Мәдениет

Үш кітап тұсауы кесілді

Астана қаласында Ұлттық академиялық кітапханада шығыстанушы, Мысырдағы мәмлүктер тарихын зерттеуші, арабтанушы Қайрат СӘКИДІҢ «Сұлтан Байбарыс», «Ер қаруы – бес қару», «Юрта на вершине пирамиды» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.   

Кітапхананың Мырзатай ­Жолдасбеков  атындағы залында өткен қаламгердің шығармалары жиналған зиялы қауымға, оқырмандарға, жас ғалымдарға таныс­тырылды. Іс-шара Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына арналды.

Осы іс-шараға қатысқан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов «сіз бас байбарыстанушысыз», оны танытуда, зерттеуде сіздің алдыңызға түсетін адам жоқ, «Бейбарыс» емес «Байбарыс екенін, пирамидалар үстіне киіз үй тіктіргенін де ғылыми, ресми тұрғыдан дәлелдеп шықтыңыз, ал енді сұлтанның 800 жылдығы келесі 2023 жылы ма, 2025 жылы өткізіле ме, нақтысын өзіңіз айтсаңыз, біз де депутат ретінде оның лайықты өткізілуіне орай сауалдарымызды жолдап, атсалысар едік» деді. Сондай-ақ ол жұрттың бәрі оқитын Уикипедиядағы мәліметтердің қателерін түзетуге, мәселен, Қалауын сұлтан Байбарысқа у берген деген деректер жүр, шындығында олай емес екенін білеміз, жауына құйылған у қосылған сусынды байқамай өзі ішіп қойғаннан өлгенін жұрттың бірі білсе, бірі білмес. Мәмлүктер – жауынгер халық, олардың кейбірі қаншалықты бір-біріне жау болса да у беретін пасық әрекеттерге баруы мүмкін емес» деді.

Қайрат Сәки сұлтан Байбарыстың 800 жылдығы келесі – 2023 жылы атап өтілетіндігін айтты.

«Араб­танушы Қайрат Сәкидің еңбектері ерекше деп айтуға болады. Біреудің жазғанын аудару емес, түпнұсқамен жұмыс істеуді үйретті. Олжас Сүлейменовтің өзі Қайрекеңнің кітаптарына сүйеніп, пікір айтуы оның еңбектерінің биік деңгейін көрсетеді» деді Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай өз сөзінде.

Қайрат Ұзақұлының зерттеу­шілігі туралы сөйлеген Сәрсенбай ­Құрманұлы Атырау мемлекеттік университетіндегі ғалымдарға, зиялы қауымға, студенттерге, жастарға дәріс беруі атыраулықтар арасында үлкен резонанс туғызғанын жеткізді. Ендігі осындай ғылыми-
танымдық дәрістер Ақтөбе облысында, тағы басқа да өңірлерде өткізілсе деген тілек білдірді.

 

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button