Басты ақпаратЕлорда тынысы

Туристерге елорда тартымды ма?

Астананың әлеуметтік-экономикалық өмірін­дегі соңғы жылдардағы өзгерістер туризм
саласын шапшаң дамытуға мүмкіндік берді. Турис­тердің елордамызға деген қызығу­шылығы осы саланың жақсы көрсеткіштерімен дәлелденді. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында туристер саны 29%-ға артып, бас қалаға 600 мыңнан астам адам келген.

Бас қалаға ин­вестициялар тарту және елорда туризмін дамыту саласында «Астана даму орталығы» ЖШС жүйелі жұмыс істейді. Елордаға туристердің келуі үшін барлық инфрақұрылымдық мүмкіндік жасалған. Атап айтқанда, Орталық Азияда ең қуатты болып танылған заманауи әуежай, екі теміржол вокзалы мен сапаржай бар. Қаладағы халықаралық әуежайда 29 бағыт бойынша әлемнің 15 еліне тікелей рейстер ашық. Сол арқылы туристерді қабылдаудың негізгі орталығы саналады. Осы жылдың 9 айында ұшақпен қатынаған жолаушылар қатары 28%-ға, ал теміржолда жолау­шы ағыны 17%-ға ұлғайды. Туристердің жайлы тұрақтауы үшін қалада әртүрлі категория­лы 229 қонақүй бар. Соның ішінде әлемдік бренд саналатын ірі қонақүйлерге сұраныс көп.

Қолайлы жағдай жасалған ба?

Елорданың пайдалы инфрақұрылымы туралы айтатын болсақ, қалада құрылған жаяу жүргіншілерге бағдарлаудың бірыңғай жүйесі – негізгі элементтердің бірі. Қала қонақтары мен тұрғындары 105 навигация­лық тірек пен 138 белгі арқылы елорда бойынша маршруттарды оңай құрастыра алады және қаланың көрікті жерлері, сондай-ақ қалалық қызметтердің барлық қажетті байланыстары туралы үш тілде ақпарат алады.

Қандай да бір елге барғанда, көптеген турист қызықты маршрут жасауға, қаражат үнемдеу­ге, баратын жерлері туралы пайдалы мағлұматпен қанығуға мүмкіндік беретін мобильді қосымшаларды орнатып жатады. Ал Астанада саяхаттауға тиімді мобильді қосымшалардың бірі – izi.TRAVEL. Оған кез келген турист қаланың бірқатар көрікті жерлерінің маңдайшаларында көрсетілген QR кодын пайдаланып кіре алады. Халықаралық платформада орналастырылған 167-ден астам аудиоэкскурсия көпшілікке қолжетімді. Елорданың тарихи-мәдени объектілері туралы ақпарат қосымшада 6 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай және түрік) беріледі. Сонымен қатар CityPass туристерге арналған бірыңғай картасы арқылы астананың 11-ден астам нысанына арнайы белгіленген баға бойынша еркін кіруге болады.

Бас шаһарға келген әрбір туристке ыңғайлы болуы үшін қалада туристік ақпараттық дүңгіршектер (Халықаралық әуежай және «Бәйтерек» монументінде) жұмыс істейді. Ақпараттық дүңгіршектерде Z-картаны, «AstanaOfficial Guide» бойынша нұсқаулықты тегін алуға және елорда қонақтарын қызықтыратын көрікті жерлер, іс-шаралар, экскурсиялық маршруттар, ойын-сауық орындары, қонақүйлер туралы барлық қажетті ақпаратты алуға болады.

Іскерлік туризм әлеуеті қандай?

Қай жағынан алып қарасаңыз да, астананың іскерлік туризмді дамытуға қажетті мүмкіндігі бар. Елорданың ауқымды әлемдік шаралар мен көрмелер өткізетін іскерлік орталық ретіндегі келбеті жыл өткен сайын нығайып, мыңдаған адам Астанаға әртүрлі көрмеге, конференция мен семинарға қатысу үшін, яғни іскерлік мақсатпен келеді. Жаһандық деңгейде «meetings, incentives, conferences, exhibitions» деген ұғымдар бар, бірігіп олар MICE деп аталып, іскерлік туризм бағыты болып танылады.

«Астана даму орталығы» ЖШС – конгрестер мен конфе­ренциялардың халықаралық ассоциациясының (ICCA) мүшесі. Халықаралық ұйымдардың іс-шаралары елімізге биддинг арқылы тартылады. Оған қатысу арқылы елордада INQAAHE Conference 2023, THE BIZZ  Eurasia2023, 17th Asian Regional Geotechnical Engineering Conference  секілді маңызды іс-шаралар өткізілді.  Бүгінде туризмнің имиджін қалыптастыруда цифрлы технологиялар, нақтырақ айтсақ, әлеуметтік желілер қарқынды дамып жатыр. Туристердің түрлі агенттіктерге назарын аудартуда әрі медиа арқылы көпшілікті қызықтыруда бұл құрал тиімділігін көрсетіп отыр. «Visit Astana» – туристік бренд. Қазіргі уақытта цифрлық кеңістікте 10 миллионнан астам адамды қамтитын 5 ақпарат арналары қызмет етеді. Олардың қатарына туристерге арналған «Visit Astana» электронды сайты жатады. Сайтта турист өзіне қажетті барлық ақпаратты тауып, сонымен қатар бос уақытын жоспарлай алады.

Сондай-ақ жақында елордада комикстер, кино, бейне ойындар, аниме және заманауи поп-мәдениет индустриясының өкілдері бас қосқан Comic Con Astana 2023 халықаралық фестивалі өтті. Бұл іс-шара 81 мыңнан астам келушілердің, соның ішінде Ресей, Әзербайжан, Корея, Қытай және басқа елдерден келген 3 мыңнан астам шетелдік қонақтарды біріктірді. Олардың басым бөлігі – жастар. Осылайша халықаралық фес­тиваль елорданың оқиғалы туризмді дамыту саласында нәтиже көрсетті.

Әлемде туризмнің осы түрінен қыруар табыс тауып, ұлттық экономикасын өркендеткен елдер мен қалалар көп. Сондықтан қазірден бастап бас қалада халықаралық авиарейстердің санын арттыру, ірі халықаралық фестивальдер мен жарыстар өткізуді жоспарлау, қаланы туристер үшін тартымды және жайлы ету кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болмақ.

Медициналық туризмге мән беріледі

Елорданың медициналық туризмді дамытуда артық­шылығы басым. Бас қалада әлемнің соңғы технологиялық жетістіктерімен жабдықталған медициналық мекеме көп, соның арқасында әсіресе кардио, онкология және нейрохирургиялық көмек көрсету ісі қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанда медицинада «алтын стандарт» саналатын JCI (Joint Commission International) Халықаралық аккредитациясын алған 9 емхана бар болса, соның 7-еуі Астана қаласында орналасқан. Мысалы, бас қаламыздағы Республикалық диагностикалық орталық, Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы, Балаларды оңалту ұлттық орталығы, Онкология, трансплантология ұлттық ғылыми орталығы секілді емдеу меке­мелеріне медициналық туризмді дамыту бойынша үлкен үміт артылып отыр. Рес­публи­­калық диагностикалық орта­лықта Қазақстандағы жалғыз ПЭТ орталық жұмыс істейді. Қазақстандағы ең ірі меди­циналық зертхана да осында. Ал Балаларды оңалту ұлттық орталығында кешенді түрде медициналық, әлеуметтік және педагогикалық оңалту қызметтері ұсынылады. Астана қаласы мен жалпы Қазақстан үшін медициналық туризм донорлары – ТМД елдері және Қытай мемлекетінің өкілдері.

Медициналық мекемелерде баға саясаты бойынша бәсекеге қабілетті қызметтің алуан түрлілігі ұсынылады, себебі ол әлемдегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Медициналық ұйымдарда шетелдік азаматтарға диагнос­тикадан (check-up – ағзаны толық тексеру) бастап, жүрекке, омыртқаға және миға жасалатын операциялар сияқты жоғары технологиялық медициналық қызметтерді қоса алғанда, күрделі операцияларды жүргізуге дейінгі қызметтер ұсынылады. Бас қалада экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКҰ) қызметіне шетелдіктер тарапынан сұраныс­тың арта түскені байқалады. Мәселен, 2022 жылы елорданың медициналық ұйымдарына Қырғызстаннан 900-ден астам адам, Өзбекстаннан 254 адам, Ресейден 92 адам, АҚШ, Канада, Қытай, Түркия және т.б. елдерден 41 адам осы ЭКҰ бойынша жүгінді. Цифрлы кеңістікте медициналық туризмді ілгерілету үшін Med-Tourism.kz алғашқы медициналық нұсқаулық сайты іске қосылды. Сондай-ақ Астананың алғашқы медициналық каталогы шығарылып, ол республикадан тыс жерлерде таратылады.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button