Қала тіршілігі

Жанарға жарық сыйлаған



Медицина ғылымының кандидаты, біліктілік санаты жоғары офтальмохирург Қуатхан Манабаев таңдаулылар қатарынан табылуға әбден лайық. Өйткені, ол көптеген науқастың жанарына жарық сыйлаған. 

Көз көруін эксимерлазерлі түзету мамандығын Ресей, Германия, Францияда меңгерген дәрігер осы уақытқа дейін алты мыңға жуық операция жасаған. Бүгінде «Орталық жол ауруханасы» филиалы директорының орынбасары қызметін атқарады. Басшы болса да, заманауи медициналық құрал-жабдықтардың көмегімен күніне 5-6 науқастың көзіне операция жасайды.

Көзі нашар көретін адам өмірде түрлі қиындыққа кездеседі. Бүгінде жаңа технологиялардың көмегімен емдеудің классикалық және классикалық емес әдісі бар. «Қазіргі офтальмологияда көздің көруін лазермен түзету қарқынды дамыған. Мұндай жағдай алғаш рет 1985 жылы жасалған болатын. Бұл әдістің тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы сеніммен айтуға болады. Лазерлі операция бүгінгі күні миллиондаған адамдарға әртүрлі көру кемістігін (жақыннан көрмеу, алыстан көрмеу, астигматизм, пресбиопия) түзетуге мүмкіндік беруде» дейді Қуатхан Манабаев.

Кәсіби біліктілігі жоғары дәрігердің айтуынша, астаналықтардың көбі көз ауруына шалдыққан. Өйткені, көзге операция жасауды қажет ететіндердің кезегі 2-3 айға дейін созылады. Араларында жасы да, жасамысы да бар.

«Көз ауруы жасарып келеді. Кішкентай баладан бастап, үлкен кісілерге дейін дәрігердің қарауында кезекте тұр. Бұрын мұндай операциялар жасы келген кісілерге жасалса, қазір 30-40 жастағылар көп жасатады. Себеп көп. Ең басты себебі – компьютер. Күні бойы ұзақ уақыт компьютердің алдына телміргендер көз ауруына шалдығады. Сондықтан, әрбір астаналықтың өз денсаулығына көңіл бөлуін сұраймын. Көз жанарын сақтап, уақытылы дәрігердің қабылдауында болып, аурудың алдын алғаны жөн» дейді ол.
Астана қаласы Орталық жол ауруханасының көз микрохирургиясы бөлімшесінде көз көруін түзетуге арналған ең озық қондырғылар орнатылған. Германияның CarlZeiss компаниясы өңдірген MEL80 қондырғысының ерекшелігі, ТМД елдерінің клиникаларында кездеспейді. Жаңа LBV (Lazer Blended Vizion) функциясымен жабдықталған қондырғы жас ұлғаюына байланысты алыстан көрмеуді (преспиобияны) емдеуге мүмкіндік береді. Осы бөлімшенің ашылуына ықпал етіп, өзінінен кейінгі буынға үлгі болған Қуатхан Манабаев жиырма жылдан бері талай жанның жанарына жарық сыйлап қана қоймай, шәкірт тәрбилеуді де ұмытқан емес.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button