Басты ақпаратРуханият

Ұлылық ұлағаты

Қазақстанның Халық жазушысы Қалтай (Қалиолла) Мұхамеджанов өз мақсатына жету үшін өзгелердің мүдделеріне қаяу түсірмей, керісінше, олардың таланттарына табынып, ағалары мен інілерінің ақыл-кеңестерін бойтұмарындай қастерлеп, өзінен кейінгілердің кемел келешектеріне сенім ұялатып, жігерлерін жанып отыратын жан еді. «Халық жауының баласы» ретіндегі басынан өткізген ауыр ғұмыры арқылы балалық шағы әркімге жалтаңдаумен өтті. Қиын уақытта маңдайынан сипайтындардың аздығынан аталарын пір тұтатын табын ағайындардың ортасын паналап, сонда өсті. «Аға», «іні» деген қазақтың қасиетті сөздерінің Алла, ана, нан, ата, аға сияқты қалай оқысаңыз да, мағынасын өзгертпейтін сөздер қатарында тұратындығын Қалағаң терең түсінген тұлға.


Ал ұлы Мұхтарды ағасынан да жоғары, әкесіндей сыйлаған. Ол «Қазақ әдебиеті» газетінің 1961 жылғы 30 маусымдағы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің қазасына байланысты жарыққа шыққан арнайы санындағы «Соңғы кездесу» атты мақаласында: «Әркімнің де өмір теңізі тартылады. Ал Мұхаң сияқты алыптар теңізінің түбінде бөгіп жатқан бай інжу-маржан, лағұл-жақұты өнерлі қауымға үлгі-нұсқа, әлем адамының рухани қазынасының қайнар көзі болып қала бермек. Хош болыңыз, ардагер аяулы, әке» деп аяқтапты. Сол кезде отыз жастан енді асқан Қалекең толқу үстінде жазықсыз атылып кеткен әкесін де есіне алған шығар, мүмкін ұлы Мұхтардың шығармашылық жолындағы қамқорлығы ойынан тізбектеліп өтіп те жатқан болар.
Тағдыр толқындарының барлығымызды шайқайтын екпініне келгенде Қалтай ағаның өмірінде ұлы Мұхтарға ұқсас кезеңдер баршылық. Тағдырдың талай талқысынан өткен Мұхтар аға барлығын ақылға жеңгізіп, шыдамын ширатып, талантын тартпалап әлемдік әдебиетте өз орнын алып кетті. Жауқазын гүлдей ашылып келе жатқан жастарға деген қамқорлығында шек болмайтын. Қалағаның сөзімен айтсақ, «Мұхаңдағы бір ғаламат қасиет талант тегін айнытпай тануында еді. Осы күнгі әдебиеттің ірі тұлғалары Шыңғыс Айтматов­ты да, Расул Ғамзатовты да алғаш «ашқан» Мұхтар Әуезов. Ал өз әдебиетімізге келгенде де сақтығы Құнанбайдай кірпік қақпай бағып отыратын. Жілігі татыр дүние көрсе ертеңіне жариялай, айта, жаза жүретін. Мен әдебиет пен өнердің сәл ғана табысының өзіне Мұхаңдай қуанатын, жылы сөзге Мұхаңдай жомарт адамды көрмей келем».
Қалтай ағаның Мұхтар Әуезовті алғашқы көруі Ташкент шаһарында оқып жүрген кезі, яғни 1949 жылдың 18 мамыры. Әлішер Науаидің 500 жылдық мерекесіне құрамына С.Мұқанов, Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағанбетов, Ғ.Орманов, Г.Слановтар енген қазақ делегациясын М.Әуезов басқарып келеді. 14 жасында Мұхаңның латын әрпімен 1935 жылы жарық көрген «Тас түлек» атты пьесалар мен әңгімелер жинағынан бастап, кейінгі шығармаларымен де таныс студент Қалтайдың Мұхаңмен бұл жолы тікелей сәлемдесуіне жүрегі дауаламапты. Атақтары жер жаратын жазушылардың ішінен жерлесі әрі ағасы Асқар Тоқмағанбетов Хамза театрында өтетін мерекелік шараға билет беріп, соған қатысу мүмкіндігіне ие болыпты. Бірақ өз сөзімен айтсақ: «Ол кездегі өзіме лайық мода – гимнастерка, галифе-шалбар, солдат бәтеңкемен театр партерінің екінші қатарында үлде мен бүлдеге оранғандардың ортасында (Құдай басыңа салмасын) кірпікшешеннің үстінде жалаңаш отырғандай, қашан салтанатты кеш өткенше әбден берекем қашты» деп жазады. Сол кездегі Өзбекстан Орталық партия комитетінің I хатшысы, абыройы аспандап тұрған Осман Юсупов әзіл-шыны аралас «Кешігіп келген қазақ делегациясының басшысы Мұхтар Омарханұлы Әуезовке сөз беріледі» деген кезде мінбеге шыға келген Мұхаң: «Қазақ халқы кешіккен жоқ» деп осыдан 100 жыл бұрын ұлы Абай Әлішер Науаидің дастарқанынан дәм татқанда, сұхбат үстінде:
«Физули, Шамси, Сайхали,
Науаи, Сағди, Фирдоуси,
Хожа-Хафиз бұ һәммәсі,
Мәдәт бер я шағари Фарнат» деген Абайдың он үш жасында шығыс алыптарына мінәжат үлгісіндегі жолдарын мақамына келтіріп жеткізгенде театр шаңырағын шыр айналдырғандай шапалақ ұрыпты. Ұлы Мұхтардың осы түпсіз терең білімі мен тапқырлығының куәсі болып жиынға қатысқан Қалтай студент: «Мұхаң сөзі маған бәрінен асып түскендей әсер етті. Өз орнына келе бергенде Осман Юсупов ұшып тұрып, әлгі айтқан әзіліне кешірім сұрағандай әрі Мұхаңның сөзіне риза болғаны сонша, айқара құшақтап алып, бетінен қайта-қайта сүйгені әлі көз алдымда… Сонымен ол сапарда Мұхаңа қол беріп сәлемдесуге дәті бармай, дидарын көріп, сөзін тыңдағанымды мол дәулет, зор қанағат санап қайтқан сол кездегі «Сорпақ байың» мен боламын» деп жазыпты.
Қалекеңнің ұлы Мұхтармен екінші рет кездесуіне Мәскеудің А.В.Луначарский атындағы театр өнер институтының 5-курсында оқып жүрген 1953 жылдың басында сәті түсіпті. Ол кезде Мұхаң ММУ-дың профессоры болып орналасып, филология факультетіне ұлттар әдебиетінен дәріс оқып жүрген кез екен. Кафедра меңгерушісі Г.И.Гоянның ұсынысымен М.Әуезовтің драматургиясы жайлы диплом жұмысын жазуға рұқсат сұрау үшін «Москва» қонақүйіне іздеп барады. Бұл уақыт «Социалистік Қазақстан» газетіне «Профессор Мұхтар Әуезов ескі қателіктерінің шырмауында» деген үлкен мақала «Правдадан» бастап орталық газеттердің бірсыпырасында бой көрсетіп жатқан кез еді. Қалағаң бұлардан хабардар болса да, Мұхаң драматургиясынан диплом жазғысы келетінін айтқанда: «Шырағым, олай болса жас бала екенсің, диплом дегенге кез келген тақырып жарай береді, қазір мен туралы жазып абырой алу қиын, заман жөнделсе көре жатарсыңдар» деп шығарып салады. Заманның отты жалыны лаулап тұрғанда студент Қалтай Әуезов шығармашылығы жайлы жұмыс жаз­ғанда не боларын алдын ала болжаған ұлы Мұхтарға Қала­ғаң өмір бойы ризашылығын білдірумен өтті. Сол аласапыран заманда «халық жауы» ретінде әкесі атылып, әлі ақталмаған жас бозбала Қалағаңды Мұхаң бір «ажалдан» алып қалады.
Мәскеуден оқу бітіріп, Алматыға келгенде Қалағаң драматургия сынына көбірек берілді. «Айман–Шолпан» спектакліне жазған мақаласына Мұхаңның: «Тілінің орамы, театр танымы қаламының желі бар жігіт екен» деген жылы сөзі жігерін жанып, талантын тартпалай түсті.
Мұхаң тарапынан әкелік, ұстаздық қамқорлығын Қалағаң 1959 жылы ақпан айында қо­йылған «Бөлтірік бөрік астында» спектаклі төңірегіндегі айтыс-тартыс, дау-дамайлар кезіндегі ерекше сезінеді. Орталық комитеттің сол кездегі идеология жөніндегі хатшысы Н.Жангелдиннің Қазақстан журналистер одағының алғашқы съезінде: «Бөлтірік бөрік астында» пьесасының авторы жас жігіт болмаса, қоюшы режиссері мен әртістері кілең жастар болмаса, орыс тілін мазақ етіп, ұлы халықпен достығымызға қаяу салғаны үшін, ұлтшылдық бағыттағы сарыны үшін, біздің бұл қойылымды мүлдем жауып тастауымыз хақ еді. Бірақ бәрі жастар болған соң әзірге кеңшілік жасап отырмыз» деген сөзінен кейін көптеген газеттер Қалағаңның пьесасы жайлы сын мақалаларды толассыз жаза бастады. Алдына мұңын жазып барған Қалағаңа Мұхаң: «Ол мақалаларды оқыдым, қай күні спектаклің болады, алдын ала хабарлас, өзім барамын» деп жылы шырай танытады. Спектакль болған күні Орталық комитеттегі сол кездегі екінші хатшы Фазыл Кәрібжановты, қала басшысы Ахмет Әділовті ертіп келеді. Барлығы да авторға деген шынайы құрмет, ризашылық сезіммен тарасады. Қалағаң: «Екі-үш күннен кейін осы спектакльге арналған көрермендер конференциясының қорытындысы жарияланған «Лениншіл жас» газетінің арнаулы беті
Мұхаңның «Бұл күлкіге дән ризамыз» деген мақаласымен ашылды. Дуалы ауыздан шық­қан ұлы ұстаздың киелі батасы әлі күнге дейін менің өнер жолымдағы құбылнама болып келеді» деп жазыпты.
Мұхаң сол мақаласын­да: «Сапардың сорақы сұмырай мінез-­қылығына арналған күлкі – көрушіні жалғаса алысып, соны жоюға мезгейтін күрескер күлкі. Марфуға, Арыстан тәрізді жеңілтек, сұйық, көңілсіздер сыпатына арналған күлкі – көңіл­ашар зілсіз күлкі. Айналамызда әлі де жиі ұшырайтын жұпардай өсекші әйелдерге арналған күлкі – мысқыл, мазақ күлкі. Осылайша бір шығарма көлемінде бірнеше сорақы, келеңсіз, тұрпайы мінездерге арнаған күлкі бәрі де қонымды, орынды, әсіресе нанымды естіледі. Бұл комедия сол қасиеттері бойынша елеулі шығарма боп қалыптас­қан. Айтар сөз аз емес болғанда, орын тарлығынан, әзірше тек алғашқы, сүйсінген көңілді ғана білдіреміз. Жас жазушы Қалтай «Бұл жанрда алда да өнімді өріс табады» деп нық сенгіміз келеді» деп драманы құптап, ағалық кеңесін де береді.
Қалтай аға бір қолжазбасында: «Мұхтар Әуезовті әдебиет алаңына алғаш алып келген драматургия екен. «Ұлы жазушының мол мұрасында драмалық шығармаларының салмағы басым жатыр» деп жазыпты. Демек, Қалтай ағаның кемел келешегіне ұлы Мұхтардың бағыт-бағдар беруі де кездейсоқтық емес. Иә, өткен кеңестік кезеңнің әттегенайларын жоғарыда ұлы Мұхтар атап кеткен «күрескер», «мысқыл», «мазақ» күлкілерімен көпшілікке жеткізген Қалағаң қазақ драматургия­сын әлемдік деңгейге көтеріп, өзі ұлық тұтқан Мұхтар дәрежесіне жетті. Сөзіміздің басында ескертіп кеткен уақыт, пенделерге белгісіз ажал екі ұлын да алып кетті. Өмірлеріндегі ұқсастық аяғына дейін болсын дегендей, Алла екеуінің де соңғы демін Мәскеуде тәмамдатты. Мұхаңның қазасынан кейін (1961) 40 жыл өткенде Қалтай аға да ұлы ұстазының артынан мәңгі сапарға кете барды.

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,
профессор

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button