Басты ақпаратЕл тынысы

Ұлттық валюта айналымға қашан енді?



Ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссия 1993 жылғы 3 қарашада құрылды. Оның құрамына Үкімет басшысынан бастап министрлер кірді. Мемлекеттік комиссия ұлттық валютаны айналымға енгізу жөніндегі жұмыс тобын құрды, оған Д.Сембаев басшылық етті. Комиссия қызметінің жұмысын рес­публика Президенті тұрақты түрде бақылап отырды. 1993 жылғы 12 қарашада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын айналымға енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. Ал 15 қарашадан бастап теңге еліміздегі жаңа ақша бірлігіне айналды.

Банкноттар фабрикасы қалай ашылды?

Алғашқы банкноттар Англияда басылып шықты. Қаражатты үнемдеу үшін өндіріс орнын жаңадан салғанша, «Гидромаш» АҚ зауыты корпусының бірін банкнот өндірісі талаптары бойынша қайта жаңарту туралы шешім қабылданды.

1995 жылғы 19 мамырда банкнот өндірісіне қажетті база құрылғаннан кейін, Банкноттар фабрикасы ресми түрде ашылды. Сол жылы 83 мил­лионнан астам, бір жылдан кейін 104 миллионнан астам банкнот шықты. Сөйтіп, Банкноттар фабрикасының өнімділігі жобаланған мөлшерге жақындады. 1997 жылы Банкноттар фабрикасы Қазақстан Республикасы азаматтарының паспорты мен жеке куәлігін шығара бастады.

Жинақталған тәжірибе мен көп­жылдық жұмыстың арқасында қазір Банкноттар фабрикасы өзінің полиграфия базасында банкноттар шығару ісін толығымен жолға қойды. Банкноттар сапа мен технологияның барлық әлемдік стандартына жауап береді.

Ұлттық валюта монеталарына тоқталар болсақ, Қазақстан монета сарайы 1992 жылы Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия зауытының базасында құрылды.

Айналымдағы монеталардың алғашқы өндірілген партиясы 1993 жылы Қазақстан монета сарайында шығарылды. Кәсіпорын түсті металдардан, алтыннан және күмістен ұлттық валюта монеталарын шығаруға байланысты Ұлттық Банктің тапсырысын орындайды. Бұлар – айналымдағы әртүрлі номиналдағы монеталар, естелік, коллекциялық монеталар. Соның ішінде диаметрі 100 мм және салмағы 2 килограмға дейінгі proof сападағы бағалы металдардан жасалған бірегей бұйымдар да бар. Монета сарайы сонымен қатар мемлекеттік наградалар мен медальдар да шығарады.

Қазақстан монета сарайы Монета сарайлары қауымдастығына мүше. Бұл қауымдастыққа Англияның Корольдік монета сарайы – Royal Mint сияқты мыңжылдық тарихы бар, саланың флагманы саналатын монета сарайлары мүше. Қазақстан монета сарайында алыс-жақын шет мемлекеттердің тапсырысымен де монеталар әзірленеді.

Неге «теңге» деп аталды?

Ақпарат және коммуникациялар департаменті – Ұлттық Банк баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, «теңге» атауы «денге» немесе «таньга» сөзінен шыққан. Бұл – орта ғасырдағы түркі күміс монеталарының тарихи атауы. Бұл атауды академик Сауық Тәкежанов ұсынды. Қазақстан теңгесі – әлемдегі ең жақсы қорғалған валютаның бірі. Номиналы 20000 болатын Қазақстан банкноты ең жақсы қорғалған теңге банкноты саналады. 2022 жылғы 1 қазанда айналымға шыққан номиналы 20000 теңге болатын банкноттың 25 қорғаныш элементі бар және сұр түске басымдық берілген. Әлемде алғашқылардың бірі болып осы элементті ақша белгілеріне енгізу, ұлттық валютаның дизайнын жетілдіру, жалпы теңгеде озық технологияларды пайдалану – қорғаныс қасиетін күшейтуге байланысты тұрақты жұмыстың бір бөлігі.

Халықаралық банкнот қоғамдас­тығы (International Bank Note Society) 3 жыл қатарынан, 2011 жылдан 2013 жылға дейін қорғаныш элементіндегі қайталанбас дизайн мен ұтымды шешім үшін Қазақстан банкноттарын әлем бойынша үздік деп таныды. Бір елдің 3 жыл қатарынан марапат алуы 1961 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ұйымның тарихында алғаш рет болды. Жалпы Қазақстан банкноттары әлемдегі ең жақсы қорғалған әрі әдемі банкноттың бірі ретінде халықаралық аренадағы 6 марапатқа ие.

Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан монеталарында ежелгі монета соғу дәстүрі мен заманауи технологиялар сәтті үйлесім тапқан. Айналымдағы монеталар да коллекциялық монеталар сияқты кәсіпқойлар мен коллекционерлердің жоғары бағасын алған.

Қазақстан монеталары әлемдік каталогтарға енген, нумизматикалық құндылыққа ие, хикая мен аңызға толы, әрқайсысының өзіндік орны бар. Бүгінде олардың кейбірі, мысалы, алты мың дана тиражбен Абай Құнанбаевтың туғанына 150 жыл толуына орай соғылған күміс монета тек отандық қана емес, әлемдік нарықта да, расымен, сирек кездеседі. Сонымен қатар «Петроглиф­тер», «Қызыл кітап» сериясындағы монета коллекцияларына, «Әлемдегі ең кішкентай алтын монеталар» сериясындағы алтын монеталарға, сондай-ақ FIFA халықаралық ұйымы және Афина, Туриндегі олимпиадалар үшін Халықаралық олимпиада комитеті тапсырыс берген спорт сериясының монеталарына сұраныс айтарлықтай өсті.

Әрине, «теңге бағамы қашан тұрақталады?» деген мәселе отандастарымызды терең мазалайды. Жалпы алғанда, «қазіргі бағамның құбылып тұруы – әлемдік дағдарыс кезінде қалыпты жағдай» дейді сарапшылар. Сондай-ақ, мамандардың пікірінше, теңге құнының әрі қарай қатты әлсіреуіне негіз жоқ.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button