Жаңалықтар

ЖҮГІНІСОВТЕР ГРЕКИЯДА ТОП ЖАРДЫ

Диплом-Жугинисов

Жуырда Грекия елінен сүйінші жаңалық жетті! Елордалық қос дарын Рүстем мен Мұхаммедәли Жүгінісовтер «Paradise Fest» ән байқауында жүлде алды.

Ағайынды таланттар Еуропаның оңтүстік-шығысына қазақ мәдениетін дәріптеуге аттанғанын газетіміздің өткен сандарында («Әні мен сәні үйлескен үйелмен», №47, (3104)) жазған болатынбыз. Бірнеше күнге жалғасқан сайыс нәтижесінде ағайынды Жүгінісовтер Қазақстанның абыройын асқақтатып, Рүстем І орынды жеңіп алса, Мұхаммедәли бас жүлдені иеленіпті. Орыс халқында «Алма ағашынан алысқа түспейді» деген мақал бар. Өнерлі отбасынан шыққан өрендердің ертеңгі күнге артқан арман-мақсаттары көп.

«Байқау әділ өтті. Әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары көптеген жобаларға атсалысуға шақырды. Мұхаммедәлиге «Новая волна», «Славянский базар» байқауларына, Қытай және Ресей әншілерімен бірге бейнебаянға түсуге ұсыныс түсті» дейді Рүстем.

Ал, Рүстемге Италиядан келген қазылар алқасының көзі түсіп, оны «Сан Ремо» италиялық әндер фестивалінде көргісі келетінін жеткізіпті. Сондай-ақ, Жүгінісовтердің тұңғышы Грекияның жұлдызымен бейнебаян жасап, Ресейде өтетін «Голос» жобасында ел намысын қорғауға дайындықты бастайды.

Айта кетейік, бұл жүлде ән әлеміне нық қадам басқан өнерпаздардың алғашқы жеңісі емес. Кішкентай Мұхаммедәли Грекияға жол жүрердің алдында ғана «Алмалы-2014» халықаралық сайысында бас жүлдені қанжығалаған болатын. Сонымен бірге, Украинада өткен «Евровидениеде» жарқырай көрініп, жанкүйерлерінің сенімін ақтады. Ал, 6 жасынан үлкен сахнаға қадам басқан Рүстем Мысыр, Польша, Ресейде қазақ өнерін әспеттеп, топ жарды.

Мақпал ЖҰМАШОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button