ӘлеуметБасты ақпарат

«Сергек» сергектікке үйрете ме?

Кез келген қоғамдық саланы цифрлы технологияларсыз елестету мүмкін емес. Елорданың «ақылды қала» келбетін қалыптастыруда қолданылатын жобалар қала тұрғындарына қолайлы орта қалыптастырумен бірге олардың қауіпсіздігіне де ден қояды. Әсіресе, мұндай мақсатты көздеген «Сергек» қауіпсіздік жүйелерінің тиімділігі күн сайын артып, астаналықтардың алаңсыз өмір сүруіне жол ашты.

«Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігінің интеллектуалды жүйесі елімізде 2017 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында іске қосылды. Бүгінгі таңда «Сергек» Қазақстанның 9 қаласында, атап айтсақ Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкент, Семей, Тараз, Түркістан, Ақтау, сондай-ақ Алматы облысында жұмыс істейді. Республика бойынша 45 мың камера орнатылған. 2022 жылдың соңында қазақстандық өнім Өзбекстанға экспортталып, көрші елдің Наманган қаласында іске қосылып, осылайша аталмыш жобаға сұраныстың шетелде де бар екендігін көрсетті. Бұл жүйенің жұмыс қабілеттілігін, техникалық қызмет көрсетуін және қолдауын «Sergek Group» қызметкерлері қамтамасыз етеді. Компания құрамында 100-ге жуық қазақстандық IT мамандары мен инженерлері қызмет етеді. Олардың басты көздегені – «ақылды қалалар» жобасы негізінде жаңашыл IT шешімдерді енгізіп, сол арқылы шетелдік бағдарламалық жасақтамаларды импорттаудан бас тарту.

Астанада жолда жүру тәртібін бұзып, алақұйындатып жүрген көлік қатары сирек. Көшелердің көп бөлігінде жылдамдықты асырмайтын тәртіпті жүргізушілер кездеседі. Қоғамдық көліктерге арналған жолақ бойынан тек автобустар мен таксилерді байқайсыз, басқа көліктер көрінбейді. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзатындар да көзге түсе қоймайды. «Сергектің» негізгі қызметі осы мақсатта жүзеге асады. Егер де сіз жол ережесін бұзсаңыз, камераның «қырағы көзіне» түсесіз де, жүйе мұны «үн-түнсіз» жазып алады да, көлігіңіздің нөмірін, уақытын, өзіңіздің қимыл-қозғалысыңызды автоматты түрде процессингтік орталыққа жібереді. Ол жерде полиция қызметкерлері заң бұзушылық фактісін тексереді. Жүргізушінің кінәлі екеніне сенімді болса, ол айыппұл салу туралы хаттаманы жібереді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, қаланың қылмысқа бейім аймақтарында, мектептердің жанында, тұрғын үйлердің аулаларында орнатылатын жалпы бейнебақылау камералары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталады. Ал жолдардың қиылыстарындағы және сызықтық учаскелеріндегі бірнеше камералардан тұратын аппаратты-бағдарламалық жүйелер жолдағы тәртіпті сақтауға негізделеді.

Қазіргі таңда елорда көшелерінде 13 мың «Сергек» камерасы орнатылған. Мұндағы 6 мың камера автоматты түрде жолда жүру ережесін бұзу фактісін тіркейді. Ал қалған 7000 камера адам көп жиналатын қоғамдық орындарда орналасқан.

«Сергек» камераларын орнату қалалық Полиция департаменті мен аудан әкімдіктерінің өтініші негізінде жүргізіледі. Жоба іске асырыла бастаған сәттен бері қала көшелеріндегі жол-көлік оқиғасының 43 пайызға төмендеуі байқалды. Оған қоса қоғамдық орындардағы камералар құқық қорғау органдарының кезекші бөлімдеріне нақты жағдай туралы толық ақпаратпен қамтамасыз етуге қол жеткізуіне мүмкіндік беріп отыр. Бұл жүйе қаладағы қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алуды оңтайландыруға бағытталады.

Қоғамдық орындардағы қауіпсіздікке келсек, бейнебақылау камераларын пайдалана отырып, полиция қызметкерлері қылмыстық әрекеттерді жедел тауып, әкімшілік құқық бұзушылықтарды тез анықтай алады. Ескеретін жайт кептеліс бола қалғанда немесе бағдаршам істен шыққанда, жол қиылысына көлік қозғалысын реттейтін инспекторлар келеді. Ал инспектор жоқ көшелерде болған ереже бұзушылықтарды камера процессингтік орталыққа жібергеннен кейін мамандар оны бірнеше қайтара сүзгіден өткізеді. Егер қоғамдық көлік жолағына түсіп кету немесе тоқтау сызығын басу осы кептеліс кезінде болса, онда ол ескеріліп, айыппұл салынбайды. Алайда «Stop» сызығын алды кептеліс екенін көре тұра қасақана басатындар мен бағдаршамның қызыл белгісі жанғанына қарамастан, жол қиылысына шығып кететіндерге бұл ескертудің қатысы жоқ.

Жол-көлік оқиғаларының сексен пайызы жылдамдықты шамадан тыс көтергеннен болады екен. Бұған қоса, қала көшелерінде «жол менікі» дегендей көпе-көрнеу жол ережесін бұзып, көпшіліктің ашу-ызасын туғызатын жүргізушілер көбейіп кетті. Ал «Sergek Group» компаниясының баспасөз қызметінің айтуынша, «Сергек» жобасы көлік жүргізушілер арасындағы тәртіптің күшеюіне және өліммен аяқталатын апаттардың төмендеуіне әсер етеді.

«2017 жылы жүйе Астанада іске қосылғаннан бері жол-көлік оқиғаларынан қаза тапқандар саны 43%-ға – 60-тан 14-ке дейін азайды. Дәл осындай оң нәтижелерге Алматыда да қол жеткізілді. 2020 жылдың қаңтарында «Сергек» жүйесі енгізілгеннен бері қаза болғандар саны 65%-ға, 161-ден 57 адамға дейін төмендеді. Шымкентте бұл көрсеткіш (2020-2022 жылдары бойынша) 57-ден 38-ге төмендеді.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында «Сергек» жүйесінің қосқан үлесі де зор. Осылайша, Астанада қоғамдық орындардағы қылмыс 67%-ға – 16 093-тен 5349 төмендеген. Басқа қалалардағы көрсеткіштер де оң нәтижеге ие: қылмыстар мен әкімшілік құқық бұзушылық фактілері Өскеменде 42%-ға, Атырауда 37%-ға азайған. Нақты мысалдар келтірсек, «Сергек» жүйесі арқасында жоғалған қыз табылып, көлікті өртеп жіберген қылмыскер ұсталып, есірткінің астыртын зертханасын анықталған жайттар баршылық» дейді баспасөз қызметі.

Ал Астана қаласының Полиция департаментінің ресми мәліметі бойынша 2023 жылдың 10 айында «Сергек» бейнебақылау жүйесі бойынша 815 мың 641 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, жалпы соммасы 7 млрд 551 млн 453 мың теңге айыппұл салынды.

Айыппұл алған көлік иесі айыппұлын egov.kz электронды үкімет порталы арқылы онлайн, кассада немесе HandyPay, MyPay, homebank.kz, Қазпочта АҚ, Kaspi.kz мобильді қосымшалары арқылы төлеп, тексере алады. Құқық бұзушылықпен келіспеген жағдайда, азаматтар қалалық Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының call center арқылы тел: 1-69-77, 67-75-75, WhatsApp 8-778-388-5839 немесе «egov.kz» арқылы жазбаша түрде шағымдана алады.

 

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button