Таным

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ



Қазақтың ұлы ғалымы Шо­қан Уәлиханов өзінің белгілі шығармаларының бірі – «Сот реформасы туралы» жазбасында «қандай даму сатысында тұрса да, халықтың қалыпты өсуі үшін қажет нәрселер: өздігінен даму, өздігінен қорғану, өзін-өзі басқару және тергеусіз сот» деп жазған еді. Туасы демократ мұны жалпы адамзат баласының бостандығының қарапайым атрибуты деп түсінді. Ал, шынына келгенде, бұл қағиданың астарында ұлттық мемлекет туралы логикалық ой да жатқан болатын. Заманы туғанда Алаш қозғалысының жетекшілері бұл идеяны әуелі патшалық Ресейдің отаршылдығынан, сонан соң кеңестің қыспағынан құтылудың бірден-бір жолы ретінде ұғынды.

кккАзаттық үшін айқас

Мемлекеттігіміздің бастауы болған Қазақ хандығы ХV ғасырда этникалық үдерістер мен қатынастардың, мәдени-әлеуметтік жете экономикалық дамудың, қазақ этносы жетілуінің нәтижесінде құрылғаны белгілі. Оның басында Керей мен Жәнібек сұлтандар бастаған ұлтымыздың зиялы тобы болды. Мемлекеттіліктің бір нысаны ретіндегі хандық жүйенің өзіндік дамуы, жер аумағының кеңейіп, нығая түсуі патшалық Ресейдің 1822, 1824 жылдары қабылдаған «Сібір және Орынбор қазақ-қырғыздары туралы» жарғыларынан соң, одан кейін территориялық басқарудың отарлаушылық жүйесі ендірілуімен тоқтаған еді. Ресей мен оған өз еркімен кірген Кіші және Орта жүздің арасындағы құқықтық қарым-қатынаста қазақ жерін иемденуге байланысты сөз қозғамаса да, бұл үдеріс басталып кеткен болатын. 1867-1868 жылдары «Уақытша ережелерге» байланысты жүргізілген саяси-әкімшілік реформаға сәйкес  арнайы қаржыландырылғаннан кейін орыс шаруаларының қазақ өлкесіне көшірілуі жүйелі сипат иеленіп, бұрын-соңды болмаған  жаңа қарқын алған-ды. Мұны 1886-1891 жылдардағы ережелер жалғастыра түсті.

Ресей империясы қазақ халқын өзіндік өсіп-өркендеу жолы бар этникалық қауым ретінде өз халқымен тең көрмеді. Керісінше, ол өзінің табиғи ерекшелігінен қол үзіп, дамудың орыстану жолына түсуі тиісті деп ұғынды. Осы үшін сан түрлі айла-шарғыларға барды. Ең бірінші, жергілікті патша әкімшілігінің күшімен орыс қоныстанушыларына ежелгі тұрғындардың ата қоныстары, оты-суы мол, ең шұрайлы, шөбі шүйгін жерлері тартып әперілді. Қазақ шөл және шөлейт, құнарсыз жерлерге еріксіз ығыстырылды. Осы үдерісті жіті байқаған тұңғыш кәсіби педагог Ыбырай Алтынсарин достарының біріне жолдаған хатында «Оренбург листогіне» Торғай қазақтарының басына түскен апаттар туралы жазғанын айта келіп, «Осы мақаламда қазақ еліне орыс селендерін әкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нәрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда айттым да қойдым, қазақтар, – келешегі жақсы деп үміт етіп  отырған осы халық, – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» деген еді. Бұдан сөз иесінің соншалықты көрегендігін қазір еліміз тәуелсіздік алғанда ғана терең сезіне алып отырмыз.

Ұлттық намыс пен сана-сезімге  тию, ежелгі дәстүрлі мәдениет мен ата салтты аяқ асты ету, рухани өркендеуіне кедергілердің қойылуы жергілікті халықтың ашу-ызасын келтірді. Жүздеген бас көтерулер болды. Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы, Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы, 1837-1847 жылдарғы Кенесары Қасымұлы, Есет Көтібарұлы және Сырдария қазақтарының Жанқожа Нұрмұхамедов басқарған көтерілістері, 1916 жылғы Қазақстанның талай жерін қамтыған бас көтерулер халқымыздың жадында мәңгілік орын алды. Бұлардың барлығы да жеңіліс тапты, бірақ азаттық идеясы бір сәт халық жадынан жоғалған жоқ.

ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегі жағдай қазақ өлкесінде жаңа әлеуметтік-саяси күштің пайда болуына алып келді. Мұндай ұйым 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынбор қаласында өткен Бірінші Бүкілқазақтық съездің шешімімен дүниеге келді. Ол ұлттық-демократиялық «Алаш» саяси партия­сы еді. Оның басы-қасында Әлихан Бөкейхан бастаған, бірсыпырасы Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты қалаларда оқып, арысы Батыстың, берісі  Ресейдің демократиялық ұстанымынан сусындаған, өз заманына сәйкес жоғары білім алған, озық ойлы сол кездегі Алаштың алдыңғы қатарлы азаматтары болды. Олар жетекшілік еткен күрес алдымен қазақ өлкесін, бірте-бірте бүкіл Түркістан аймағын қамтыған ұлт-азаттық қозғалысқа айналды.

Алаш қозғалысы қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының ұйымдасқан түрдегі іс-әрекеті, ұлттық сананың оянуының қоғамдық көрінісі болатын. Бұл өзінің саяси топ басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты және қамтыған аумағы жағынан қазақ тарихындағы ұлт-азаттық қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны еді. Мұның басқалардан басты артықшылығы – жер және билік мәселесімен қатар ұлттық болмыс пен құндылықтарды сақтау және оларды заман талабына сәйкес етіп бейімдеу мәселесін көздеуінде еді.

«Алаш» партиясы бағдарламасының жобасында негізгі идея еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болды. Бұл партия бағдарламасындағы «Мемлекет қалпы» деген бірінші тараудан айқын аңғарылады. Онда «Россия демократическая, федеративная республика болу.  (Демократия мағнасы – мемлекетті жұрт билеу. Федерация мағнасы – құрдас мемлекеттер бірлесуі. Федеративная республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді)» деп жазылған. Осындағы аса бір принципті мәселе – федерацияға бірлескен мемлекеттердің құрдас, яғни, олардың құқылары тең, ынтымағы бір, бірақ іргелерінің бөлек жә­не  өз  тізгіндерінің өздерінде болуы деген идея нағыз ұлттық мемлекеттілік­тің болмысы-тұғын.

Мұндай мемлекеттің мәнін жақсы түсінген Әлихан Бөкейхан орта ғасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын батыстық буржуазиялық қарым-қатынас жолын таңдай отырып, қазақтың тарихи және ұлттық ерекшеліктерін қатаң сақтауды естен шығарған жоқ. Осы ғылыми-әдістемелік қағиданың бүгінгі мәні ерекше зор болып отыр. Кейбір министрліктердің жиі тықпалайтын пайдалы реформаларының кейде жүзеге аспай қалып жатқандығының да көп кілтипаны осында жатыр.

Ұлттық мемлекет құру туралы идея 1917 жылдың желтоқсанында Орынборда жүзеге асты. Тоғыз күнге созылған Екінші Бүкілқазақтар съезі автономия құру туралы шешімге келді. Уақытша Халықтық кеңес құрылып, Әлихан Бөкейхан төрағалығына сайланды. Алайда, жаңа замандағы ұлттық мемлекеттің үлгісіндей болған Алашорда автономиясы екі жарым жылдай ғана өмір сүрді. Кеңестік-тоталитарлық жүйе қазақ халқының азаттықты аңсаған идеяларының жемісіндей болған Алашорда мекемелерін таратып тынды.

Алайда, тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет құру идеясын Алаш жетекшілері әсте ұмыта қоймады. Біреулері кеңестік билік құрылымында қызмет ете жүріп, екіншілері сыртта болғанымен, осы асқақ мұраттар үшін күресті тоқтатпады. «Найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкіметті» қолдамай Мәскеуге жер аударылғанымен Әлихан Бөкейхан өмірлік ұстанымынан айнымады. Халық ағарту комиссары, Қазақстан Орталық атқару комитетінің мүшесі лауазымын ала жүріп, Ахмет Байтұрсынұлының 1920 жылы В.Ленинге жазған хатында көтерілген Қазақ өлкесін басқарудың басында жергілікті ұлт зиялыларының арасынан шыққан таза идеялық қызметкерлердің болуы, қазақ өлкесінің шаруашылық-экономикалық мекемелерін қазақ­тардың басқаруы және т.б. ұлттық мемлекеттіліктің мәселелері болатын. Бірақ кеңес көсемі үнсіз қалды, жауап бергісі келмеді. Ал, елдегі ішкі жағдайдан шетелде қоныс табуға мәжбүр болған Мұстафа Шоқай 1929 жылы «Біздің жол» деген мақаласында «Біздің мұратымыз – Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады» деп, бодандықтан құтылуының бұдан басқа жолы болмағанын, қазір де жоқ екенін және бұдан соң да болмайтынын  кесіп айтқан еді.

Азамат соғысында жеңіп, жаңа саяси-экономикалық және құқықтық бағдармен мемлекеттің қанқасын құрып, іргесін бекітіп алғаннан кейін кеңес көсемдері азаттық пен ұлттық мемлекеттілік идеясын жүректерінде мәңгі сақтаған  қазақ халқының саяси жетекшілері мен рухани көсемдеріне қайта оралып, оларды түгел дерлік әртүрлі қуғын-сүргінге ұшыратты, жан-жаққа айдады, атты.

Сөйтіп, қазақтың талай ұрпағының ғұмырын қиған асқақ арман, биік мақсат жүзеге аспай, бар тізгін Мәскеудің қолына көшіп, жетпіс жыл бергені  аз емес, бірақ алғаны әлдеқайда көп болған кеңестік Ресейдің құрамында болдық. Қазақ елі қағаз жүзінде «одақтас», ал іс жүзінде «тәуелді» республикалардың біріне айналды. Осы жылдары Қазақстан басшыларының арасында екі-ақ қазақтың болуы да көп нәрсені аңғартса керек.  Ең негізгісі – қазақ қауымы адамзат қоғамының толыққанды мүшесі ретінде саяси һәм рухани еркіндікте болмады. Алайда, азаттық идеясы қазақ жүрегінде сөнген емес. Оған кеңес заманындағы әртүрлі көтерілістер мен бас көтерулер айқын дәлел бола алады.

 

Жаңа мемлекеттілік жолында

ХХ ғасырдың соңы Кеңес одағы кеңістігінде саяси ахуалды өзгертті. Экономикалық-әлеуметтік салада қордаланған қиыншылықтарды шешуге жалғыз коммунистік партия басшылық жасаған тоталитарлық жүйе дәрменсіздік танытты. Басшылық жаһанданудың оң ағыстарымен санаспады. Тиісті реформалар жүргізілмеді. Сондай-ақ, ұлттық республикалардың мүдделерімен есептеспеу, олардың ұлттық мәселелеріне тоңмойындық таныту іштей бірліктің жойылуына алып келді. Мұның барлығы өзін мәңгілік санаған алып мемлекеттің ыдырауына алып келді. Сөйтіп, жеке билікке негізделген   мемлекеттің ғұмыры ұзақ болмайтынын кәрі тарих тағы да дәлелдеді.

Енді ұлттық республикалар өз тағдырларын өздері шеше бастады. Осындай жаңа заманның елең-алаңында Алаштың көшбасшыларының тәуелсіздікті тілден бастау керек деген дәстүрін еліміздің ұлтшыл азаматтары алғы шепке шығарды. Сөйтіп, 1989 жылдың 22 қыркүйегінде өткен он бірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің кезектен тыс он төртінші сессиясында «Қазақ ССР-інің Тіл туралы» заңы қабылданып, қазақ тілі аса зор қиыншылықпен мемлекеттік мәртебеге ие болды.

Шындығында, бұл кезең еліміз үшін аса бір сындарлы болатын. 1989 жылы республикада барлық 16,5 миллиондай халықтың 6 534 616-сы қазақ, 6 227 549-ы орыстар-тұғын. Осындай жағдайда ана тіліміздің мемлекеттік  мәртебе алуы, шын мәнісіндегі, зор мәні бар оқиға болғаны сөзсіз. Бұл туған тіліміз азаттықтың әліпбиіндей қазақтың табиғи құқылары,  тәуелсіздігіміздің туы да, тұғыры да деген қоғамдық түсініктің нәтижесі болатын.

Кезінде Әлихан Бөкейхан, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дұлатұлы үшеуі қол қойып, Ақпан революциясы туралы «Қазақ» газетінде жарияланған «Алаш ұлына» атты сүйінші хатта: «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бұ күн теңелдік. Қам көңілде қаяу арман қалған жоқ» деулерінің шын реті енді келген-тұғын.

1990 жылғы 25 қазанда және 1991 жылғы 16 желтоқсанда жарияланған Мемлекеттік егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы конституциялық заңда мемлекетіміздің ұлттық сипаты атап көрсетілумен бірге, оны сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданылады деген қағидалар тайға таңба басқандай айқын жазылды. 1995 жылғы Конституцияда мемлекетіміздің құқықтық құрылымы айқындалды. Арнайы конституциялық заңдарда мемлекеттік биліктің үш тармағы туралы ұстынды мәселелер шешілді. Қоғамдық өмірдің барлық саласындағы дамудың құқықтық негіздері қаланды.

Әрине, тоталитарлық жүйеден өзінің  саяси мәні мен тұрпаты жағынан бөлек қоғамға өту аса күрделі болды. Бұл бағыттағы қоғам дамуында төте жол жоқ екенін біздің тәжірибеміз де көрсетті. Бір жағынан, жаңа саяси инс­титуттар жетіліп, нарықтық қоғамдық қатынастар өмірге етене еніп жатса, екінші жағынан, кеңестік жүйенің болмыс­тары да оп-оңай орын босатып жатқан жоқ. Бұл – өмір заңы. Жаңа заманның талабымен астасқан ежелгі құндылықтар терең орнықпай, ескі дүние өздігінен кете қоймайды. Оның үстіне, бүгінгі ақпараттың құдіретімен кеңістік пен қашықтықты мойындай қоймайтын жаһандану үдерісінің күшімен де есептеспеуге болмайды.

Алайда, еліміз қысқа мерзімде сан алуан асуларды алды. Ең бірінші әрі ұлы жетістігіміз – Конституцияда атап көрсетілгеніндей, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық көздің қарашығындай сақталуда. Республикада тұратын халықтардың бірлігі мен достығын нығайту бірінші дәрежелі міндет саналып келеді. Бұл – мемлекетіміздің, Елбасымыздың сара саясаты. Еліміздің саяси сипатының саралануы да, әлеуметтік ахуалының артуы да, экономикасының дамуы да осы парасатты пайымдылыққа тұрақты негізделіп келеді. Осының арқасында бүгін Қазақстан әлемдік саясатта өзіндік орны бар мемлекетке айналды. Қазір қазақ елін дүние жүзі таныды.

Жаңа мемлекеттің ордасы Сарыарқаның төрінен орын теуіп, Астанамыз   күш-қуатымыздың символына айналып, бүкіл еліміздің тұла бойына тіршілік тынысын таратып отыр. Тәуелсіздіктің ырғақты желбіреген қасиетті Туы астында Қазақстанның бүкіл халқы иықтаса, бір мақсатқа жұмылып, бір бағытқа бет алуда.

Алдағы экономикалық және әлеуметтік шыңдар «Қазақстан – 2050» стратегиясында барынша айқындалды. Бағдарламаның өзегі – еліміздің әлемдегі ең дамыған отыз мемлекеттің қатарынан орын алуы. Дүниежүзілік қауымдастықтың ең танымал ұлттарының біріне айналудың бірден-бір жолы болып отырған осынау асқаралы міндеттерді шешу ісі мемлекетіміздің ұлттық сипатына байланысты екені де сөзсіз.

Өркениетті мемлекеттердің тәжірибесіне сүйенсек, Қазақстанды көп ұлтты мемлекет деуге негіз жоқ. Мемлекеттіміздің аты біресе «Қазақ КСР» немесе «Қазақстан» деп жазылғанымен, «қазақ» деген түбірді ешкім жоя алмады. Біріншіден, осыдан алты ғасырдай бұрын осы аймақта хандық мемлекет құрғанқазақ ұлты. Бұған басқа халықтың қатысы болған жоқ. Екіншіден, қазақ америкалықтар сияқты өзге елден көшіп келмеді, осы жердің қашаннан иесі. Үшіншіден, өз тарихында талай қырғынды  көріп, бір ғасырдан кейін болса да, еліміздегі халықтың басым көпшілігі болып отырған да қазақ. Бұл жайлармен санасу қажет. Сондықтан, алдымен мемлекет құраушы ұлттың мұрат­та­ры шешілмей, ол өзіне тарих жүктеп отырған қасиетті миссияны – елдегі басқа этностардың басын біріктірушілік, ұйытқылық рөлді толыққанды атқара алмайды.

Осы бағытта ең бірінші ойға қазақ тілі оралады. Бұл – ұлтымыздың ең басты белгісі ғана емес, рухани күші де. Сол себепті Елбасымыз  ана тілімізге тұрақты көңіл бөлуде. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дегеннен артық қалай  айтуға болады? Үш тілдің бірлігі туралы айта отырып, қазақ тілі – үш тілдің бірі емес, біріншісі, негізгісі, бастысы деп атап көрсеткен жоқ па? Алайда, әлі көбімізде тәуелсіз сананың орныға қоймауы, ұлттық намыстың жетіспей жатқандағынан  осыдан 24 жыл бұрын, яғни, 1989 жылы мемлекеттік мәртебеге ие болған ана тіліміз мемлекеттіміздің бүкіл аумағында қоғамдық қарым-қатынастардың барлық саласында қолданылмай, мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізудің толыққанды тілі бола алмай отыр.

Бүгінгі жаһандану жағдайында тек бір тілмен ұзаққа бара алмайтынымызды өмір көрсетіп отыр. Бұл – қазақтың қазіргі жаһандану заманында бәсекеге қабілетті ұлт болып қалыптасуының әлеуметтік амалдары. Егер тарихымыздың төріне тереңірек зер салсақ, кейбір фарабист ғалымдарымыз әл Фараби жетпіс жеті тіл білген дейді. Ұлы ойшылдың әлемнің екі ұстазы атануы тегіннен-тегін емес қой! Кешегі дәстүрлі қазақ қоғамында өмір сүрген ұлы ағартушыларымыз – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Алаш қозғалысының жетекші Әлихан Бөкейхан да бірнеше тіл білген. Ал, бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқай әлемнің жетекші жеті тілін білген, сол тілдерде жазып, сөйлей алған.

Тәуелсіздік халқымыздың рухани дүниесінің бір тіні саналатын өзінің дәстүрлі дінімен қайта қауышуына алып келді. 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» заң қоғамдағы діни қарым-қатынастарды реттеуде жаңа бетбұрыс болды. Жалпы, діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс айқын аңғарылып отыр. Әсіресе, ислам дінінің ханафи бағытының (кейбіреулердің «ханаби бағытындағы ислам» деп жазып жүргеніндей емес)  халықтың мәдениеті мен рухани өміріндегі тарихи рөлін тану турасындағы заңдық қағиданың – қазір басқаны былай қойып, ежелгі ислам дініміздің өзі түрлі ағымдарға бөлініп, олардың арасындағы дау-дамай кейде жасырын, кейде ашық жүріп жатқанда – маңызды екеніне дау жоқ.

Дегенмен, еліміздегі діни қарым-қатынасты құқықтық жағынан реттеуді жетілдіре түсуде алда мәселелер баршылық. Қазір  елімізде 70 пайызды құрайтын мұсылмандардың – 2229 және халқымыздың 20  пайызынан астамы  бо­л­ып отырған орыстардың 280 діни бірлестігі болса, неше пайыз екені белгісіз ка­толиктер мен протестанттардың әртүрлі діни ұйымдары 500-дің үстінде болып отыр. Тіркеуден өткен еліміздегі шетелдік 237 миссионерлердің басым көпшілігі – католиктер мен протестанттар. Шетелдіктер миссионерлер заңды қатаң сақтай отырып, өз мақсаттары мен міндеттерін толық шеше алады. Оған олардың теориялық дайындықтары да, тәжірибелері де, қаржылары да жетеді. Бұл мәселелер ұлтымыздың шынайы зиялы қауымын ойландырмайды емес, ойландырады. Жалпы адамзат тарихында көп конфессиялылық тиімді бола бермеген.

Тіл де, дін де – қазақ халқының тұтастығын қамтамасыз ететін аса маңызды факторлар.  Мұны қазақ жүзге, руға бөлінбей, жерлестікке салынбай, ішкі рухани тұтастығын сақтай отырып қана шеше алады. Елбасының «Біз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз» деуінің үлкен мәні бар. Сондықтан, келешекте де халқымыздың ұлттық ділінде жатқан дәстүрлі мәдениетінің прогрессивті белгілерін – бостандық сүйгіштік, өзара адамгершілік сыйластық, ынтымақтастық және төзімділік, табиғатқа ерекше көзғарас, үлкендерге құрмет, тұрмыста өнегелі мінез-құлық, ұрпақтар жалғастығын ескеру сияқты адами қасиеттерді дамыта отырып, мемлекетіміздің ұлттық сипатын күшейте аламыз.

Тәуелсіздік тағлымы

«Тәуелсіздік», «бостандық», «еркін­дік» – жалпы адам баласы мәңгілік ұмтылып келе жатқан қасиетті ұғымдар. Тәуелсіздік әрбір мемлекеттің аса қажетті атрибуты болса, азаттық пен еркіндік – сол мемлекеттің әрбір мүшесінің асқақ арманы мен өмір сүру тәсілі.

Мемлекетіміздің тәуелсіздік сипатқа ие болғанына жиырма жылдан асса да, қоғамымызда «Тәуелсіздік» ұғымына әлі тереңдеп бара алмаудың, оның Алаш жетекшілерінің түсінігіндегі құдіретті мәнін толық игермеудің салдарынан еркін сананы қалыптастыра алмай келеміз. Баяғы құлдық психологиядан арыла алмау, өзгеге жалтақтау, басқаға жөн-жосықсыз еліктеу, саяси белсенділігіміздің әлсіздігі, рухани жұтаңдық ұлттық мәселелеріміздің батыл шешуге, ұлттық рухымызды көтеруге тұсау болуда. Осы орайда халқымыздың ардақты ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлының осыдан алпыс жылдай бұрын айтқан «Ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие, өз ұлтыңды тануға көмектеседі, ал бізге осы асыл қасиеттерді дамыта түсу қажет» деген өсиетін айта кетсек, артық болмас.

Қазір біразымызға ұлттық рухпен суарылған ұлтшылдық қасиет жетпей отыр. Тіпті, осы «ұлтшылдық» ұғымды ресми қолдануда көбіне кешегі кеңестік кездегі мағынасынан әрі аса алмай жүрміз. Өз ұлтын шынайы сүйгенді Алаш көсемдері ұлтшыл деп атаған еді. М.Әуезов 1923 жылы жазған Ыбырай Алтынсарин туралы мақаласында «Біздің ойымызша, Ыбырай барып тұрған ұлтшыл болғандықтан, өзінің сүйікті ана тілінде жазды» деген еді. Қазақ сөзінің мән-мағынасын Мұхаңнан артық біле қоймайтын шығармыз.

Осыларды ескере отырып, өз халқын шынайы сүйгенді Алаш жетекшілерінің тілімен «ұлтшыл» деп, өз ұлтын өзгеден артық санауды, яғни, ұлттық астамшылдықты «шовинизм» деген жөн болар еді. Әсілі, өз ұлтын сүйе алмаған өзгенің де қадір-қасиетіне жете қоймайды. Өз ұлтын биік санаған өзгенің асқарын көре алмайды.

Қазіргі жаһандану заманында рухани иммунитеті күшті, өз ұлтын жанындай жақсы көретін, ұлттық рухы мықты, бірақ өзге этностардың да қадір-қасиетін тани білетін шынайы ұлтшылдарды тәрбиелеу аса қажет болып отыр. Бұл бағытта барлық тәрбиенің негізі, темірқазығы болып саналатын  отбасының рөлін айрықша көтеруіміз керек. Өйткені, қоғам отбасынан бастау алған. Қазіргі қоғамдағы келеңсіз көріністердің барлығы отбасындағы шындық. Осы бір аса маңызды әлеуметтік ортаның өзінің ежелгі дәстүрінен айрылуы көп жағдайларда ұлттық тәрбиеде жүйелілікті жоғалтуға, туған тілді тұғырынан тайдыруға, жарасымды ұлттық салт-санамызды әлсіретуге әкеліп отыр.

Тәуелсіздік пен ұлттық мемлекет – егіз ұғымдар. Бірінсіз бірі бола қоймайды. Оны бүгінгі өміріміз көрсетіп отыр. Өйткені, тәуелсіздік үшін күрестің бағдары – ұлттың мүдде-мұраты екені белгілі. Сол себепті тіліміз бен дінімізді, айналып келгенде ділімізді ұлттық бұлақтың қайнарынан қандыра отырып қана бүгінімізді байытып, келешегімізді кемелдендіріп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ете аламыз. Сонда ғана  ұлтымыздың ұпайы түгел болмақ.

Әбдіжәлел Бәкір,  

саяси ғылым докторы,  профессор

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button