Басты ақпаратРухани жаңғыру

Ұлы даланың асыл жәдігерлері

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ұлы дала өркениетінің, ұлттық тарихымыздың тек-төркінін сақтар мен ғұндар заманынан бастап тарихи деректерді, «ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарды» сөйлетеді.

Серік НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы, профессор

Нақты айтқанда, атқа міну мәдениеті, қару-жарақ құралдарын ғажайып шеберлікпен жасау, металл өндіру, тау-­кен ісін өркендету, арғы ата-бабаларымыздың көркемдік көзқарасын, жаратылыспен, қоршаған ортамен біте қайнасқанын айна-қатесіз танытатын аң стилі өнерін, ғаламдық өркениет тарихындағы ұлы құбылыс – «Алтын адам» мен күміс кеседе жазылған таңбаларын, «ұлы көшпенділер империяларының» яғни түркі әлемінің алтын бесігінің мәні мен мәнісін, Еуразия құрлығының бел омыртқасы Ұлы Жібек жолының тарихи-мәдени қызметін, сондай-ақ ұлттық, тарихи сананы, шығармашылық-интеллектуалдық мәдениетті көркейтетін «Архив-2025» бағдарламасын мүлтіксіз жүзеге асыру, ел, мем­лекет, халық, мәдениет, өр­ке­ниет, тұлғатану тарихына байланысты беймәлім мәдени, тарихи, әдеби құжаттарды ғылыми айналымға қосу, мың қырлы, мың сырлы Ұлы дала елі тілі мен мифологиясының айнасы – Дала фольклоры мен көне сарындарының антологиясын жүйелілікпен, антология етіп жасау және «заманауи цифрлық форматқа» көшіру әрі қазіргі заманғы аудиторияға лайықтау, ауызша және әншілік, күйшілік, жыршылық дәстүрді жаңартуда «көнерген сөздер мен мәтіндерді суреттерімен қоса беруге, айқын видеоматериалдар формасында ұсыну», зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру, ұлттық тарихтың өзекті, көкейкесті оқиғаларын кино өнері мен телевизияда көрсету. Мемлекет басшысы «Қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін» айрықша көрегендікпен айғақтап, «Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен» пайымдауға мүмкіндік тудыратын ұлы идеялары мемлекет дамуының басты көрсеткіштері деуге болады.
Ұлы Жібек жолының тарихына зейін аударсақ, гректің әйгілі тарихшысы Геродот (б.з.д. 490-425) «Тарих» дейтін ұлы еңбегінде Парсы билеушісі Кирдің сақ еліне жорығын баяндау барысында Дала Жібек жолы деген жазба дерек атау бар. Мұның сырын тарихшы, этнограф, жазушы Зейнолла Сәнік Жібек жолының солтүстік тармағын «Дала Жібек жолы» деп жазады.


Қытай оқымыстысы Су Бихай «Қазақ мәдениетінің тарихы» дейтін монографиясында «Далалық Жібек жолының» тарихы тым ертеден басталатындығын яки Ішкі Қытайда шу дегенді жібек өндіру бастамасымен жібек бұйымдар солтүстікке тасымалданған. Бұлар «Қазақ даласының батыс қиыр шеті арқылы Еділ, Жайықтан өтіп, Еуропаға барып жететін». Ендігі бір тармағы – «Күнес өзенін бойлап отырып, Алмалық қаласына барады. Алмалық қаласы – оңтүстік пен солтүстік бағыттағы Жібек жолының түйісетін жері. Су Бихайдың көрсетуінше, Алтайдың күнгейі мен теріскей жағында екі жол бар екен. Соның бірі – Қара Ертістен Зайсанға созылып, сонан Балқаш пен Арал теңізінің солтүстігіндегі Дешті Қыпшақ арқылы Каспий мен Қара теңіздің солтүстігіндегі Оңтүстік орыс жағына жетеді» (209-бет). «Қазақ даласы – деп жазады Су Бихай – осы бір тарихи кезеңде Еуразияны тұтастыратын үлкен Жібек жолының орталық аймағына айналды».
«Далалық Жібек жолы» – Ұлы дала елінің мәдени өмірінде, тұрмыс-тіршілігінде айтулы жаңалықтарға жеткізді.
Дала Жібек жолының көне тарихын, қазақ мәдениетіне тигізген шарапатын зерделеген тарихшы З.Сәнік Жібек жолының негізгі сақ дәуірінен басталатындығын, біздің ата-бабаларымыз­дың грек еліне жасаған «Скиф­тер жорығы» тұсында көрініс тапқанын, сонымен қатар жапон ғұламалары Жа Тын Жузо мен Шян Дау Шыңзының Дала Жібек жолы жайында осындай дәйекті тұжырым жасағанын байыптаған.
Ұлы Далада VІ-ХІ ғасырларда қала өркениеті қанат жайғаны мәлім. Егіншілік, қолөнері, кен қорыту ісі, сауда, мал шаруашы­лығы, экономикалық-мәдени байланыстар (Батыс пен Шығыс мәдениетінің өзара қарым-қатынасы) өркендеді. Батыс Түрік қағанаты ұйымдасуының нәтижесінде алмасы аттың басындай, өрігі өлке тасындай Жетісу аймағы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, мәдениеті мен экономикасы жоғары деңгейге көтерілген-ді.
Араб ғалым әл-Идриси өзен-көл жағасына, тау ішіне салынған он алты қимақ шаһарларының ерекшеліктерін баяндаған. Ол былайша: «Қалада қыштан ыдыс жасау өнері дамыған, бұған қоса темір, күміс, мыс және асыл тас­тар шығарылған. Ондағы зергерлер темірден кереметтей әсем бұйымдар жасайды. Алтын мен күмістен көркем әрі өрнектелген жиһаздар соққан, Қимақ патшасының киімі алтын жіп­пен тігілген. Олар алтынды балқыту тәсілдерін білген». Араб оқымыстыларының Ұлы даланы мекендеген тайпалар, шаһарлар хақындағы жазба деректеріндегі сипаттамалары көңіл сүйсіндіреді. Мәселен, Максиди: «Тараз – бақшаға бай, даңқы шыққан, бекінісі берік шаһар. Оның үйлері үйме-жүйме, тығыз салынған, төрт дарбазасы бар, шаһар ма­ңында халқы көп елді мекен қоныс тепкен. Шаһар дарбазасының түбінен үлкен өзен ағып жатыр, шаһардың бір бөлігі өзеннің арғы бетінде орналасқан, өзен үстінен көпір салынған, мешіт ханбазардың ортасында…».
Осынау жазба деректер ұлы далада көркем шаһарлар бой түзегенін, сан алуан өнер түрлері гүлденгенін, мәдениет пен білімнің бесігі болғанын дәлелдейді. Осы орайда қазақтың жыршылары ақыл-ойыңды, дүниетанымыңды, қиял-сезіміңді тербейтін сұлу да сымбатты шаһарларды жырға қосқанын көреміз.
Ұлы Жібек жолының Қазақ даласына, оның бір қыры, жалпы ел әдебиетіне, халық шығармашылығына, ұлттың көркем ойы мен санасына тигізген шарапаты орасан. Бұл ретте көркемдік әлемі бай «Қырымның қырық батыры», «Тотының қырық тарауы», «Бақтиярдың қырық бұтағы», «Ләйлі-Мәжнүн», «Таһир-Зуһра», «Мұңлық-Зарлық», «Перғауын мен Мұса», «Шаһижиһан» және т.с.с. қисса-дастандарды «Жібек жолы жырлары» деп атау (Зейнолла Сәнік анықтамасы) тарихи көзқарас тұрғысынан дұрыс.
Бір айта кетерлік жайт, ұлы Тұран елінің қасиетті бір бөлшегі, Әбіш Кекілбайұлы көрсеткендей, «мың құпия, мың жұмбақ ордасындай» Маңғыстау нағыз жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен, «палеонтология мен тектоника, планетология мен стратиграфияның оқулығы» (геолог Н.Андрусовтың байламы) деуге лайықты. Заманды, тарихты, көнеліктерді күмбірлете сөйлеткен ұлы суреткер Әбекең Маңғыстау­ды мекендеген ежелгі жұрттардың этнонәсілдік, өркениеттік, дүниетанымдық өзгерістерін, топонимдер мен гидронимдер әлемін, ономастикалық ұғымдарын, ру-тайпалық түзілісін терең де биік ой-парасатпен па­йымдап, мынадай пікір өрбітеді: «Бес өгіз, тәнкі (таңғут), бәйті (байыт), бесбұлақ – бесбуляк – бес бәлік, әмір, еміл, аусары (афшар), қарқын, бозашы, айладыр, шайыр, шетпе, қаңға, ерсары, кертті, қошқар, оғланды, онды, дөнішман, әңеже, шытжа, мерет, түбіжік, бұрыншық, сенек, сүмса, үдек, басыгүрлі, жазыгүрлі, байтақ, алан қала, ноғай төбе, уа сынды топонимдер, алшын, байұлы, адай, қызылқұрт, масқар, таз, ноғай, маңғыт, бұзау, айтумыс, жеменей, мұңал, тобыш, ақпан, балықшы, кедей (күдей), байбол, тіней, әйтей, бегей, жомарт, жары, қырық мылтық, әлмембет, тәзіке, қосай, қалша, матай, қараш, қожағұл, шоғы, мұңал, әли, бәйімбет, бегімбет, өрөзек, қалша, абдал, т.б. этнонимдер хазар-хорезм, қаңлы-үйсін, оғыз-­қыпшақ, ноғайлы-қыпшақ, қып­шақ-моңғол одақтастықтары тұсындағы миграциялық, этногенетикалық процестерден хабар бергендей».
Демек, Маңғыстау жырауларының тілінде б.з.д. Сақ-ғұн, үйсін, қаңлы, Түркі Қағанаты, Шыңғыс хан дәуірі, Алтын Орда мен Дешті Қыпшақ заманындағы соншалықты қыруар ұлыстар мен тайпалардың, алуан түрлі қауымдардың, этникалық бірлестіктердің ой, тіл, көзқарас ұшқындары, ұғым-түсініктері көрініс тапқан.
Қазақ поэзиясына философия, музыка, сыршылдық тән. Бұған қоса тарихи-география­лық ұғымдар, ерекшеліктер, даңқты шаһарлар жыраулар мен жыршы ақындар поэзиясының көркемдік-стилистикалық құрылымына өзгеше рең, шырай дарытқан. Орыс ғалымы М.Ломоносов Қазақ даласын Азияға қараған терезе деген-ді. Өйткені ресейлік саудагерлер Ұлы Дала арқылы ғана Ұлы Жібек жолына қосылуға мүмкіндік туғызатыны белгілі. Сондықтан да Солтүстікте мекендеген қазақтар мен Ресей арасындағы трансқұрлықтық сауда жолдарының арасындағы саяси-дипломатиялық қарым-қатынастарды реттеуге қосқан сүбелі үлесі үшін Ресей патшайымы Елизавета Петровна (1741-1761) 1742 жылдың 30 тамызында баһадүр қолбасшы, би Шақшақ Жәнібек Қошқарұлына 1-ші дәрежелі тархан атағын берген еді.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы түп-тамыры неше мыңжылдықтарға тірелетін Ұлы Дала өркениетін білгірлікпен, даналықпен, көсемдікпен баяндауы төл тарихымыз мәдениетіміздің үшінші мыңжылдықта не істеуіміз керектігіне, әлемдік өркениет жүзінде мемлекетіміздің мәртебесі, абыройы биік болуына даңғыл жол ашады. Іргетасы берік жалпыадамзаттық құнды­лықтарға ерекше бай Тәуелсіз Ел екенімізге айқын айғақ. Және де Ұлы даланың асылдары – адамзат тарихына ортақ игілік пен қазына екендігі анық.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button