Басты ақпарат

Үлескерлер мәселесі қалай шешіледі?

Елордадағы түйткілді мәселелердің бірі – «сақалды» құрылыстар. Қазір қалада осындай 29 нысан бар. 10 344 үлескер осы үйлердің құрылысының аяқталуын күтіп жүр. Түнеугүні қала активімен өткізген жиында Астана әкімі Бақыт Сұлтанов осындай мәліметтерді келтірді. Әкімдік үлескерлер мәселесін түпкілікті шешу мақсатында 2022 жылдың соңына дейін барлық проблемалық нысандардың құрылысын аяқтау жөніндегі Жол картасын дайындаған. «Бұл құжат дәлме-дәл экономикалық есептерге негізделген. Көп ұзамай біз үлескерлер мәселесіне нүкте қоямыз» деді сол отырыста қала басшысы.

«Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырады

Үлескерлер мәселесін шешуде елорданың мол тәжірибесі барын білеміз. Мысалы, өткен жылы 36 «сақалды» құрылыс нысаны «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасына енгізілді. Яғни олардың барлығы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып бітіп, қолданысқа беріледі. Алайда елорда халқының саны жыл сайын қарқынды өсіп келеді. Болжам бойынша 2030 жылға қарай 2 миллионнан астам, 2050 жылы 3 млн тұрғыны бар қалаға айналады. Сол себептен қала билігі үлескерлер мәселесін 2022 жылы түпкілікті шешуді ойластырып отыр.
Осыған орай, елордада сә­ті­мен іске асырылып жатқан «Нұр­лы жер», «7-20-25» бағдарламаларының қолжетімділігін арттыруға ерекше назар аударылуда. Муниципалды қызметтерге қажетті мамандарды тарту мақсатында баспана алу үшін алғашқы жарнаны төлеуге білім беру, денсаулық сақтау және полиция қызметкерлеріне 1 млн теңге көлемінде әлеу­меттік көмек беруге қаражат бөлінгені мәлім. Бақыт Сұлтанов 2018 жылдың соңында сертификат түріндегі алғашқы 100 жәрдемақының бөлінгенін, 2019 жылы осындай 2000 сертификат берілетінін мәлімдеді. Бұл қадам да үлескерлер мәселесін болдырмауға жағымды жағынан әсер етеді.

«Сақалды» құрылыстардың иесі кім?

Қазіргі кезде бас қаладағы 29 нысанға тексеру жұмыстары жүргізілген. Жол картасында олардың әрқайсысы бойынша жұмыс жоспары жасалған. Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, «сақалды» құрылыстардың мәселесі бойынша жұмыстар жоспардағы тәртіппен жүргізілуде. Мысалы, проблемалық нысандар мердігерлерінің бірі – «Азбука жилья» құрылыс компаниясы. «Азбука жилья» нысандарына қатысты нақты шешімдер қабылданған. Тоқтап қалған нысандарды салып бітіретін басқа мердігер анықталып, сонымен келісімшарт жасалмақшы. Қалалық әкімдікте өткен аппараттық жиналыста қала басшысы Бақыт Сұлтанов құзырлы мекемелерге «Азбука жилья» нысандарына байланысты 25 қаңтарға дейін жобалық-сметалық құжаттарды дайындап, мемлекеттік сараптаманы алуға тапсырма бергені мәлім.
Жергілікті билік «Аси» компаниясының нысандарына қатыс­ты мәселелерді «Самұрық-Қазына» АҚ-пен бірлесіп ше­шуді ұйғарыпты. Әкімнің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның айтуынша, жоспар бо­йынша алдағы 4 жылда 35 үй бұзылып, 750 тұрғын басқа баспанаға көшірілуі керек. Алайда алдын ала жасалған талдау бойынша бұзылған үйлердің тұрғындарын қоныстандыруға 1 мыңға жуық пәтер қажет. Демек, төрт жылда кем дегенде 150 тұрғын үй бой көтеруі тиіс.
Үлестік құрылыс нысандарының ағымдағы ахуалы жөнінде әкімнің алдында баяндама жасаған Сергей Хорошун соңғы екі аптаның ішінде ведомствоаралық комиссияның отырыстарында 28 нысанның жай-күйі қарастырылғанын мәлімдеді. Кейбір нысандарға қатысты тұрғын үй құрылыс компания­ларының өкілдерімен бірге құрылыс алаңында бірнеше мәрте кездесулер өткен. Әкімнің бірінші орынбасарының мәліметі бойынша 6 «сақалды» құрылыстың екеуінде – «Гарант» тұрғын үй кешені мен «Жеті жол» тұрғын үй кешенінде құрылыс жұмыстары басталған. Өйткені мердігер нысандарды қабылдап алыпты.
«Алдағы екі күнде тағы екі нысан – «Айсанам де люкс» және «Садовые кварталы» тұрғын үй кешендері бойынша мемлекеттік экспертиза қорытындысын аламыз. Осы компанияның үш нысанына («Айсанам де люкс», «Комфорт», «Садовые кварталы») байқау жариялау үшін қаржылық моделін жасауға қатысты жұмыстарды да қоса жүргізіп жатырмыз. Ендігі қалғаны – «Комсомольский» тұрғын үй кешенінің мәселесі. Бұл нысанға қатысты экспертизаның қорытындысын ақпан айының ортасында алуды жоспарлап қойдық. Осылайша «Азбука жилья» компаниясының «сақалды» құрылыстарына қатысты мәселені толықтай шешеміз» деп түсіндірді істің мәнісін Сергей Хорошун.
Сәл шегініс жасасақ, «Азбука жилья» компаниясының үлескерлеріне қатысты түйткіл 2016 жылдан бері жалғасып келеді. Сол кезде аталған компанияның топ-менеджерлеріне қатысты сот үкімі шығарылған болатын. Сол уақыттан бері қала әкімдігі нысандардың ахуалын бақылауына алып, оң шешіп отырғаны қуантады.

Заңға енгізілген өзгерістер

2016 жыл демекші, үш жыл бұрын, 2016 жылдың 10 қазанында «Тұрғын үй құрылысындағы үлестік қатысу туралы» жаңа заң күшіне енді. Шыны керек, 2006 жылы қабылданған ескі заң үй сатып алушыларды алаяқтардан қорғай алмайтын еді. Соның нәтижесінде мыңдаған үлескер наразылық акцияларын өткізіп, билік пен қоғамның назарын күрделі мәселеге аударуға ұмтылатын. Жаңарған заңда үй салушылардың жауапкершілігі күшейтіліп, үй сатып алушыларға бірқатар кепілдіктер берілді. Біріншіден, бұл салаға жаңа бір ойыншы келіп қосылды, ол – «Бәйтерек» ұлттық холдингінің қарамағына кіретін Кепілдік беру қоры. Осы мемлекеттік орган тұрғын үй құрылысының аяқталуына кепілдік береді және үлескерлердің заңдық мүдделері мен құқықтарын қорғайды. Яғни үй салушы компания осы қордың келісімін алғаннан кейін іске кіріседі. Екіншіден, үлестік құрылысқа қатысатын екінші деңгейдегі банк бой көтеретін үйге үлескерлердің қаражатын аудармай тұрып, қаңқасының салынғанын қадағалайды. Үшіншіден, үлестік қатысу туралы ке­лісімшарт үйдің қаң­қасы салынған соң бірақ жасалады. Өз қаражатына қаңқаны тұрғыз­ған үй салушы мен өкілетті компания әкімдіктен үлескерлердің қаражатын тартуға рұқсат алады. Сонымен қатар, үй салушы компанияға қатаң талаптар қойылатын болды. Ол осы салада кем дегенде үш жыл жұмыс істеп, республикалық маңызы бар қалаларда 18 мың шаршы метр жерге үй салуы тиіс. Және соңғы 2 жылда шығынсыз қызмет еткендігі ескеріледі.

Сарапшылар не дейді?

Жаңа заң туралы отандық сарапшылардың пікірі бір-бірімен ұқсас. Мысалы, журналист Игорь Неволин салынып жатқан үйлер туралы мәліметтің жоқтығын, тек үлестік құрылыс рұқсат етілген үйлер тізімі ғана бар екенін айтады. «Өйткені әлі де көптеген үй салушы компания заңды «айналып» өтеді. Астанада Кепілдік беру қорының рұқсатын алған, банктен кепілдік алған компаниялар үй салып жатыр. Алайда шынайы ахуалды зерттеп көрсек, әлі салынбаған үйлер де сатылымға шығарылады. Оны біз «Крыша.kz» сайтындағы хабарландыруға телефон шалу арқылы анықтадық. Осындай сұрау салсаң, көптеген үйлер шығады. Ал олардың толық салынып бітуіне кім кепідік береді?» дейді И.Неволин. Тұрғындардың әлі салынбаған үйлерге қаражат салуының бір себебі – құнының арзандығы. «Әлі салынбаған нысандағы пәтер өте арзанға түседі. Ал пайдалануға берілетін дайын пәтерлер қымбат болады. Сол себептен адамдардың көпшілігі арзан пәтерге жүгіреді. Бірақ олар нарықта сондай бағада үйлер жоқ екенін кейін біліп, бармақ шайнап жатады. 2016 жылы қабылданған жаңа заңда алаяқтарға алданғандардың не істейтіні жазылмаған. Тек халықтан қаражат тартудың үш жолы көрсетілген» дейді сарапшы.
Қазақстандық жылжымайтын мүлік қауымдастығының президенті Ермек Мүсірепов көп компаниялардың заңға сәйкес жұмыс істемейтінін, соның салдарынан сапасыз үйлерді пайдалануға беретінін айтады. «Бірінші мәселе, тұрғын үй құрылысына салынған қаражатқа толық кепілдік берілмейді. Өйткені қазір еліміздің нарығында қызмет ететін компаниялардың 5-7 пайызы ғана заңға сәйкес келеді. Қалғандары тіпті үлестік құрылыс терминіне де жатпайды. Азаматтардың опық жеп, алданып қалатын себебі – сол. Екіншіден, құрылыстың сапасы деген мәселе бар. Мысалы, қазір үй салушылар мен девелоперлердің тек 50 пайызы ғана әр санаттағы құрылыс талаптарына жауап береді. Қалғандары сапасыз үйлер салуда. Көбінесе бұл – «бір күндік» фирмалар. Үй салу бір басқа, оны пайдалануға бергеннен кейінгі жағдай бір басқа. Мысалы, Астанада жаңадан салынған үйлердің бір жылдан кейін сыртқы қаптамасы ұшып жатады. Бұл құрылыс сапасының төмендігін көрсетеді. Азаматтар пәтердің ішкі бөлігіне назар аударып, сыртқы жағын ұмыт қалдырады. Бұл дұрыс емес. Үйдің сыртқы бөлігі де оның құнына сай болғаны жөн. Бұлардың бәрі – әр адамның қауіпсіз, жайлы, сапалы үйде өмір сүруіне қажетті нәрселер» дейді ол.
Сарапшылардың ой-пікірінен түйгеніміз, халыққа үлестік құрылыс туралы жаңа заңның нормаларын кеңінен түсіндіру керек. Екіншіден, арзан үйлерге жүгірмей тұрып, нысанды тұрғызатын компания жөнінде мол мағлұмат жинаса құба-құп болар еді.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button