Басты ақпаратҚұқық

Желідегі жүгенсіздерге жол бермеңіз

Қазіргі цифрлық технологияның жетістіктеріне бөркімізді аспанға ата қуанғанымыз­бен, көңілге қаяу түсіретін екінші жағы барын да түсініп отырмыз. Кейінгі кезде Астана қаласында киберқылмыстың көбейіп бара жатқаны, интернет-алаяқтардың қарапайым адамдарды алдап, қан қақсатып жүргені бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да, әлеуметтік желі арқылы да күн сайын хабарланып отыр. Қазір осы келеңсіздікпен бітіспес күрес жүргізуде құқық қорғау органдары пәрменді шаралар қабылдап отыр. Солардың бір парасына тоқтала кетейін.

Баршаға аян, интернет және телефон алаяқ­тығы – біздің елорда үшін көптен бері бас ауруына айнала бастаған тақырып. Біздің бұл қылмыспен бел шешіп күресе бастағанымызға да біраз жыл болды. Бірақ ол жылдан-жылға аясын кеңейтіп, неше түрлі құйтырқылықпен айласын асырып келеді. Өткен жылға қарағанда тек Есіл ауданының өзінде мұндай жағдайдың өскендігі байқалады. Тіпті елорда бойынша да әрбір екінші құқық бұзушылық цифрлық технологияны қолданумен байланысты екені анықталды. Айту керек, цифрлық технологияны меңгеру үшін осы саладағы біліктілік пен белгілі бір дәрежеде дағды да аса қажет. Міне, қазіргі он сегіз жастан асқан бозбалалар ғаламтордың бағдарламаларын жетік меңгеріп алып, кибералаяқ­тық жолына түсіп жатқанын күнделікті өмірден көріп отырмыз.

Тек жастар емес, мұндай жүгенсіздікке, яғни телефон алаяқтығына орта жастағы адамдар да, соның ішінде әйел­дер де баратындығы қынжылтады. Әрине, құқық қорғау органдары да қол қусырып қарап отырған жоқ. Барынша бітіспес майдан ашып, күрес жүргізіп жатырмыз. Осы бағытта арнаулы екпінді-мақсаттағы топ құрылды. Оның құрамына тергеуші, криминалист, жедел өкілетті қызметкер енді. Бұл адамдардың барлығы да – киберқауіпсіздік пен цифрлық тергеу саласында арнаулы дайын­дықтары мен сараптамалық біліктілігі бар мамандар. Топ заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Алаяқтан зардап шеккен адамнан шағым түскен бойда тергеуші құқықтық жөн-жосықтарын түгел жүзеге асырып, жедел-өкілетті қызметкерлер ақпарат жинайды. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүзеге асырып, қылмыскердің жеке басын, мекенжайын анықтауға күш саламыз.

Қазір Астана қаласында интернет-алаяқтық азаймай отыр. Өткен қыркүйек айында 57 оқиға тіркелсе, қазан айында телефон соғып, қарапайым халықты алдауға әрекеттенген 71 алаяқтың үстінен полицияға шағым түсті.

Бұған дейін бірнеше рет айтылғандай, сізге біреу банк қызметкері болып қоңырау шалады. Есепшотыңызға қауіп төніп тұрғанын, біреулер сіздің атыңыздан кредит рәсімдегісі келіп жатқанын хабарлайды. Шотыңызды бұғаттау үшін карта нөміріңізді, CVV-кодыңызды немесе сіздің ұялы телефоныңыз арқылы қашықтықтан қолжетімді арнаулы бағдарлама (Anydesk, Teamviewer, Rustdesk) орнатуыңызды сұрайды. Егер сіз бұған сеніп қалып, айтқанын істесеңіз алаяқтар сіздің құпия мәліметіңіз арқылы карточкаңыздан, депозитіңізден ақшаңызды сыпырып алады. Не болмаса, сіздің атыңызға кредит рәсімдей алады.

Сондай-ақ олар сізге қауіпсіздік үшін деген желеумен ақшаңызды депозиттен алып, екінші шотқа салуға кеңес беруі мүмкін. Жақында осы елордада «Р» есімді бір азаматша жалған телефон қоңырауына алданып қалып, 25 миллион теңге ақшасын өзі ойлағандай Ұлттық банктің есепшотына аударған. Ал шын мәнінде бұл алаяқтардың тұзағы болатын.

Енді бір кеңінен тараған әдістің бірі – сізге полиция қызметкерінің телефон шалуы. Әуелі сіздің қылмыстық кодекстің бір бабы бойынша жақында жасалған қылмысқа қатыстылығыңыз туралы хабарлайды. Одан тез құтылудың жолдарын айтып, кеңес береді. Не болмаса, «сіздің бір жақын туысыңыз заңсыз әрекет жасаған» деп істі шұғыл жабу үшін белгілі бір соманы төлеуді ұсынады. Алаяқтықтың бұл түріне көбіне жасы егде тартқан зейнеткерлер ұшырап қалып жатады. Кеңес заманында тәрбиеленген олар полиция рөлін ойнаған киберқылмыскерге бар жиған-тергенін аударып беретіні бар.

Мұндай жағдайда әңгімені неғұрлым тезірек бітіруге тырысыңыз. Ешқашан ешкімге өзіңіздің реквизиттеріңіз бен пластикалық картаңыз, пароліңіз бен құпия кодыңыз сияқты дербес мәліметтеріңізді айтпаңыз. Банк қызметкерлері сізге ешқашан өзі қоңырау шалмайды.

Алаяқтар неше түрлі құйтырқы айла-тәсілдер мен қулық-сұмдықтарды пайдалануы мүмкін. Олардың жастары да әртүрлі болады. Өмір тәжірибесі көрсетіп отырғандай, мұндай қылмысқа баратындар көбіне колледж студенттері мен 20 мен 30 жас аралығындағы жастар болып отыр. Тіпті зейнет жасындағы адамдар да кездесетінін жасыруға болмайды.

Сосын олардың сауалдарына жауап бермеуге, әңгімені қысқа қайырып, қатаң аяқтау керек. Өйткені дәл сіздің даусыңызды ол кейінірек пайдалануы әбден мүмкін. Бұған қоса әккі алаяқ­тар сізді қорқытуды, қысым жасауды, есіңізді жиғызбастан сеніміңізге кіріп алуы да әбден мүмкін.

Астана қаласының тұрғыны Қобылан Хамзинге түскі үзіліс кезінде Орал қаласында тұратын туған апасы телефон соғады. Тамақтанып алып, 10-15 минут тынығып алайын деп жатқаны сол еді, апасы: «Қобыланжан, көмектесші, өтінемін, көмектесші!» деп еңірей береді.

«Не болды, жөндеп айтшы» деген сауалына «бауырым ауыр жағдайға тап болды. Тез ақша керек» деп сөзінің соңын аяқтамастан жылап жібереді.

Қобыланның есі шығып кетеді. «Қанша ақша керек?» «5 миллион» деген жауап естиді.

Әрі апасы «айналайын, телефонды айырмашы» деп жалынып сұрайды.

Қобылан қиын жағдайда апасына барынша көмектесу үшін жақын маңдағы банкке жүгіреді.

Сөйтіп, банкте кезекте тұрып, болған мән-жайды айтып, әйеліне де қоңырау шалып үлгереді. Міне, осынысы өте дұрыс болады. Сол бойда әйелі апасына телефон соқса, апасы қаннен-қаперсіз жауап беріп тұр дейді. Сұмдық!

Алаяқтар апасының даусын салып, Қобыланға қоңырау шалған екен. ­Кейін белгілі болғанындай, екі-үш күн бұрын біреулердің қайта-қайта телефон соғып, апасымен сөйлескені анықталыпты. Сондықтан тәртіп сақшылары бейтаныс адаммен телефонмен ұзақ сөйлеспеуге кеңес береді.

Кейінгі кезде алаяқтар қазір WhatsApp хабарламаларын белсенді түрде қолдана бастады. Тәсілі сол бұрынғыша. Мәселен, сізге қызыңыздың белгілі бір конкурсқа қатысуына дауыс беруіңізді сұрайтын хабарлама келеді. Әдетте, фотосуреттер мен байқаудың сипаттамасы дәлелді себептермен қоса беріледі. Әрі қарай дауыс беру үшін сілтеме бойынша өтуіңіз сұралады. Біраз уақыттан кейін сізде WhatsApp-пен байланыс қиындап, түйткілдер туындай бастайды. Дәл сол кезде сіздің отбасыңыз, достарыңыз немесе таныстарыңыз сізден әдетте қарызға ақша сұраған хабарламалар алады. Телефон нөмірі сіздікі, барлық атаулар дұрыс, жазып отырған сіз сияқтысыз. Сеніп қалуы әбден мүмкін.

Тіпті ұяттан безгендер танысу сайттарында белсенді жұмыс істеп, жалған профильдер арқылы онлайн хат алмасуда. Сондай-ақ киберқылмыскерлер өздерінің құрбандары үшін (мысалы, интимдік фотосуреттер) кейбір компроматтық деректерді тауып алып, содан кейін онымен жәбірленушіні бопсалайтын фактілер де тіркеліп отыр.

Қазір киберқылмыс дамып, барған сайын жетілдіріліп келеді. Олар енді сіздің даусыңызды айнытпай салатын да жағдайға жетті. Тіпті бейне кескініңізді де жасай алады. Сондықтан бейтаныс бейне қоңыраулардан абай болыңыз. Қырағылық танытыңыз. Өзіңізді желідегі жүгенсіздердің алдауына мүмкіндік бермеңіз.

Нұрсұлтан ЕРЕЖЕЕВ,

Астана қаласы Полиция департаменті

Есіл аудандық басқармасы криминалдық

бөлімінің өкілетті қызметкері

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button