Басты ақпаратҚұқық

Тұрғындардың қауіпсіздігі маңызды

Мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, меншік иелері бірлестігінің (МИБ) жетекшілері үй мүлкін қорғау және өрт қауіпсіздігінің алдын алу тақырыбындағы дөңгелек үстелде өзекті мәселелерді талқылады.

Мүлік иелері бірлестігі орталығының директоры Гүлвира Әбетованың сөзінше, бұл – осы тақырыпта өткізіліп отырған екінші дөңгелек үстел.

– Тұрғын үйлердің техникалық қабаты мен жертөлесінде орналасқан заңсыз орындарды шектеу, есірткінің таралуы мен вандализмнің алдын алу маңызды. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау, рұқсат етілмеген аумақта темекі шегу, дөрекі мінез-құлық көрсетуде бірлесе атқаратын іс-шаралар туралы ақылдасу үшін жиналып отырмыз, – деді Гүлвира Абетова.

Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы ұйымдастырған іс-шара ашық пікірталасқа ұласып, құқық қорғау саласының басшыларына сұрақтар қойылды.

МИБ басшысы Динара Серікбайдың айтуынша, Нұра ауданындағы тұрғын үйлердің көбісіне полиция қызметкері бекітілмеген, сондықтан олармен кері байланыс орнату тиісті деңгейде емес. Қала тұрғыны Зәуреш Әбдиева «Өзіміздің тұрғын үйге қанатқақты жоба ретінде IP-панель орнатып, ұрлық пен вандализмді азайттық» деді.

Дөңгелек үстелге қатысушылар тұрғын үй аумағындағы велосипед пен қол арбаның жиі ұрланатынын, автотұрақтарда бірнеше айдан бері жүрмейтін көліктер көп екенін, олар тазалау кезінде кедергі келтіретіні сөз болды.

Меншік иелері бірлестігінің жетекшілері тұрғын үй аумағындағы заңсыздықтар анықталып, айыппұл салынса, мәселе өзінен-өзі шешілетінін айтып, полиция және төтенше жағдайлар қызметінің басшыларын батыл шешім шығаруға шақырды.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button