#Жаңа Қазақстан

Жаңа идеологиялық тұжырым айқындалды



– Киелі Түркістан төрінде Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы өтті. Бұл жолы қозғалған мәселенің мазмұны ауқымды, маңызы ерекше болды. «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбына арналған жиында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізде жаңа құндылықтарды орнықтыру жөніндегі ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

Шын мәнінде, тұтас дүние алмағайып кезеңді бастан өткеріп жатқан қазіргі таңда елдің іргесін бекемдеу, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру және қоғамда адамгершілік, білімпаздық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді кеңінен дәріптеу айрықша маңызға ие. Осы орайда Президентіміз мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу секілді бағыттарға ерекше тоқталды. Соған сәйкес төл тарихымыздың көптомдық жинағын келесі жылы аяқтауды тапсырды. Тарихи тұлғаларымыздың бірыңғай тізімін жасау және қолданыс­тағы кейбір ордендерді Бейбарыс сұлтан сияқты халқымыздың біртуар перзенттерінің есімдерімен атау мәселесін де көтерді.

Мемлекет басшысы Құрылтайда өскелең ұрпақтың тәрбиесіне де баса назар аударды. Бүгінгі буын ұлтымыздың ертеңгі келбеті, болашақ болмысы екені анық. Сондықтан жас ұрпақтың патриот, білімді, дені сау тұлға болып қалыптасуы аса маңызды. Осы жолда ата-ана, мектеп және бүкіл қоғам болып жұмылуымыз қажет. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индус­трияны дамыту, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізу және мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жаңғыртуға қатысты басымдықтарды да атап өтті.

Президентіміз кітап басып шығару ісі идеология жұмысындағы негізгі бағыттың бірі екенін айтып, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу туралы ойымен бөлісті. Шекара маңындағы ауылдардың ахуалы елдің амандығына тікелей ықпал ететіні белгілі. Аталған аймақтардың әлеуетін арттырудың стратегиялық мәні зор. Сондықтан Мемлекет басшысының Қатон-Қарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешімі ұлттың тұтастығын одан әрі нығайту тұрғысынан жасалған ұтымды қадам екені сөзсіз.

Осы құрылтайда еліміздің алдағы жаңа идеологиялық тұжырымы айқындалды деуге толық негіз бар. Президентіміз осы бағдарды орнықтыру үшін мемлекеттік аппарат, сарапшылар, ғалымдар, тілшілер, азаматтық қоғам өкілдері бір кісідей атсалысуы қажет екенін тілге тиек етті. Елдік мүддені көздейтін бұл істен Парламент Сенаты да қалыс қалмайды. Алдағы уақытта Құрылтайда айтылған ойлар мен ұсыныс­тар әр қазақстандықтың адал азамат болып қалыптасуына, мемлекеттілігімізді нығайтуға және Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктетуге өз үлесін қосады деп сенеміз.

Мәулен ӘШІМБАЕВ,

Сенат төрағасы




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button