ӘлеуметБасты ақпарат

Зейнетақы – бейнетіңнің өтеуі

Зейнетке жасы жақындаған адам зейнетақы тұрғысындағы кез келген ақпаратқа құлағын түріп, елеңдеп-ақ отырады. Әсіресе, әйел адамдар зейнетақы туралы, зейнет жасы туралы көп білгісі келетіні, өздерін мазалаған сан алуан сауалға жауап іздейтіні заңды.

Өткен Барыс жылының соңында ел арасында «2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер зейнетке қайтадан 58 жастан шығатын болады» деген әңгіме өршіп барып, басылды. Әрине, оны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі: «бұл жалған ақпарат, таратушы адам заң бойынша жазаланады» деп ресми түрде жоққа шығарды.

Дегенмен, бұл мәселе жасы келген аналар үшін күн тәртібінен түспейтін шешімін күткен түйінді жайдың бірі болып қалып отыр.

Қолға тиетін қордағы ақша

«Рас, 2018 жылдан бастап елімізде әйелдердің зейнет жасы жыл сайын алты айға ұлғайып келді. Зейнеткерлік жастың біртіндеп бұлай ұлғаюы елдегі орташа өмір сүру ұзақтығының болжамды жоғарылауына негізделді.

Дегенмен, көптеген сараптамалар мен қоғамдық пікірлерге байланысты Қазақстан Президенті 2023 жылдың қаңтарынан бастап әйелдердің зейнет жасын ұлғайтуға бес жылға мораторий енгізді. Осы негізде енді әйелдердің зейнеткерлік жасы 61 жас деңгейінде тоқтатылды. Яғни мораторий 2023 жылдан 2028 жылға дейін бес жыл бойы күшінде болады.

Еліміздегі әйелдердің зейнет жасына қатысты бұдан өзге жайлардың барлығы – алып-қашпа әңгіме, жел сөз. Неге екені белгісіз, әлеуметтік желілерде осындай негізсіз ақпараттар әлсін-әлсін бой көтеріп тұрады. Оған назар аудармау керек» дейді Еңбек министрлігіндегі мамандар.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрі артты. Атап айтқанда, 2023 жылы 120838 теңге болған жиынтық зейнетақы 2024 жылы орта есеппен 130 414 теңге, ал базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылып, 128215 теңгеге, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105%-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгеге жетті.

Дегенмен, зейнетақы түрлі-түрлі болады. Мөлшері де бірдей емес. Біздің айтпағымыз – құрметті еңбек демалысына шыққан адамға ғұмырының соңына дейін ай сайын алып тұру үшін мемлекет белгілейтін зейнетақы төлемі. Былайша айтқанда, жас ұлғайғанда алатын өмір бойғы адал еңбектің өтеуі. Бұған қоса зейнетақы жинағындағы ақшаңыз да бар. Міне, осы қаржыны бірден  немесе бөліп-бөліп те алуға болатынын көп адам біле бермейді. 2023 жылдың 1 шілдесінен бастап Әлеуметтік кодекс енгізілді.

Осыған байланысты бірқатар ережелер өзгерді.

– Ол үшін ең бірінші сіздің жинақтау қорында қанша ақшаңыз бар екенін білуіңіз қажет. Сосын барып, осы қаржының қаншасын алғыңыз келетінін көрсетіп, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы өкілетті операторға өтінім жазасыз. Қаржы тек тұрғын үй жағдайыңызды жақсарту мен емделу үшін ғана беріледі. Әлеуметтік кодекстің 220-бабының 3-тармағына сәйкес ел азаматы былтыр тамыз айында және одан кейін еңбек еткен жылдарына сәйкес зейнетке шықса, жинақтау қорындағы ақшасын толық алып, тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуі үшін жұмсай алады, – дейді зейнетақы қорының қызметкері Гүлсара Мұхитова.

– Бұл ақшаны жинақ иесінің тек өзі ғана емес, сонымен қатар жұбайы мен жақын туыстары да пайдалана алады. Ал жақын туыстарына – ата- анасы, балалары (туған және асырап алынған), бауырлары (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек), ата-әжесі және немересі жатады. Алайда бұл тек еңбек сіңірген жылдары үшін зейнет­ақы төлемдерін алушыларға ғана қатысты. Оны зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты зейнетке шығумен шатастыруға болмайды, – деді маман.

Әлеуметтік кодексте не өзгеріс?

Әлеуметтік кодекс қолданыстағы көптеген заңдар мен заңдық актілерге өзгеріс­тер енгізді. Бұдан былай азаматтардың еңбекке орналасуы мен әлеуметтік қамтылуы, осы тұрғыда жасалатын мемлекет тарапынан басқа да қолдаулар аталған құжат бойынша реттеліп отырады. Мәселен, қазақстандықтарда еңбек аптасын таңдау мүмкіндігі туды. Ендігі жерде жұмыс берушімен келісе отырып, үш күн демалып, төрт күн жұмыс істеуіңізге болады.

Сонымен қатар, штаты елу адамнан жоғары кәсіпорындар мен мекемелер мүгедектерді еңбекке орналастыру үшін квота ұстауға міндетті.

Жаңа жылдан бастап еңбекке жарамсыздығы бойынша ақы төлеу 15 ЕАК-тен 25 АЕК-ке дейін өсіп, 86250 теңгеге жетті.

Аталған құжат бойынша енді зейнетақы кезең-кезеңімен көтеріліп отырады. Атап айтқанда, 2024 жылдың 1 қаңтарынан 2027 жылдың 1 қаңтарына дейін базалық зейнетақы көлемін 51 пайыз­ға көтеру, ал ынтымақты зейнетақыны орта есеппен 27 пайызға арттыру көзделген.

Өткен шақырылымдағы Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамаловтың Үкімет басшысына жолдаған сауалындағы кейбір ұсыныс­тар ескеріліп, зейнеткерлер зейнетақы жинақтарының отыз пайызын яғни бір миллион теңгеге дейін өздерінің өмірлік маңызды шаруаларына пайдалануға мүмкіндік алып отыр.

Жаңа жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін бес жыл бойы қолданылып келген бірыңғай жиынтық төлемі тоқтатылды. Енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі не болмаса салығын жұмыс беруші төлейтін жалдамалы жұмыскер болады. Өйткені бұдан былай Әлеуметтік кодекс­те 1975 жылдың 1 қаңтарына дейін дүниеге келгендердің міндетті зейнетақы жарналарын қорға тек жұмыс берушілер аударып отыруы керектігі жазылған. Бұл азаматтардың 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі болмайтындықтан жасына байланысты ынтымақты мемлекеттік зейнетақыны алу мүмкіндіктері осы бастан қарастырылуда. Яғни олар зейнетке жасы жеткенде базалық (мемлекеттен), жинақтаушы (БЖЗҚ-ға өзі аударған) және шартты жинақтаушы (БЖЗҚ-ға жұмыс берушінің аударғаны) зейнетақы алады.

Қамқорлық аясы кеңеюде

Елімізде зейнеткерлердің жағдайын жақсарту үшін, жасы ұлғайған адамдардың алаңсыз өмір сүруі үшін мемлекет зейнетақы жүйесін барынша оңтайландырып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Президенті  зейнетақының артық мөлшеріне тұрғын үй сатып алуға және емделуге рұқсат берді. Міне, биыл да осы үрдіс жалғасып, зейнет­ақы ақшасын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндіктері кеңейді. Болашақта осы қаржыны үй сатып алу үшін тікелей «Отбасы банктегі» депозиттерге жинауға болады.

«Мұның бәрі айтуға ғана жеңіл. Көп адамдарда зейнет­ақы қорындағы жинақталған қаржысы жеткілікті шегінен артылмай жатады. Өзім елорданың тұрғынымын. Зейнетке шығуыма әлі бір-екі жыл бар. Ақшамыз тұрғын үй сатып алуға жетпейтін болғасын ең болмаса, көлік сатып алуға рұқсат берсе екен деп ұсыныс жасадық. Бірақ, ол ұсынысымыз өтпеді» дейді қала тұрғыны Ермұрат Жанғазыұлы.

Дегенмен, биыл әлеуметтік төлемдердің біршама қосылғаны байқалады. Мәселен, бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгеге өсіпті.

Сондай-ақ базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылған. Бұл – 28 215 теңге. Ең жоғары мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінен 100-ден 105%-ға дейін арттырылып, 45 578 теңге болады.

Ал Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асырау­шысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7%-ға көтерілді. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша іске асырылады.

 

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button