Мәдениет

«Жасауыл» тағылымы

Астана қаласының Жастар театрында жазушы-драматург, Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаныш Құлмамбетовтың «Жасауыл» әфсанасының премьерасы өтті. Көрермендер жаңа қойылымды аталмыш театр сахнасынан бүгін де тамашалай алады. Спектакльдің қоюшы режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев.

«Шығарма Шекспирдің тілімен жазылды. Мұнда ұшы-қиыры жоқ шеңбердегі өмір сипатталады. Автор «Сол шеңберден қалай шығамыз?» деген сұрақты алдымызға тартады. Қойылымда, негізінен, қазір алыс-жақын шетелдерде болып жатқан жағдайлар туралы айтылады» дейді режиссер.
Боламыз ба, жоқ әлде бордай тозамыз ба? Қойы­лымның астарында осы сауал жасырынған сияқты. «Әр сыпыртқы өзінше сыпырады» демекші, әр билеу­ші таққа отырғанда жаңа заңдарды орнатады. Ол заңдардың теріс ықпалы ең алдымен халыққа тиетіні белгілі. Жасауыл билеуші мен халық арасында дәнекер болып жүреді. Сонда жоғары жақтан тасталған таяқ, төменнен сілтенген соққы оған тиеді де жүреді.
Спектакльде кейіпкерлерді, негізінен, жас әртістер сомдады. Жасауыл бейнесі Данияр Оразаевтың еншісіне тиді. «Адамның түнде ұйқыға жатардың алдында өзіне есеп беретін әдеті болса, менің кейіпкерімнің де бойында сондай дағды бар. Ол өзінің жолын өз еркімен таңдаған жоқ. Жасауыл жасаған қателіктеріне өкінеді. Бірақ дәрменсіз. Себебі жоғарыда қамшысын ұстап тұрған билеуші бар» дейді әртіс.
Десек те, спектакль елдіктің кілті – бірлікте екенін, ар-иманнан безіп, адамдық қалпынан айырылған халықтың ғұмыры келте болатынын ұғындырады. Тү­йіндеп айтқанда, қойылым көрерменді түрлі философия­лық ойларға жетелейді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button