Басты ақпаратҚоғам

Киноның күйі қандай-ды?

Қазақтың кино өндірісі тәуелсіздіктің алғашқы жиырма жылында құлдырап барып, қайта жандана бастады. Ұлттың руханиятына қызмет ететін картиналар бірінен соң бірі дүниеге келе бастады.

Мемлекеттік телеарналар осыны түсінді ме, тарихи сериалдар түсіріп, көркем фильмдер жасауға кірісті. Бұл сөзімізге дәлел ретінде еліміздің кинотеатрларында аншлагпен өткен «Оян, қазақ!» фильмін айтуға болады. Барымызды бағалау, әрине, дұрыс. Бірақ өкінішке қарай, отандық кино өндірісінде әттеген-айлар да кездеседі.

Жауыр тақырып. Тың кейіпкер

Қазір жас режиссерлердің кино өндірісінде зор ізденісін байқау қиын емес. Әйтпесе кинотеатрларда көрсетілген кинолардың тең жартысы тек той туралы, келін туралы немесе әзіл-оспақ айтылған сатиралық бағыттағы фильмдер екеніне ілгеріде сараптама жасап, сынаған болатынбыз. Арзан күлкі, қарт адамдарды не болмаса әйелді оспақтаған одыраңдаған киноларымыздан халық шаршап кетті. Бірақ 2023 жылы қазақстандық кинопрокатта жаңа рекордсмен пайда болды, ол – Дариға Бадықованың «Таптым-ау сені» дебюттік продюсерлік жобасы. Фильм үйлену тойының тақырыбына арналғанмен, көрермендерге ұнайтыны соншалық, ол қазір голливудтық мюзикл – Вилли Вонканың Тимоти Шаламетпен бірге түскен фильмінен де артық кассалық түсім жинады. Әнуар Матжановтың идеясы бойынша түсірілген «Таптым-ау сені» жаңа комедиясы өткен жылдың желтоқсан айының басынан бастап отандық кинопрокат бойынша guilty pleasure санатындағы көп қаралым жинаған комедияға айналды. Халық не үшін барды деп ойлайсыз? Картинаны көрген көрермен ретінде айтарым, әрине, зиялы қауым, киносыншылар тарапынан бұл фильмге тағылар сын көп – анайы, боқтық сөздер, оспадарсыз әзілдер қолданылады, кейіпкердің физиологиялық болмысы жиі сөз болады, ішкі, сыртқы мәдениетке қатысты әдейі көрсетілген олқылықтар арзан күлкімен көрсетіледі. Дегенмен қарапайым ауыл қызының, әкесінің орнына үйдің асыраушысына айналған арудың арман-мақсаты, мұңы оңаша қалған сәттерде музыкамен әрленіп, қоғамдағы кей шындықты айқын көрсетеді.

– Біздің көрерменнің ең бас­ты міні неде? Көру қабілетінің жоғында. Қарап тұрып көрмейді. Көрерменнің көру қабілетін ояту керек, көзін тәрбиелеу керек. Көрермен ойдың жалқаулығынан арылу керек, ойланып үйренуі керек, – деген еді ілгеріде жазушы, күйші Таласбек Әсемқұлов.

Кішкентай болса да көрерменге ой салса, жаманнан жиреніп, жақсыға ұмтылса, киноның да мақсаты орындалғаны. Әрине, мұны орта сападан да төмен, профессионал әдептен жұрдай деп жаға жыртуға дейін айтысуға болады. Ақшаң болып, күшің жеткеннен түсірген фильм емес, өзің ғана емес, өзге де түсінер фильм болғанға не жетсін шіркін?! Бұл ретте «Таптым-ау сені…» комедия­сы күлдіре отырып жылатады, себебі ішінде халықтың қарапайым өмірі, тыныс-тіршілігі бар.

Дәстүрге қарсы «Дәстүр»

Мойындау керек, бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы егемен елдің режиссурасы кешегі тоталитаризм заманында, шектеулі кеңістікте «Қыз Жібек», «Менің атым Қожа» секілді небір шедеврлерді дүниеге әкелген режиссерлерден әлдеқайда қалыс қалып тұр. Мәселе тек қаржыға ғана емес, мұнда көңіл күйдің, осы жүйенің толығымен тығырыққа тірелуінде дер едік. Әртістің шеберлігімен шығарманы шедевр ету – ескі тәжірибе, баяғы стереотиптермен қалу ұшпаққа шығара қоймасы анық. Кемел туынды көпке де, сол көптен өресі биік талғампаз жандарға да ортақ дүние емес пе?!

Ескінің алыстап, жаңа ұрпақ өз жолын іздей бастаған өліара шақта дүниеге келген кинолар көбейіп келеді. Жақсы ізденісі бар фильмдер бар, жоқ емес, соңғы уақытта рекордтық қаралым жинаған «Дәстүр» фильмі, расымен, көрерменді дүр сілкіндірді. Мақтаушылардан даттаушылар көп. Неге? Әрине, фильмде нәзік жанға жасалған зорлық-зомбылық, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, ақшаға сатылған ар мен намыс, жемқор жүйе, қолшоқпар-полиция, жынмен айқасқан имам – бәрі мистикалық әлдебір сценарий бойынша жүреді. Шынында да, сыншылар жазғанындай, фильмнің атауы тек жарнама жасау үшін қойылғандай. Үлбіреген жас қызды зорлау, қылмыскердің үлкендердің «ақылымен» қыз­ға үйленуі, Диананың өзіне қол салуы, адам өмірін саудаға салу – ешқайсысы да қазақтың салт-дәстүріне ешқандай қатысы жоғы, ата-баба дәстүрін қазіргі қоғамдағы ащы шындықты айта отырып, бар кінәні, бар күнәні қайдағы жынға аудара салуы барып, көрген жанды шошытты. Өмірімде жан дүниеме осыншалық ауыр салмақ салған, психологиялық тұрғыдан соққы алған картина жоқ екен.

– «Дәстүр» фильмі – мазмұны мен айтар ойы, мәні мен мағынасы жағынан қоғамға кері әсер ететін, драматургиясы қисынсыз, кино тілі тұрғысынан стилистік эклектикаға толы фильм. Бұл ешқандай да қоғамды сынға алатын немесе ой тастайтын фильм емес. Дін атын жамылған теріс ағымды уағыздайтын аталған дүние – бүгінгі таңдағы өтімді тақырыптарды жалаулатқан профанация. Кез келген туынды, әсіресе кино – адамның сана-сезіміне әсер ететін алпауыт күш. Сол себепті де авторлар көрерменнің назарына нені және қандай мақсатта ұсынып отырғанына мұқият қарап, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінгені абзал. Оқиға желісінің жындармен шайқасқа түсетін жерінен бастап зорлық-зомбылық мәселесі ұмытылып, фильмнің желісі басқа арнаға бұрылады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Алайда фильмдегі жан түршігерлік сахналар домбыраның үнімен сүйемелденіп, қастерлі аспабымыздың күмбірі фильмде жауыздық пен қасіреттің символына айналған. Ал Аятул-күрсі сүресі сол жамандықтан құтқаратын жалғыз жол ретінде көрсетілсе, зұлымдықтың күрескері ретінде молда бейнесі алдыңғы планға шығарылған. Мұндай пайым ислам дінінен білімі таяз адамдардың санасын астарлы аяттар мен хадистерді тікелей қабылдайтын салафизм идеологиясына еліктіріп, теріс ағымның тозақтан сақтайтын жалғыз жол екеніне иландырады. Осылайша, сана-сезімі әлі қалыптасып үлгермеген, ақ пен қараның аражігін ажырата алмайтын жас буынның, демек фильмнің тікелей аудиториясының миын улап, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздан барынша алшақтата түсері сөзсіз, – деді кинотанушы Дана Әмірбекова әріптестерімізге берген сұхбатында.

Әрине, кино өндірісіне жаңа толқын келді, жаңа тұлғалар танылып жатыр. Заманына сай жарнама жасап, кинотуындыға көп қаралым жинап, сату керек, материалдық игіліктер де бар. Бірақ ұлттың дәстүрін, өнерін, намысын аяққа таптап, жиіркенішті әрекеттерді көрсетіп, имандылықты емес, діни фанатизмді насихаттаған кинотуындының сарапшылар тарапынан сүзгіден өтпегені ме, сонда идеологияны қадағалайтын, діни экстремизмді, зорлық-зомбылықпен қарсы күресетін құзыретті органдар ел экрандарына фильмді көрсетіп қойып, жастар санасы улансын дей ме екен, соны түсінбедім.

Қуатты насихат құралы

Сұрақ көп, жауап жоқ. Біздің қазіргі қоғамның сиқы – осы. Кино – тәрбие құралы. Он мектеп, он университет бере алмағанды бір фильм бір-ақ көрінісімен жеткізеді. Өнердің құдіреті де сонда. Кез келген фильм адамды қиындықпен қатар келетін жақсылыққа, ізгілікке бастайтын жол болуы керек. Жастарды жақсы іске, ізгі амалға бастамайтын, әкесі мен қызы қатар отырып көре алмайтын фильмдер бізге қажет пе?

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button