Қала тіршілігі

ЖАЛҒАН ЖАРНАМА ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ



Сәрсенбі күні  Астана әкімінің бірінші орынбасары Сергей Хорошунның төрағалығымен үлестік құрылыс және сәулет пен қала құрылысы қызметіндегі заңнаманы сақтау жөнінде кеңес өтті.

18-1

Былтырғы 10 қазанда елі­мізде «Үлестік қатысу тура­лы» жаңа Заң қолданысқа ен­гізілді. Соған сәйкес тұрғын үй құрылысына әкімдіктің рұқсатынсыз халықтан ақша тартуға немесе кепілдеме келі­сімшарт­сыз аталмыш жұмысты атқаруға болмайды. Осыны кеңеске қатысушылардың қаперіне салған Сергей Хорошун бұл Заңға бағынбаған құ­рылыс салушыларға қарсы қылмыстық істер қоз­ғалғанын айтып өтті.

– Ведомствоаралық комиссия жұмысының барысында соңғы екі аптада 23 нысанда пәтерлерді сату бойынша жарнама заңсыз жүргізілгені анықталды. Бұл заңсыздықтарға қатысты материалдар Ішкі істер департаменті мен Мемлекеттік кірістер департаментіне жіберілді. Мұндай келеңсіздікке барған құрылыс салушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту мәселесін прокуратура органдары қадағалауына алды. Бас прокурордың өзі «Үлестік қатысу туралы» За­ңын бұзғандарға қатаң жаза қолданылатынын ескертті, – деді қала әкімінің бірінші орынбасары.

Одан кейін баяндама жасаған Мемлекеттік сәулет-құрылыс­ты бақылау бас­қар­масы басшысының орын­басары Дәулет Досқұловтың айтуынша, ҚР Үкіметінің шешіміне сәйкес алдағы 1 шілдеге дейін нысан құрылысын аяқтамаған құрылыс са­лушылар бұл мер­зімнен соң тиісті рұқсатсыз үйді сату жөнінде жарнама жасайтын болса, жазаланады.
– Үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат алған немесе Тұрғын үй құрылысын ке­пілдендіру қорымен келісімшартқа отырғандар ғана жарнама бере алады. Бүгінгі таңда мұндай рұқсатты 5 компания алды. Атап айтсақ, «Базисинвестстрой» ЖШС, «Компания Триумф Астаны» ЖШС, «Арман қала 21 век» ЖШС, «Шар – Құрылыс» ЖШС, «Корпорация Базис А» ЖШС, – дейді  Д.Досқұлов.

Оның сөзінше, 2015 жылдан бастап қазірге дейін ведомс­твоаралық комиссия жұмысының қорытындысында 100-ден астам нысанды заңсыз сатуға тосқауыл қойылып, былтыр
18 қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда әкімдіктің бақылауында 52 нысан тұр. Кеңес барысында Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Кивенова үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат алудың тәртібін, ал «Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры» АҚ басқарушы директоры Қанат Ибраев аталмыш қор арқылы үлестік құрылысты жүргізу жайын түсіндірді.Бұл кеңеске қатысқан құры­лыс компаниялары иелері мен олардың өкілдері өздерін қызықтыратын сұрақтарды қоюға мүмкіндік алды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button