларды дамыту департаментінің директоры Жанат Маусымбаев­тың айтуынша, бүгінгі таңда елордада 59-шы мектепте адамның бет-әлпетін тану жүйесі орнатылған. Бұл ата-аналарға балаларын бақылауға, яғни оқушының оқу ордасына кіруі мен шығуын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе адамның келбетін ғана емес, бетперденің болуын және дене температурасын көрсетеді.

Елордада биылдан бастап қолданысқа еніп жатқан жоба ауаны ақылды ионизациялау. Биылғы жылдың наурыз айынан бастап бұл өнімнің мүмкіндіктері аялдамада сынақ ретінде тексерілуде. Жүйе ауаны 99,9% иондайды, яғни кез келген тұрғынға аялдамаға маскасыз кіруге мүмкіндік береді.

Ақылды қала дегеніміз тек жоғары технология ғана емес. Қазір елорда тұрғындары үшін пайдалы сервис-орталықтар іске қосылған. Олардың бірі – «iQala». Ол «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни бір жерден 150-ден астам қызмет алуға мүмкіндік береді. Бұл, ең алдымен, уақытты үнемдейді. Көбіне азаматтар су, жылу және қуат көзімен қамту және қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша шарттар жасасу қызметтеріне жүгінеді.

Мамандардың айтуынша, бүгінде денсаулық сақтау, білім беру, көлік, тұрғын үй шаруашылығы және қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Осы салалардың қыз­метін сандық жүйеге келтіру азаматтардың өмір сапасын әлдеқайда жақсартуға сеп болады.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button