#Жаңа Қазақстан

Ұлық мейрам ұлағаты



– 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осыдан бастап біздің Отанымыз – Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең дербес мемлекет ретінде әлем картасынан ойып орын алды. Осы тұрғыдан алғанда, 25 қазан еліміздегі ең ұлық мейрамдардың бірі болуға әбден лайық.

Елімізде бұл күн 2009 жылға дейін ұлттық мереке ретінде тойланып келді. 2009 жылы
«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» қолданыстағы заңға өзгерістер енгізілді. Оған сәйкес, 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні ұлттық мереке болып өзгертілуіне байланысты, 25 қазан – Рес­публика күні мемлекеттік мерекелер тізімінен алынып тасталды. Шын мәнінде, біздің елдің бас мейрамы өз егемендігін жариялаған болу керек еді. Ал оны 16 желтоқсанмен қабаттастыру тым ыңғайсыз.

1986 жылы 16, 17, 18 желтоқсан күндері Алматы қаласында қазақ ұлтының қаны төгілді. 2011 жылы 16 желтоқсанда да Жаңаөзен қаласында тағы қан ақты. Ендеше мемлекет құрылған күнді осындай трагедиясы бар күнде тойлау моральдық тұрғыдан дұрыс емес. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық мереке мәртебесін Республика күніне қайтаруды ұсынуы өте орынды шешім болды. Біз 16 желтоқсанды тәуелсіздік мерекесі деп тойлағанымызбен, 1990 жылы 25 қазан күні Қазақ ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы декларация жарияланған сәттен бастап Қазақстан төрткүл дүниеге дербес мемлекет ретінде танылған. Бұл – тарихи шындық. Міне, биылдан бастап осы бір ұлық күн өз мәртебесін алды. Мереке құтты болсын, отандастар!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button