ТӘУЕЛСІЗДІККЕ ТАРТУ
5 қазанда «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телеэпопеясының екінші маусымы көрермен назарына жол тартады. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған жиырма сериалды телетуындының алдын ала көрсетілімі Астанада өтті.
– Жобаның тұсаукесерін «Тәуелсіздікке тарту» деп бекер атағанымыз жоқ. Телехикаяның өн бойында екі ғасырда қос әулеттің басынан өткен түрлі тарихи оқиғалары, сол кездегі саяси жүйенің әсері көрініс табады. Ата, әке, бала деген ұғымдардың қарым-қатынасы, ұрпақтар сабақтастығы кеңінен қозғалады. Көпшілік көрерменнің ықыласы болар, отандық телехикаялардың ішінде «Ақылдың кілті. Өмірдастан» былтыр рейтингі ең жоғары жобалардың бірі болды. Сондықтан оқиғаның жалғасын түсіруде еш күмән тумады. Жобаның режиссері Мұрат Бидосов қазақ режиссерлері қолдана қоймаған ерекше тәсіл – параллелизмді сюжетіне арқау етті. Тәуелсіздікке тартуымыз бұл ғана емес. Биыл Шәмші Қалдаяқов туралы 4 сериалды көркем фильмнің тұсауын кесеміз. Ал келесі жылы Мұқағали Мақатаев пен Қажымұқан Мұңайтпасов туралы телевизиялық жобаларды ұсынамыз, – дейді «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ринат Кертаев.
Телеэпопея Абайдың «Қара сөздері» философиясы негізінде түсірілген, дегенмен ұлы ойшылдың көркем туындыларының тікелей желісіне құрылмаған.
Екі параллель сюжеттік желіде түсірілген «Ақылдың кілті. Өмірдастан» телехикаясындағы оқиға қазақтың соңғы ханы Кенесары мен елдегі көтерілістер төңірегінде өрбиді. Ал екінші тақырып – 1975 жылдан басталып, Қазақстан Тәуелсіздік алған жылдармен аяқталады. Дәстүр бойынша фильмнің соңғы нүктесі Абайдың «Қара сөздерімен» түйінделіп отырады.
Басты рөлдерде Бауыржан Қаптағай, Дархан Сүлейменов, Ербол Идрисов, Әлия Даниярова, Гүлнар Жақыпова, Виталий Купрянов секілді белгілі театр және кино актерлері ойнайды. Телеэпопеяның екінші маусымы 5 қазаннан бастап дүйсенбі-жұма аралығында сағат 19:40-та «Хабар» арнасынан көрсетіледі.
Мәдина ЖАҚЫП