Басты ақпаратҰлт ұпайы

Ең ауыр дерт – сана дерті

Жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жолтай Жұматты «Ұлт ұпайы» мінберіне шақырып, қазіргі қоғамда қалып­тасқан мәселелерге жазушының көзімен қарап көрдік.

ЗАМАН АҒЫНЫНА ІЛЕСУ – МІНДЕТ

– Өз қатарластарыңыз­дан әлеуметтік желідегі белсенділігіңізбен ерекшеленіп жүрсіз. Көбінесе «сөз мырзамен» сырласып, қоғамның өзекті мәселелерін қозғайсыз. Бұл сөздің қадірін түсінбейтін ұрпақтан түңілу ме, әлде ішкі сыр-шерді сырт­қа шығарудың жолы ма?

– 2016 жылдың күз айында желіге тіркеліп, өз ойымды ортаға сала бастадым. Бірақ ойдың бәрі өтімді, жазбаның бәрі оқылымды бола бермейді. Сосын әрі қысқа, әрі нұсқа болатын ойбаянның жаңаша жеткізу формасын ойлап тап­қым келді. «Сөз мырзамен сырласу» сондай ішкі түйсіктің жемісі! Мұндағы қысқа қайырманы оқыған оқырман өзіне керегін алады, керексіз десе, өз еркі өзінде…

Жақында топтап байқасам, толық бір жинаққа жетерлік еңбек болыпты, «соны жеке кітап етсеңіз екен» деп өтініш айтушылар көп, оның да сәті келер (күліп).

– Желіде досыңыз Мейрамбек Төлепбергенмен хат алмасып, түрлі тақырыпты қозғап, Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов салған ізді жалғастырып, жаңғыртып жүрсіздер. Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе не? Жалпы Тәуелсіздік алғалы ұтқан тұсымыз, ұтылған жеріміз қандай? Аражігін ажыратып, тарқатып берсеңіз.

– Қатарлас, замандас, қанаттас азаматтардың бір-бірімен хат арқылы ой бөлісуі мен іштегі бұғып жатқан сырды кезекпе-кезек баян етуі – әлемдік практикада бар үрдіс. Арыға бармай-ақ, күні кешегі Шерхан мен Камал ағалардың бір-біріне жазған хат-жауаптары үлгі.

Ал Мейрамбек Төлепберген досым екеуміз бір-бірімізге хат жазыса бастағанда «жеке басты дәріптеп», өзімізді өзіміз әйгілеу туралы ойлаған да жоқпыз. Оның да, менің де азды-көпті жазған, кітап болып шыққан, кезінде бағасын алған әдеби-тарихи еңбектеріміз бар. Бір әңгіме үстінде екеумізді де талайдан толғандырып жүрген қоғамдық мәселелер көкейде кептеліп қалғанын байқадық та, қолға қалам алдық. Екеу­ара жазысқан хаттар саны осы кезде отызға жақындап қалды-ау. Әрбіреуінде қазіргі қазақ қоғамындағы әбден пісіп, толғағы жеткен, айтпасқа болмайтын, өзінше маңызды, кесек-кесек мәселелер қозғалады. Өкінішке қарай, хаттарымыз тек әлеужеліде жарияланып келеді. Ешбір қазақ басылымы оларды жариялайық деп ұсыныс жасамады. Қаламақы сұрайды деп қашқақтады ма, басқа себебі бар ма, кім білсін?

РУХАНИ БАЙЛАНЫС АРТА БЕРЕДІ

– Енді өзіңіздің шығармашылық шеберханаңызға үңілсек. Соңғы жылдары еңбектеріңіз түрік, башқұрт, орыс және тағы басқа тілге аударылып, кітаптарыңыз таралуда. Осы жөнінде тоқталсаңыз.

– Көркем шығарма қай жағынан алып бағамдап қарасаң да, шектеуге көнбейтін, шекараны білмейтін, жер жүзіндегі барша адамзатқа ортақ рухани қазына ғой. Әлбетте, жақсы жазылған, жұмырбастыға айтары бар, ойыңа ой қоса алатын, құнды, көркем туынды жайында айтып отырмын.

Сосын да біз, біздің толқын, өткен ғасырда да, осы ғасырда да әлемдік классиканы іздеп оқып, тамсана дәмін татып, қиялымызға неше түрлі тосын ойларды қонақтатып, жан әлемімізді байыттық. Мысалы, мен өзім көркем әдебиет жайында келелі әңгіме қозғала қалса, оны Бальзаксыз, Хэмингуэйсіз, Джек Лондонсыз, Акутагавасыз, Кафкасыз, Толстойсыз, Достоевскийсіз, Тургеневсіз, Әуезовсіз, Айтматовсыз елестете алмаймын.

Әлбетте, еліміз өз тәуелсіздігін алған соңғы отыз жылдан астам уақыт аралығында біз алыс шетел тұрмақ, жақын жатқан қандас туыстарымыз – түрік, әзербайжан, өзбек, қырғыз, түркмен, қарақалпақ елінің замандас ақын-жазушыларының есімін еміс-еміс естігеніміз болмаса, жазып бітірген жаңа туындыларымен оқып-танысу тұрмақ, не жазғанын біле бермейміз. Білгіміз келсе де, қайдан және қалай оқи аламыз? Кітаптар бізге жетпейді, мерзімдік басылымдардың кесек-кесек шығарманы басуға мүмкіндігі жоқ. Әлеуметтік желідегі роман-повестер жариялана ма? Міне, осындай себеп салдарынан арыны қойып, қаны мен тілі жақын, жағалай жатқан туыстас елдер арасындағы әдеби-мәдени байланыстың күрт үзілгенін байқайсыз.

Енді сұрағыңа тікелей жауап берейін. Менің соңғы 10 жыл көлемінде «Ащы да тәтті өмір» деген жалпы атаумен жазылған бірнеше романым бар, соның ішінен екі қысқа романым – «Олигарх және олимп» пен «Интерадам» орыс тіліне аударылып, 2020 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасында басылды. Бұл кезде әлем ковидтің құрсауында-тұғын. Осы себепті кітаптың таныстырылымын өткізу мүмкіндігі болмады. Арада бір жыл өткенде башқұрт халық жазушысы Флюр ­Ғалымов (шығармамды орыс тіліне аударған) хабарласып, «сенің екі романыңды түрік тіліне аударатын тәржімашы табылды, өзі түрік азаматы, Уфада тұрады, аты-жөні – Өзжан Перска. Қарсы емессің бе?» деп сұрады. Қалай қарсы болайын, келісім бердім. Өзжан екі қысқа романды жылдам аударып, оны Түркияның «Бенгю» баспасына (басшысы – Якуб Өміроғлы) жолдадық. Кітаптың түрікше басылып шығуына Түркиядағы қазақ елшілігі қолдау көрсетті. Сөйтіп, 2021 жылы жоғарыда аталған екі романның басы біріктіріліп, жеке кітап болып шықты. Ал 2022 жылы менің бір топ шағын әңгімелерім мен Әбу Насыр әл-Фараби туралы драма-дилогиям «Махаббат пен өшпенділік кітабы» деген атпен тағы да сол «Бенгю» баспасында басылды. Бұл жолы кітап болып шығуына ТҮРКСОЙ тікелей қол ұшын берді. Кітап шыққан соң, жыл басында халықаралық ұйымның штаб-пәтерінде кітаптың таныстырылымы өткізілді. Іс-шараны бас хатшы Сұлтан Раев сөз сөйлеп ашып, жаңа кітап таныстырды. Енді таяу­да ғана Башқұртстанның бас шаһары – Уфаға барып қайтқан жағдайымыз бар. Бұл елде «Бақидан келген келіншек» пен «Жатпланеталық жігіт» (Бастард) атты екі қысқа романымыз башқұртша (тәржімалаған башқұрт қаламгері Факил Мұрзакаев) аударылып, кітап болып шыққан-ды. Уфадағы Мәжит Ғафури атындағы мәдениет-­әдебиет музей-үйінде кітаптың таныстырылымы өтті.

Бұл кездесулерде өзіміз туралы ғана емес, қазіргі қазақ қаламгерлерінің озық туындылары жайынан мол мағлұмат беруге тырыстық. Мысалы, біздің «Роман&Драма» әдеби журналының беттерінде алдағы уақытта да башқұрт қаламгерлерінің озық туындыларына кеңінен орын берілетінін жеткізгенде, осы пікірімізді қолдап, «Ватандаш» және «Ақ Еділ» әдеби журналының бас редакторлары қазақ қаламгерінің үздік жаңа туындыларын жариялауға ниет білдіріп, рухани-мәдени байланысты арттыруға мүдделік танытты. Осындай байланыс арқылы біздің ұлт әдебиетінің қазіргі деңгейі мен тыныс-тіршілігі жайынан көршілеріміз кеңірек біле түспей ме? Бұл үлкен рухани олжа емес пе?

– Драматургия – күрделі сала. Жазушылықтың осы бағытында өндіріп қалам тербеп жүрсіз. Сіздің соңғы драматургиялық еңбегіңіздің бірі – Абай мен Біржан сал арасындағы рухани байланыс туралы өрбиді. Осы шығарманың идеясын, мән-жайын терең талдап берсеңіз.

– Сөзсіз, драматургия – өте қиын және күрделі жанр. Содан болар, қазақ  топыра­ғында саусақпен санарлық қана драматург бар, оның ішінде өнімді әрі сапалы жазып, театр сахнасында қойылымдары үздіксіз жүріп жатқаны мүлде аз. Мені көрер­мен қай топқа жатқызатынын айта алмаймын, алайда соңғы 20-25 жылда отыздан астам драмалық туынды жазыппыз, оның жартысына жуығы рес­публиканың әртүрлі драма театрында сахналаныпты және осы күнге дейін жүріп жатыр.

Біржан сал мен хакім Абай туралы жазған пьесам жайында сұрап қалдың, ол жайынан тоқтала кетейін. Шынымды айтсам, Біржан сал ұрпақтарының өтінішіне орай қағазға түсті. Жалпы, Біржан сал туралы да, хакім Абай жайын­да да қазақ қаламгерлері аз жазған жоқ, жеткілікті деңгейде десе де болады. Бірақ, қай тақырыптың да бұрын жете көңіл аударылмаған, оқырман-көрерменге тосын жаңалық болатын тұсы болады, соны дөп баса білсең, ол қайтадан құлпырып шыға келеді.

«Біржан едім…» тарихи пьесасын жазуға екі жағдай себеп болды. Біріншісі, тарихта аға Біржан мен жас Абайдың кездескені жайында дерек бар. Тіпті бұл кездесуге ұсынысты Абай жасайды. Ақын сол уақытта Біржан ағасы жайында молынан хабардар еді, әндеріне ғашық, үнін естуге асық. Аса сыйлы қонағы етуге ықыласы ауған кез. Тіпті Біржанға арнайы хабаршы жіберіп, асыға күтіп отырғанын аңғартады. Хабар Біржанға жетеді. Тап сол уақытта, бір дерек бойынша, сал Біржан Жетісу жеріне, ақын Сарамен жолығуға дайындалып жатса керек. Сонда да уақыт тауып, Абайдай жас таланттың өтінішін қайтармай, ат басын солай бұрып, ауылына соғады және бір күн емес, бірнеше күн қонақ болып, жастанып жатып әңгіме-дүкен құрған деседі. Жас Абайдың өлеңге ғана емес, әуезді әнге деген құштар сезімінің тұтанар тұсы осы кез болар, сірә! Өйт­кені осы уақыт шамасында: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй…» деп басталатын өлеңін жазыпты. Пьесада Біржан сал мен ақын Абайдың кездесу сәтін кеңірек көрсетуге тырыстық. Абайдың «енді сіздей әнші қазақта туар ма?» деген сауалына орай, Біржанның «мендей әнші туар-ау, бірақ сендей түйсігі терең, парасаты мол тыңдаушы туар ма?» дейтін атышулы жауаптасуын әдеби әдіспен құбылттық. Екі өнер тарланының еңселі образы мен елге үлгі болар биік тұлғасын жаңа қырынан сомдауға тырыстық.

Қысқасы, «Біржан едім…» тарихи драмасында бұрын-соңды айтыла қоймаған жаңа ойлар мен тартымды көріністерді қамтуға тырыстық.

НЕ ЖАЗСАҢ ДА, ЖАС КЕЗІҢДЕ ҰМТЫЛ!

– Қазір қандай туынды жазып жатырсыз? Оның жаңалығы мен идеясы неде?

– Күнбе-күн немесе апта аралатпастан отыра қалып, жаңа туынды жаза беретіндей қаны қайнап тұрған жас емеспіз ғой, алпыс жастың ортасынан ауып, жетпіске қарай аяңдап барамыз. Уақыт бірте-бірте алқынған көңіліңді тежеп, аптығыңды азайтып, бәрін де білдірмей ұрлай бастайды. Жас келген сайын, бойдағы қуат кеміп, еріксіз шаршау деген бір жүк алқымдайтынын сезінесің. Осы ретте мен артымыздан ерген жас таланттарға мынаны айт­қым келеді. Не жазсаң да, нені жазғың келсе де, жас кезіңде ұмтылып қал!

20 жыл бұрын «Сана дерті» деген тарихи драма (Нәзір Төреқұлұлы туралы) жазып, оны марқұм Райымбек Сейтмет ағам Түркістан театрында сахналағаны бар-ды. Қазір оқып қарасам, санадағы сыр­қат деген ұғымға тым атүсті қараппын. Сөзіңді тыңдаған болып, бірақ түк түсінбейтін, өз бетінше терең ойлай алмайтын адамдар арамызда жүр. Олармен қандай қоғам құруға болады? Адамзат қоғамының түбіне бір жетсе, осы сана сырқаты жете ме деген қауіп күшейіп барады менде. Ол көзге көрінбейді, көргің келсе де, байқауың өте қиын. Сырты бүтін, іші түтін адамдар. Қазіргі адамдардың санасын, саналық деңгейін түсіну қандай қиын болып кетті, ә?! Осы жан сыздатар кермек тақырыпты өзек етіп, бір көркем шығарма жазсам деп жоспарлағалы қашан! Алла қуат берсе, көре жатармыз…

– Соңғы сұрақ, кейде жазу­шылардың ғұмырын кезең-кезеңге бөліп, қарас­тырып жататыны бар. Сіз қаламгерлік жолыңызға көз тастап, кешегі мен бүгіннің арасын саралағанда қандай кезеңдерден өттіңіз? Осы жөнінде ойланасыз ба?

– Жазушының өткен өмір жолын кезең-кезеңге бөлуге болар, алайда шығар­ма­шылығын кезеңге бөліп-­ба­ғындыру қалай болады екен, ә? Қаламгер қандай қоғамда, қандай ортада өссе де, ол өзінің жақсы ма, жаман ба, әйтеуір, бұрқ-бұрқ қайнаған қызулы ойларымен ғұмыр кешеді,
жан әлеміндегі түсініксіз тылсыммен тайталасып тіршілік етеді. Не жазса да, нені айтқысы келсе де, қандай тақырыпты алса да, кейіпкері үлкен-кіші болса да – өз қиял әлемінде қалықтауға тырысады, адамзат қоғамына биіктен қарауға ұмтылады, солайша, оны өзі де байқамай қалар, жалпы адамзаттық ой қозғап отырғанын сезбеуі де мүмкін.

Біздің ұрпақ екі бірдей қоғамдық формацияны бастан кешірді: Кеңестік кезеңді көрдік, Тәуелсіздікке қуанып, осы қоғамды дамытуға атсалысып келеміз. Екеуінің арасы аспан мен жердей. Совет өкіметі жылдарында, қаламгер ретінде айтайын, іштегі аласапыран ойлар мен толғаныстарды амалсыз тежеп ұстап, тым еркінсуге жол бермей, мүмкіндігінше бетін ғана қалқып айтуға тиіс болдық немесе астарлап жеткізуге мәжбүр едік. Соған көндік, көнбеске амал қалмады. Ал соңғы отыз жылдан астам уақытта қайсыбір қаламгер де еркін көсіліп, кеңінен толғап, тереңге сүңгіп, өмірдің аршылмай жатқан  құпия-қалтарыстарын қал-қадерінше қопарып тастауға күш жұмсады деуге болады. Біз де солардың ішінде бар шығармыз деп ойлаймын.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button