Сұхбат

Жандос ЖЕТІБАЕВ,Астана қаласы Алматы аудандық сотының судьясы: БАНКТЕР АЗАМАТТАРДЫҢ ЖАЙЫНА ТҮСІНІСТІК ТАНЫТСА ДЕЙМІН



– Қазір кез келген сауда орнына барсаңыз, қарызға тауар алуға мүмкіндік қарастырылған. Банк бөлімшесінің қызметкерлері әп-сәтте несиеге рәсімдеп бере қояды. Алған несиесін өтей алмай, банк тарапынан сотқа дейін жеткен оқиғалар қаншалықты көбейді?

– Дәл осы мәселеге байланысты Астана қаласы Алматы аудандық сотына көптеген талап арыздар түсіп жатады. Әрине, банктер халық уақытылы төлей алмағаннан ке­йін, мәжбүрлі түрде өндіріп алу үшін сотқа жүгінеді.

Мәселен, 2016 жылы 2500 талап арыз түсті. Оның барлығы сот отырысында және жеңілдетілген тәртіппен қаралып, сот актісі шығарылды. 5 талап арыз қараудан бас тартылды, 6 іс медиация және бітімгершілік бойынша шешімін тапты. Екеуінің мақсаты бір болғанымен, медиацияда талаптың мәнінен шығуға болады. Сонымен қатар, 19 іс қысқартылды, яғни онда талап арыз түскеннен кейін жауапкер бүкіл қарызын төлеп тастаған болатын.

Ал 36 азаматтық іс қараусыз қалдырылды. Бұл дегеніміз, тараптар арасында өзара келісім орнап, бір шешімге келсе немесе жауапкер берешегін толығымен өндіріп жатса, қараусыз қалып жатады. Сол сияқты 16 талап арыз қайтарылды. Сотқа дейін­гі тәртіпте азамат ескерту алғаннан кейін өз жауапкершілігін мойнына алып, берешегін төлеп тастаған жағдайда, талап арыз қайтарылады. Нақты айтқанда, 2473 азаматтық іс қаралды. Олардың кейбірі толық, кейбірі жартылай қанағаттандырылды.

– Қазір банктер өсімпұл мөлшерін аспандатып қоя­тыны сөзсіз. Егер тұтынушы, шын мәнінде, төлей алмай жатса, сот отырысында өсімпұл мөлшеріне қаншалықты назар аударылады?

– Дұрыс айтасыз, кейбір банктер көтеріңкі өсімпұл мөлшерін қойып тастайды. Азаматтық істерді қарау барысында жауапкердің өсімпұл мөлшерін қысқарту туралы арызы болған жағдайда қысқартамыз.

Сонымен қатар, кейбір банктер шартта көрсетілген сыйақы мөлшерінде екі есеге қойған кездері де кездеседі. Мәселен, көрсетілген график бойынша 1 млн теңгеге 300 мың қояды. Ал уақытылы төленбеген жағдайда, олар графиктен асып, 600 мыңға дейін шығып кетеді. Ол жағдайда біз сот тарапынан сот отырысына арнайы мамандарды тарту арқылы немесе іс бойынша сараптама тағайындау арқылы шарттан тыс есептеген сыйақы мөлшерін түсіріп жатамыз. Өйткені бұл графикте көрсетілген мөлшерден үстеме қоюда.

– Көбіне қай банктерден талап арыз түседі?
– Алматы аудандық сотына «Хоумбанк», «Еуразиялық банк», «Каспий банк» және дебиторлық компаниялардан көп талап арыз түседі.
– Несиесін төлей алмаған жағдайда банктің азаматтардың жалақы карточкасын бұғаттауға құқы бар ма?
– Негізінен, бұл мәселе келісімшартта кеңінен қарастырылады. Егер тұтынушы уақытылы төлемеген жағдайда жалақыдан ұстау туралы келісімшартта көрсетіледі, ол жағдайда банк жұмыскердің жалақы беріп отырған банкіне (платежное требование) жолдайды, онда жұмыскердің 50 па­йыз жалақысынан аспайтын мөлшерде ұсталынады. Сонымен қатар, соттың шешімін сот орындаушысы арқылы мәжбүрлі түрде орындау барысында да жалақының 50 пайызға дейін ұсталынады. Еңбек кодексінде көрсетілгендей, жалақыдан 50 пайыздан артық ұстауға болмайды. Өйткені адамның өмір сүруі үшін басқа да қажеттіліктері болатыны белгілі. Несиесі үшін азаматтардың айлығын түгел ұстап қалу заңға қайшы әрекет болып табылады.

– Өзіңіздің тәжірибеңізде азаматтардың жалақысынан 50 пайыздан аса мөлшерде ұстаған жайт кездесті ме?
– Әрине, кездеседі. Ондай жағдайда сотқа жүгінуге болады. Заңды тұлғалардың іс-әрекеттерінде заңсыз мән-жайлар анықталған кезде, заңмен қорғалатын азаматтың құқықтық мүдделерін қалпына келтіріп жатқан кездері де аз емес.

– Банк тарапынан қандай кемшіліктер тіркеледі?
– Әңгіме барысында айтқанымдай, кейбір банктер сыйақы мөлшерін екі есеге өсіріп, өсімпұл мөлшерін қойып жатады. Мәселен, азаматтар негізгі борышты екі күн ішінде төлей алмаса, олар бірден сыйақы үстіне сыйақы қосады, онымен қоса,ай сайынғы кредитті төлей алмай отырған азаматқа өсімпұлды есептеп береді.

Өздерінше келісімшартта көрсеткендей болады. Бірақ адами тұрғыдан да қарау керек. Менің ойымша, мүмкіндігі болмағаннан кейін төлей алмай қалады. Ол белгілі бір жағдайға душар болуы мүмкін. Осы ретте банктер тарапынан түсіністік болса екен деп ойлаймын. Өндірістік тәжірибемде азаматтың несиеге алған 300 мың теңгесіне 500-600 мың қосылғанын да көрдік. Халық сол үстемесімен қайтарып жатыр. Адамның өмір сүру деңгейіне, материалдық жағдайына банк тарапынан кейде мән берілмей жатады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button