Басты ақпаратСаясат

Интернет пен жаппай наразылықтардың байланысы бар ма?

 13 қыркүйек күні мен қашқын банкир Мұхтар Әбіләзов­пен ашық пікірсайысқа шықтым. Бұл – өзімнің идеям, биліктің ешқандай қатысы болған жоқ. Не себептен осындай шешім қабылдадым? Неліктен «Политон» клубын таңдадым? Осы шешімімнің логикасын түсіндіріп берейін. Ең алдымен, қоғамдық резонанс туғызатын оқиға болғанын қаладым. Сол оқиға арқылы билік пен бұқараның қазіргі заманғы аса маңызды мәселеге назарын аударғым келді. Ол – интернет пен жаппай наразылықтардың себеп-салдарлық байланысы. Бас­тысы, «хайп» мен ойлағандай болды.

Ермұхамет ЕРТІСБАЕВ, саясаткер:

Соңғы жылдары «твиттер-төңкеріс» деген түсінік пайда болды. Бұл – кез келген заманауи наразылықтардың аса маңызды құрамдас бөлігі. Алуан түрлі наразылықтардың толқыны дүние жүзіне кең таралуда. Соның ішінде, АҚШ (Occupy Wall Stret), Ұлыбритания (Blackberry Riot, Лондонның шеткі аймақтарындағы бүліктер), Франция (сары жилеттер) сияқты алып мемлекеттерді де айналып өтпеді. Мұндай қозғалыстардың ұйымдастырушысы жоқ, олар желілік сипатта пайда болады.
Біз қазір жаңа дәуірге аяқ бастық. Бұл кезеңде идеология, партиялар, қоғамдық қозғалыстар, бағдарламалар мен мақсаттар екінші кезекке ысырылды. Яғни, көптеген наразылықтарды көшбасшылар мен партиялар, идеология мен бағдарламалар туғызбайды. Интернет наразылыққа шыққан бұқараның жағымсыз іс-әрекетін жариялауға мүмкіндік беріп, сол бүліктердің өршуіне жағдай жасауда. Қазақстандағы мұндай үдеріс екі жыл бұрын, М.Әбіләзов француз түрмесінен шыққан кезде басталды. Қашқын банкир Ходорковский, Березовскийлердің бейнесінде қазақстандық әлеуметтік желілерге басып кірді.
Интернетте елдің алдына шығатын адамның сөзінің мазмұны емес, қалай сөйлегені маңызды. Мысалы, М. ­­Әбіләзовтің 2017 жылы 2 қарашада «Кешкі Бішкек» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтірейін: «Қырғызстанның Қазақстанға ықпал ететін өз тетіктері бар. Сәуірде Қазақстан елдің оңтүстігіне су жіберуді сұрайды. Атамбаевқа нақты әрекет ететін кез – осы. Қырғызстаннан су бармай қалса, Қазақстанның оңтүстігінде егін шықпайды. Ол аймақта 500 мыңнан аса халық тұрады. Әлеуметтік жарылыс Назарбаев үшін өкінішті жағдайларға әкеледі, оның режимі құлайды». Бұл сөзінде Әбіләзов өзінің халқына жаманшылық тілеп отыр. Ол билікке наразы адамдардың қатарын көбейтуді көздейді. Өкініштісі сол, лас тактика жаһантор заманында өзінің тиімділігін дәлелдеуде. Арам ниеттілер, арзан беделге құмар және көпірме сөзбен көпшілікті алдайтын жандар үшін әлеуметтік желілер өз идеясын таратудың алтын «тамырына» айналды.
Әбіләзов билікке наразы электораттың алдында өзін болашақ «төңкеріс үкіметінің» жетекшісі ретінде көрсетіп, мемлекеттік төңкеріс «жасайды» деген сауалдың өзіне ойланып көрейікші. Мәселен, француз төңкерісінің қозғаушы күші шаруалар, саудагерлер, қолөнер шеберлері корольдің билігін төңкерді. 1917 жылғы орыс төңкерісінің саяси күші де жұмысшылар мен шаруалар болған. Ал Әбіләзовтің ҚДТ-сының қозғаушы күші қандай әлеуметтік топтар? Зауыт жұмысшылары, оқытушылар мен студенттер, мұғалімдер мен дәрігерлер ме? Кәсіпкерлер мен ауылдағы шаруалар немесе «Болашақтың» түлектері ме? Өйткені М. Әбіләзов үнемі халық туралы айтады, бірақ халық – бұл абстрактілі ұғым емес. Халықты әлеуметтік топтар, тірі адамдар құрайды. Егер 2 млн халқы бар Алматыда 2 мың адам көшеге шықса, ол – халықтың 0,1 пайызы. Демократия – азшылықтың құқығын сыйлайтын көпшіліктің билігі. Бірақ азшылық халықтың 99, 99 пайызының тыныш өмір сүруге деген құқығын сыйлауы тиіс.
Қоғамның жаңаруының екі жолы бар: «төменнен төңкеріс» және «жоғарыдан төңкеріс» жасау. Алғашқысы мемлекетті бейберекеттілікке, азаматтық жанжалдарға апарып тірейді. Әбіләзов үнемі Украина мен Грузияны мысалға келтіреді. Мен Грузиядағы жүз мыңдаған босқындарды көрдім. Немесе Әбіләзов Қырғызстандағы оппозицияны қаржыландырғанын мақтанышпен айтады. Нәтижесі қандай: екі президенті елден қашса, бір президенті түрмеде отыр. 1,5 млн қырғыз күнкөрісі нашарлап, Ресейге көшті. Біз көршілес, бауырлас қырғыз халқын сыйлаймыз, бірақ өз даму жолымыз бар. Қ.Тоқаевтың президенттігі арқылы ел экономикасын реформалау, әлеуметтік мемлекет құрудың баламасы жоқ. Қазақстанның көпұлтты халқының басым бөлігі Елбасы Н.Назарбаевтың стратегияық бағдарын, оның мұрагері – Қ.Тоқаевтың саясатын қолдайды. Демократия деген көпшіліктің билігі екенін ұмытпауымыз керек. 21 қыр­күйекте рұқсат етілмеген шеруге шығамыз деген мыңдаған әбіләзовшілдер заңсыз әрекет етіп, тәуелсіздігімізге қауіп төндіруге ұмтылатынын ұмытпасын! Жаһантордағы харіпті басып отырған «шайтандар» тұрғындар жаппай наразылыққа шығатын болса, халыққа және мемлекетке қарсы үндеулері үшін жауапқа және қатаң жазаға тартылатынын білуі тиіс.

(liter.kz сайтынан ықшамдалып аударылды)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button