Жаңалықтар

«ҚАРАШАСЫ ҚАНДАЙ, ХАНЫ ДА СОНДАЙ»

 

Осыдан жиырма екі жыл бұрын, 1 желтоқсанда Қазақ елі бүкілхалықтық сайлау өткізіп, өзі-өз болып, тұңғыш Президентін сайлады. Былтырдан бері бұл айтулы күнді қазақстандықтар мемлекеттік мереке ретінде тойлай бастады.

Бұл – Елбасына деген құрметтен, оның еңбегін бағалауға деген ізгі ниеттен туындаған болатын. Өйткені, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу-даму тарихынан бастап, бүгінге дейінгі жеткен жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін ешкім жоққа шығара алмайды.

Елбасының елі үшін жасаған еңбектері баршылық. Соның ішінде мен үшін орны ерекше екі еңбегін атап өтер едім. Соның біріншісі – шартарапқа тарыдай шашыраған қазақтарды ұйыстырып, Атамекеніне алып келуі болса, екіншісі – ел астанасын Алатаудың баурайынан Сарыарқаның төсіне көшіруі еді. Бұл екі мәселенің де түп-тамырында ұлттық мүдденің жатқанын аңғаруға болады. Шет мемлекеттерде жүрген қандастарымыздың Атамекеніне оралуымен елімізде тұратын қазақтардың үлес салмағы артып, іргесін бекемдей түсті. Ана тілімізде сөйлейтін азаматтардың қатары көбейіп, ұлттық тіліміздің қолданылу аясы кеңейді.

Ал елдің жаңа астанасы ретінде бұрынғы облыс орталығы Ақмоланың таңдалып алынуы да тегіннен-тегін емес-тін. Кеңес үкіметі тұсында тың игерушілердің қонысына айналған Ақмолада жергілікті ұлтты құраушы – қазақтардың саны күрт төмендеп кеткен еді. Осы ұрымтал тұсты ұтымды пайдаланып, өз мүддесіне икемдеп қалғысы келген жат пиғылдылар да қара көрсетіп тұрды. Міне, Елбасының Астананы көшірудегі ең басты мұраты да сол, ата-баба мекеніне көз сұғын қадай берген әлдекімдердің бөтен ойына бөгет қою болатын.

Елбасының тіл біліміне, парасаттылығына да өзіміз журналист ретінде талай куә болып жүрміз. Бірде Елбасының қатысуымен өткен алқалы жиында жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі елордада жаңадан ашылатын ғимараттар туралы айта келіп: «Хан шатыры» деп қалды. Осы тұста Елбасы: «осы сендер қазақша дұрыс сөйлегенді қашан үйренесіңдер? Бұл «Ханның шатыры» дейтіндей ілік септігі емес. Дұрысы – «Хан шатыр». Атау септік бұл» демесі бар ма? Қазақшаның өзін қатырмайтын шенеунік қазақтың атау, ілік септігін қайдан айырсын? Ол тұрмақ, университетті гуманитарлық сала бойынша бітірген менің өзім қазақ тілі морфологиясын ұмыта бастаппын. Ал, Президент осы жерде мемлекеттік тілдің майын тамызып сөйлеп қана қоймай, тілдік білімі де терең екендігін көрсетті. Мемлекет басшысының тағы бір қасиеті баламен – балаша, жастармен терезесі тең адамдай әңгімелесе алатындығында. Осыған қарап, қазақша тіл сындырмайтын, кіммен кездессе де ресми бет-бейнесінен өзгермей, «қатып қалатын»  шенеунік шіркіндер Елбасынан үлгі алса ғой дейсің.

Мемлекет басшысын мақтау арқылы ұпай жинайық деген ойымыз жоқ. Біздікі шын ниет, жеке пікір ғана. Еліміздің бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес. Демек, оның әрқайсысында Елбасының қолтаңбасы жатқаны анық. Әрине, халық болғаннан кейін ала-құла болады. Кейбіреуіне мұндай саясат ұнамауы да мүмкін. Бірақ «қарашасы қандай болса, ханы да сондай». Еліміздің жетістігі – тек Елбасына ғана емес, бәрімізге байланысты. Болашағымыз жарқын, табысты  болуына әр қазақстандық үлес қосуы тиіс. Ел бірлігі – ең үлкен жетістігіміз, аялап ұстар асылымыз. Ендеше, бірлігіміз ыдырамасын, ағайын! Келе жатқан Тұңғыш Президенттің күні құтты болсын!

 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

q.togtamurat@astana-akshamy.kz

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button