ӘлеуметБасты ақпарат

«ЖАБАЙЫ ТАКСИСТЕРГЕ» ЖОЛ ЖОҚ!

Астаналық полиция қызметкерлері қоғамдық орындарда көпшіліктің шырқын бұзып, мазасын алатындарға қарсы қатаң күрес жүргізуде. Жыл басынан бері осындай фактілер бойынша 230 әкімшілік хаттама толтырылған екен. Бірақ, заңды айналып өткісі келетіндер әлі де азаяр емес.

ERM_9630

ҚР ӘҚБ кодексіне өткен жылы енгізілген жаңа қосым­шаларға байланысты қоғамдық орындарда заңсыз такси қызметін ұсыну, әлдебір тауарды тықпалап саудалау немесе заңдастырылмаған түрлі қызметтер ұсыну да заңға қайшы әрекет саналады. Сондықтан, елордада қазіргі уақытта кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеліп, жолаушылар тасымалымен айналысатын такси парктері көбейе бастаған. Бүгінде Астанада жеңіл көліктермен жолаушылар және шағын жүк тасымалдаумен айналысатын 14 такси паркі тіркелген. Ондай көліктерде арнайы белгі, такси паркінің атауы, тағы басқа ерекшеліктер орнатылады. Ал алдыңызды кес-кестеп, арзан бағаға әлдебір жерге апарып тастаймын деп, шалғайыңыздан жармасып жүргізбейтіндер – қоғамдық орындарда жұрттың мазасын алатын заң бұзушылар, жеке кәсіппен айналысып, бірақ салық төлемейтін құқық бұ­зушылар. Олар бұған қоса, вокзал, әуежай, үлкен сауда үйлері алдында заңсыз автотұрақ жасап, көпшіліктің жүріп-тұруына кедергі кел­тіреді.

Астана қалалық ІІД Жергілікті полиция қызметі «жабайы такси» қызметінің жолын кесу мақсатында қалада апталық рейдтерді жиі ұйымдастырып тұрады. Соның бірі 29 ақпанда басталған болатын. Наурыз айының бесіне дейін жүрген рейдке «Астана ақшамы» газетінің журналистері де қатысты.

Біз 4 наурыз күні түстен кейін Астана вокзалының алдына барғанбыз. Бұл жерде бізді Сарыарқа аудандық ІІБ Жергілікті полиция қызметі №20 тірек пунктінің жауапты учаскелік инспекторы, полиция капитаны Арнұр Маханов, учаскелік инспекторлар Аян Құлниязов пен Самат Боқышев қарсы алды. Қиын да күрделі қызметті сыртынан бақылауға біз де кірісіп кеттік. Байқауымызша, вокзал маңы заңсыз такси жүр­гізушілерден кенде емес сияқты.

ERM_9553

– Жыл басынан бері бұл ай­мақта жүргіншілердің мазасын алған, заңсыз такси қызметін ұсынған, жезөкшелік сипаттағы тиісулерге байланысты 170 әкімшілік хаттама толтырылған болатын. Осылай тынымсыз жұмыс жүргізіп жатқандықтан, бұрынғыдай емес, вокзал ма­ңында «жабайы таксистер» азайып келеді. Дегенмен, бәрін бірден жолға қою қиын ғой. Қазір арнайы рейд барысында тағы заң бұзатындар табылары анық, – деп мән-жайды әңгімелеп берді Арнұр Шертайұлы.

Арнұрдың айтқаны айдай келді. Полиция қызметкерлері пойыздан түскен жолаушы образына сәйкестендіріп бір адамды дайындап қойған екен. Тұла бойына дыбыс жазу ап­параттарын да мұқият орнатып қойған. Ол вокзалдан чемоданын көтеріп жайымен аяңдап бара жатқанда, рейдке қатысушылар оның сыртынан бақылауға көшті.

«Жолаушымыз» чемоданын сүйретіп вокзал алдында қатар-қатар тізілген авто­кө­ліктердің арасынан өтіп бара жатты. Вокзалдан біраз жер ұзағанымен, жолын бөгеген ешкім болмады. Демімізді іші­мізге тартып біз тұрмыз. «Бұл рейдтен бос қайтатын болдық-ау» дегенімізше болған жоқ, тізілген көліктердің ең шетіне жете берген «жо­лау­шымыздың» алдынан бір жігіт шығып: «Қай жаққа барасыз, зыр еткізіп жеткізіп салайын, қымбат емес» деп кес-кестей жөнелді. «Жолаушы» айналып өтіп кетуге әрекет жасағанымен, шаужайынан жабысып қалар емес. Сол кезде полиция қыз­меткерлері Самат Боқышев пен Аян Құлниязов іске кірісті. Тексере келгенде оның қыз­меті заңдастырылмағаны анықталды. Сол себепті «жа­байы таксистің» заңсыз әрекетіне байланысты әкім­шілік хаттама лезде толтырылды. Жай толтырып қойған жоқ, жүргізушіге заң талаптарын толық түсіндіріп, мұндай құқық бұзушылыққа байланысты қандай жаза қолданылатынын егжей-тегжейлі айтып берді.

– ҚР ӘҚБ кодексінің 449-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғанда 5АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 10 105 теңге болады. Егер мұндай құқық бұзушылықты тағы қайта­лай­­тын болса, онда оның үсті­нен іс қозғалып, арнайы мате­риал жинақталып, Астана қалалық ауданаралық маман­данды­рылған сотына жөнел­тіледі. Сосын сот шешімі бойынша 10 АЕК шамасында айыппұл салынады немесе бес тәулікке қамалады. Егер заңсыз қыз­меттерді ұсынушы шетел азаматы болса, ісі сотқа жолданады. Оған да айыппұл салынып, бес тәулікке қамау жа­­засы қолданылады, одан соң Қазақстан аймағынан шы­ғары­лады, – деп түсіндірді заң талабын полиция лейтенанты Самат Боқышев.

Рейд барысында полиция қызметкерлерімен де жақын әңгімелесуге мүмкіндік туды. Сол сәтті пайдаланып, поли­цияның қызметіне байланысты сұрағымызды қойып жатырмыз. Полиция капитаны Аян Құлниязов оның бәріне аспай-саспай жауап берді.

– Жалпы, заңның бәрі игі мақсатты көздейді ғой. Аталмыш кодекстің 449-бабы да негізінде азаматтардың қауіпсіздігін мақсат тұтады. Мәселен, қыз­метін заң­дас­тырған такси паркінің көлігіне отырсаңыз, өзіңізді сенімді сезінесіз. Әлдебір мүлкіңіз ұмыт қалса, кейін хабарласып тауып алуыңыз оңай болады. Әрі мұндай такси паркінің жүргізушілері тұрақты медициналық тексеруден өтеді. Кәсіби жүргізушілік біліктілігі де жоғары болады. Ал заңсыз қызмет ұсынатындарды көлігінен түскеннен кейін қайтып таба алмайсыз. Ондай жүргізушілердің денсаулығы да сенімсіз. Тіпті, араларында жол ережесін жақсы білмейтіндер де кездеседі ғой. Мұның бәрі айналып келгенде жолаушының өміріне қауіпті. Сол себепті, заңды такси қыз­метін пайдаланған абзал. Қазір халық мұның тиімділігін, қауіпсіздігін түсініп келеді.

Болашақта тек заңды қызмет­терді пайдалануға бүкіл қоғам болып үйренетінімізге сенім­дімін, – дейді Аян Бірлікбайұлы ағынан жарылып.
Иә, қазақ атамыз «Арзанның тұзы татымайды» дегенде осындай жағдайларды меңзеген ғой. Қымбат болса да қызметтің қауіп­сіздігіне, сенімділігіне же­тетін ештеңе жоқ. Адам өмірі – қоғамның құндылығы. Өркениетті қоғам мұны өте жақсы түсінеді.

Тек заң бұзушылықты ғана қадағаламай, қоғамдық сана­ның да көтерілуіне үлес қосып жүр­­ген полиция қыз­меткер­ле­рі­­нің жұмысына сәттілік тілеп біз де аттанып кеттік. Сол күні полиция қызметкерлері әуе­жай аумағында, қаладағы бір­неше сауда үйлері маңында осындай рейдтер өткізіп, «жабайы так­систердің» жолына тос­қа­уыл қойды. Осындай шаралар жаба­йылықтан арылтып, ізгі заңдар салтанат құрған қоғамға бізді бір табан жақындата түсері кәміл.

Меңдолла ШАМҰРАТОВ

Материалды «Астана ақшамы» газетінің astana-akshamy.kz ресми сайтына сілтеме жасағанда ғана пайдалануға рұқсат етіледі.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button