Жасарту технологиясы енгізіледі
Астана мен Корей Республикасының мамандары өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды. Соның аясында №2 қалалық аурухана базасында Кореяның Чаум клиникасының бір орталығы ашылмақ.
Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерік Байжүнісовтің айтуынша, осы орталық іске қосылғаннан кейін емделу үшін Корея, Германия сынды елдерге кетіп жатқан отандастарымыз өз елімізде ем қабылдайтын болады.
Жалпы Оңтүстік Кореяның Чаум клиникасы ағзаның қартаюына байланысты туындайтын ауруларды емдеу, адамды жасарту технологияларымен әлемге танымал. Бұл жағынан корейлер талай елдің медицинасын 10-15 жылға артқа тастап кетті.
Әрине, кореялықтардың тәжірибесін үйренген біздің мамандар да емдеудің ерек тәсілін игеретін болады.
Кореяда діңгекті жасушалар (стволовые клетки) көмегімен емдеу тәсілі ерекше дамыған. Бұл әдіс, әсіресе, адамды жасартуға, әжімді кетіруге жиі қолданылады.
№2 қалалық ауруханада кореялықтар орталық ашса, онда тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберіне кіретін сырқаттар тегін емделеді. Әлбетте, косметология саласына қатысты қызмет көрсетулер ақылы негізде жүргізіледі.
Жалпы шығыс медицинасы алдымен аурудың өзімен емес, оның шығу себебімен күреседі, адамның ағзасын тұтас емдейді. Демек, бұл клиниканың ел азаматтарына көмегі көп болары шүбәсіз.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ