#Жаңа Қазақстан

Ұлттық жоспарды талқылады



Астана қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловтің жетекшілігімен аға буын азаматтардың жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық жоспарының орындалуы туралы дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Жиынға Алматы аудандық Ардагерлер кеңесі тұрақты комиссияларының төрағалары, бастауыш ұйымдардың төрағалары, Алматы ауданы әкімдігінің бөлім басшылары қатысты.

Сансызбай Сейітжанұлы кіріспе сөзінде 2021 жылы қабылданған бұл бағдарламаның мақсаты аға буын ардагерлеріміздің денсаулық-салауатты өмір сүру ұзақтығын арттыру және қамқорлыққа, күтімге мұқтаж адамдарға медициналық, әлеуметтік қызметтерге қолжетімді ету екенін сөзге тиек етіп, осы бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде айтты. Бұл дөңгелек үстелге арнайы шақырылған Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимов, Астана қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов, қалалық Ардагерлер кеңесі тұрақты комиссиясының төрағасы Қалиәскер Жантеміров және Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов ұлттық жоспардың орындалу барысы жайлы тұшымды баян­дамалар жасады.

Сөз сөйлегендер тарапынан 2021 жылы іске қосылған бұл бағдарламаның негізгі мақсаты ардагерлер мен зейнеткерлерге қамқорлық жасау, қарт адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды іс-шаралар атқарылғаны айтылды. Атап айтқанда, Астана қаласының 4 ауданында Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары ашылып, қарттардың бос уақытын ұйым­дастыруға жағдай жасалған. Бұл ғимараттарда жоспарланған әлеуметтік қызметтер тізімінде әлеуметтік сауықтандыру, жаттығу терапиясы, тыныс алу жаттығуы, әлеуметтік-­медициналық көмек, дәрігердің, психологтың кеңесі, салауатты өмір салты бойынша лекция, құқықтық және қаржылық сауаттылық, интернет-алаяқ­тықтың алдын алу бойынша мамандар кеңесі, арт-терапия, еңбек терапиясы (тоқу, тігу, безендіру, қолдан жасалған сыйлықтар), тілдерді үйрену, компьютер курсы, шахмат, тоғызқұмалақ, вокал, тақырыптық кештер, конкурстар мен викториналар көрсетілген және бұл жұмыстар тыңғылықты орындалуда. Осындай орталық Нұра ауданында да ашылады.

Бүгінгі таңда Астана қаласы бойынша емханалар жанынан гериатриялық кабинеттер де ашылып, өз жұмысын бастауда, нәтижесінде егде жастағы адамдар бала-шағамен кезекте тұрмай, өздеріне ғана арналған терапевт дәрігермен жүздесетін болады. Сонымен қатар «Қатаркөл» демалыс кешенінде жыл сайын 4 мың зейнеткердің демалуына жағдай жасалғаны, 190 мың зейнеткер мен мүгедектердің тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілгені және қала бойынша автобустарда зейнеткерлердің тегін жүруі де айтылды. Әсіресе тіс протезіне деген сұраныс 3 мың адамнан асады екен. Оған бөлінетін қаржы әр адамға шаққанда 90 мың есебінде. Бірақ алдағы жылы тіс протезіне бөлінетін қаржы әр адамға шаққанда 250 мың теңгені құрап, 4 мың адамды емдеу жоспарланып отыр.

Жиналысқа қатысқан зейнет­керлер мен ардагерлер баян­дамашылардың сөзін қолдай отырып, әлі де егде адамдарға көрсетілетін көмектің сапасы жайлы сұрағын берді. Дөңгелек үстелге Астана қаласы мәслихатының депутаты Асқар Смағұлов та қатысып, бұл маңызды мәселелер қала мәслихатының отырысында қаралатынын айтты.

«Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары» мекемесінің басшысы Мұхтар Еркетаев талқыланған мәселелерге өз пікірін айтып, ардагерлер мен зейнеткерлердің жағдайын жақсарту бойынша жұмыс өз нәтижесін беретініне сенім білдірді.

Манап ӘДІРЕШЕВ,

Астана қалалық Ардагерлер кеңесі жанындағы медиатоп мүшесі




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button