Тағзым

ҰРЫС ДАЛАСЫНАН КЕЛГЕН ҮШБУ ХАТ



1

Жеңіспен ораламыз

Біз жүрміз халық үшін қан майданда,
Күнде өлім, дамыл жоқ шыбын жанда.
Аямай кеудедегі жанымызды,
Сарқылғанша ең соңғы қасық қан да…

Құрбан қып Отан үшін жас өмірді,
Шайқаспен өткіздік біз неше күнді?
Қорғауға аттанған соң туған жерді,
Дұшпанға жібермейміз есемізді.

Жан ана, ақ сүтіңді ақтау үшін,
Фашистер топырағымды баспау үшін,
Тосамыз кеудемізді сансыз оққа –
Отаным, намысыңды сақтау үшін.

Танытты соғыс талай батырларды,
Үн қатқан небір шешен, ақындарды.
Сағынып, жүдемеңдер, туған елім,
Жеңіспен оралар күн жақын қалды!

Бұл – Ақмола өңірінің тумасы, Ұлы Отан соғысының ардагері Тұяқ Камеловтің майдан даласынан Қорғалжын аудандық газетіне жолдаған өлеңі. Ұрыстың алғашқы күндерінен-ақ алғы шепте соғысқан қазақ жауынгері 1919 жылы туып, 1964 жылы өмірден озған.

Тұяқ Баяндыұлы Ульяновск қаласындағы танк училищесін тәмамдап, танк командирі, рота старшинасы, лейтенант шендерін иеленген. Украина майданында 103-гвардиялық ауыр танк полкінде болып, Мәскеу түбіндегі шайқаста ерлік көрсетті. Ол Жоғарғы Бас қолбасшы Иосиф Сталиннің тікелей бақылауындағы ИС-1, ИС-2 құпия брондалған ауыр танктерімен соғыса жүріп, жауды Берлинге дейін тысқырды. Ал мұндай темір табанды қару тек сенімді сарбазға ғана берілетіні анық. Өйткені, бұл танк полкі тек Сталиннің бұйрығымен ғана әскери қимылдарға баратын.

Тұяқ Камелов елге оралғаннан кейін, туған ауылындағы Сабынды орта мектебінің іргесін қалап, өзі директор қызметін атқарды. Бүгінде ауылдағы көшелердің бірі осы кісінің атында.

Жалғыз ТҰЯҚҰЛЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button