Мәдениет

Төкпе күйлерін төгілтті

Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясында осы өнер ұжымының «Сарыарқа» фольклорлық ансамблінің концертмейстері, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты, композитор, домбырашы Ержан Тоқсабановтың «Ержанның төкпесі» концерті өтті.

Ержан Тоқсабановтың орындаушылық шеберлігі Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүрген кезінде-ақ жоғары бағаланды. Дарынды музыкант Нұрғиса Тілендиев атындағы және Есір Айшуақұлы атындағы республикалық байқауларда топ жарды. Оның таланты күйші-ұстаз, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтағанның «Серпер» домбырашылар ансамблінде кең көлемде ашылды.

«Ержанның төкпесі» кеші композитор шығармасының атымен аталады. Бұл – «Сарыарқа» ансамблінің алғашқы көркемдік жетекшісі Нұрлан Хамзиннің жоғары бағасына ие болған автордың алғашқы шығармасы. Содан бері Ержан Тоқсабанов көптеген күй жазды.

«Сарыарқа» ансамблінің көркемдік жетекшісі, мәдениет саласының үздігі Тоғжан Жахиннің айтуынша, Ержан Тоқсабанов – ұжымның жан-жақты шығармашыл тұлғасы. «Оның шығармалары өз мәдениетіне, салт-дәстүрі мен тарихына деген шынайы сүйіспеншілікке толы. Ержан Тоқсабановтың көптеген шығармаларына рухани әуезділік, темперамент және нәзік лирика тән. Менің сүйікті туындым – «Бала Ертіс» шығармасы. Онда Алтай өлкесінің табиғатын, батырларымыздың шынайы рухын, қазақ қыздарының сымбатын бейнелейтін бейнелерді көремін. Ержан Тоқсабановтың «Сыр толғау», «Оспан батыр», «Тұғырлы ел», «Құландар», «Заман-ай», «Ортеке», «Ержанның төкпесі» сияқты шығармалары еліміздің фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің репертуарына енетініне сенімдімін».

«Ержанның төкпесі» концерті ­Ержан Токсабановтың жан-жақты шығармашылығымен қатар педагогикалық қырын да ашты. Концертте оның шәкірттері – «Дарын» домбырашылар ансамблі өнер көрсетті.

Кеш барысында Ержан Тоқсабановтың «Бала Ертіс», «Сыр толғау», «Қамыс самар», «Желдірме», Есірдің «Ақжарма», Қазанғаптың «35 жасар Балжан әйел», Өскенбайдың «Бұлбұл Ақжелең», Түркештің «Байжұма», Құрманғазының «Терісқақпай» шығармалары орындалды. «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі, «Серпер» (көркемдік жетекшісі – Бекайдар Қалиев) және «Дарын» (көркемдік жетекшісі – Ержан Тоқсабанов) домбырашылар ансамбльдері, «Шалқыма» халық би ансамблі (көркемдік жетекшісі – «Құрмет» орденінің иегері, Мәдениет қайраткері Әбдірасул Есекеев) қатысты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button