Қала тіршілігі

ТӘУЛІГІНЕ МЫҢ ТОННА ҚАЛДЫҚ ШЫҒАРЫЛАДЫ



Астана қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қалдықтарды басқару және «жасыл экономика» бөлімінің басшысы Мирас Ғайсиннің мәліметіне сүйенсек, күн сайын қала аумағынан мыңға жуық тонна қатты қалдық шығарылады. Қалдықтарды шығаруға 70-тен астам техника бірлігі қарастырылған. Жалпы, қалдықтарды жинау және тасымалдау жұмыс­тары бойынша қаланың аумағы 24 аймаққа бөлінген. Ондағы 1 842 алаңда 10 477 қоқыс жәшігі орнатылған.

Қалалық әкімдік өткізген тендер бойынша қалдықтарды шығару жұмысы «Clean City NC» ЖШС-не жүктелген. Аталмыш кәсіпорын қазіргі уақытта қалдық тасымалдайтын 30 техника бірлігі мен 1000 контейнерді өз қаржысына жаңалаған көрінеді. Мамандардың айтуынша, Астана қаласы әкімдігінің бастамасымен соңғы кезде қалдықтарды жекелей жинау жұмыстары да жүргізіледі екен. Мәселен, пластик қалдықтарын жекелей жинауға 686 контейнер, пайдаланылған лампаларды жинауға 670 контейнер, ал жекеменшік секторлардағы күл-қоқысты жинауға 300 қоқыс жәшігі орнатылған. Сонымен қатар электронды тұрмыстық өнімдер сатылатын сауда орталықтарының алдында да қалдықтарды жекелей жинау қарастырылыпты.
Ал Астана аумағынан шы­ғарылатын барлық қалдықтар «Имабе Иберика» деп аталатын испан технологиясы бойынша 2012 жылы салынған қоқыс өңдеуші кешенге тасымалданады екен. Кешендегі қалдықтардың
8 пайызы сұрыпталып, қалған 92 пайызы брикеттеліп, полигонға көмуге жөнелтілетінін айтады мамандар.
– Кешеннің аумағында плас­тик пен макулатура қалдықтарын өңдеу бойынша 2 цех бар. Ал полигон екі тордан тұрады. Бірінші тор 2006 жылдан бері пайдаланылуда, оған 3,5 млн тонна қалдық сыяды. Жобаға сәйкес, бұл тордың пайдалану мерзімі биыл аяқталады. Полигонның екінші торы ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға берілді, – дейді М.Ғайсин.
Елордадағы қалдықтарды өңдеудің тереңдігін ұлғайту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы «ПрайсУотерхаус­Куперс» халықаралық консалтингтік компаниямен бір­лесе отырып, Астана қаласындағы қалдықтарды басқару бағдарламасы құрастырылған. Бағ­дарламаны дайындау барысында әлемдегі қалдықтарды өңдейтін технологияларға талдау жүргізіліп, олардың морфологиялық құрамы анықталып, Астанадағы қалдықтарды басқару жүйесін жаңарту бо­йынша ұсыныстар қаралған.

Нұрдәулет Кәкішев




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button