Елорда тынысы

«Тегін» жүретіндер тыйылмай тұр

Елордада жыл басынан бері жолақы төлемеген 900 азаматқа айыппұл салынды. Бұл туралы «City Transportation Systems» ЖШС көліктік бақылау департаменті директорының орынбасары Райымбек Қайролла мәлімдеді.

Биыл елордадағы қоғамдық көліктерде кондуктор қызметін алып тастап, жолақыны электронды түрде төлеу жүйесі енгізілгеніне 6 жыл болады. Осы уақыт аралығында автобустарда онлайн төлем жүйе­сінің жаңа түрлері пайда болып, қала тұрғындарына еш кедергісіз төлем жасауға мүмкіндік берілді. Осыған қарамастан, жолақы төлеу­ден жалтарып, айыппұл төлеп жүрген елордалықтар саны азаяр емес. Соңғы жылдардағы статис­тикалық деректерге сүйенсек, жолақы төлемейтін жолаушылар саны азаймай тұр. Көлік бақылау департаментінің қызметкерлері 2020 жылы жолақы төлемеудің 207 545 дерегін тіркеп, 3 мыңға жуық азаматқа 16 323 740 теңге айыппұл салды. Ал 2021 жылы 222 мың адам автобуспен «тегін» жүрсе, жауапсыз жолаушыларға 57 млн теңгеге айыппұл салынған.

– Біздің есеппен күніне жолаушылардың 10-15 пайызы жолақысын төлемей, тегін қатынайды. Бұл, шамамен, 90 мың адам. Енді осы 90 мыңды 90 теңгеге көбейтсек, күніне 8 миллион теңге шығады. Жылына автобус парктеріне 2,9 млрд шығын келеді. Мәселен, 2023 жылдың қорытындысы бойынша көліктік бақылау департаментінің қызметкерлері 200 мыңнан аса жолаушының жолақысын төлемегенін анықтады. Бірақ 10 мыңнан аса жолаушыға ғана әкімшілік хаттама толтырылды. Оның жалпы сомасы 70 млн теңгеден асады. Біздің қыз­меткерлер тексеріс барысында автобустың төлем жүйесін блокқа қояды. Бұғаттаған кезде жолақысын төлемеген жолаушыны анықтайды. Оның аялдамадан түсуін сұрайды. Әрі қарай 102-ге хабарласып, полиция қызметкерлерін 30 минуттан 1 сағатқа дейін күтеді. Бұл мезетте тексеруші мен жолаушы арасында дау басталады. Ал біздің қызметкерлер оларды күштеп ұстап тұра алмайды, – деді Райымбек Қайролла.

Зарина Сәрсенбайқызы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button