Мәдениет

ТӨРЕ ӨНЕР ТӨРГЕ ӨРЛЕДІ



ERA_6872

Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен Конгресс-холда «Текті сөздің төресі» атты термешілер байқауы өтті.

Аталған байқауда еліміздің барлық өңірінен келген талапкерлер өздерінің төл туындыларын халық алдында орындап, бақ сынасты. Жүйрік 32 өнерпаздың арасынан іріктеліп, байқауға 10 термеші жіберілді. Жыр жарысына қатысушылар  ана тіліміздің абыройы мен «жер кіндігі – Ұлытау» туралы асқақ ойларын дүйім жұртқа паш етті. Мәңгілік ел идеясының қадір-қасиетін жырлады. Қатысушылардың өнеріне баға берген қазылар қатарында Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, белгілі театр сыншысы Әшірбек Сығай сынды айтулы азаматтар болды. Сахнаға шығар алдында қатысушыларды әңгімеге тарттық. Араларында толқып, киелі сахнадан қаймығып тұрғандары көп болды. Сайыстың мақсаты жайында қатысушы Ерболат Шалдыбеков: «Жалпы қазақтың қазақ болып қалыптасып, бүгінгі таңға дейін өсіп-өркендеуіне бірден-бір себеп өзінің жеке басындағы жетік қасиеттерді бағалауында  деп білемін. Ұлт болғанымыз, жеке дара ел болғанымыз тіліміздің асқақ абыройымен тікелей байланысты. Сол себепті, өткелі тұрған термешілер байқауы – халыққа қашанда үлгі-өнеге» дейді. Ал, Астана қаласының атынан өнер көрсеткен Зағипа Иманғазиева: «Текті сөздің төресі – терме» деген атаудың өзінде үлкен философиялық ой, ұрпаққа үлгі болатын тәрбие жатыр. Жыр бәйгесінің мақсаты ұлт кіндігі саналатын Ұлытау төрінде туған ұлы ойларға арналады» деп өз пікірін білдірді. Залға жиналған көрермендердің басым көпшілігі – орта жастан асқан адамдар. Соған қарамастан әр жыршының өнері бағаланып, көрермен қиқумен сайыс көркін қыздырып отырды. Жарыс бар жерде жүлде қатар жүреді. Конгресс-холл сарайының алдында тұрған сайыстың жаңа автокөлігі өткен-кеткенді елең еткізбей қоймады. Бұдан басқа тағайындалған 2 миллионнан астам қаржыны мәре сызығына бірінші болып жеткендер бөліп алды. Ал қалғандары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. «Ең үздік орындаушы», «ең үздік мақам», «ең жас термеші» деген номинация иегерлері де анықталды. Атап айтқанда, жүлде қоры 500 мың теңгені құрайтын III орын Ерболат Шалдыбековке тиді. II орынға тігілген 750 мың теңге Серік Орынбекұлына бұйырды. Бірінші орын иегері ретінде бір миллион теңгені Алмат Исламғалиев қанжығасына байлады. Доданың басты жүлдегері ретінде Елмұра Жаңабергенова танылып, автокөлікті еншіледі. Термешілерден бөлек эстрада жұлдыздары ән айтып, халыққа қуаныш сыйлауға тырысты. Халық арасында, «домбыраның үнін тыңдауға келгенде, эстраданы неге қосасыңдар» деген де наразы дауыс естіліп жатты. Жалпы жарыс көпшіліктің көңілінен шыққаны халықтың ынта-ықыласынан сезіліп тұрды.

Бағлан Оразалы

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button