Жолдау

Жастардың жолын ашу керек



Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының негізі халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталғаны белгілі. Бұл ретте жастардың білім алуына, жұмысқа орналасуына, сонымен қатар әлеуметтік тұрғыда қорғалуына мән беріліп отыр.

Меніңше, жастардың тәлім-тәрбиесіне ерекше маңыз берілсе, олардың әлеуметтік-экономикалық өмірге бейімделуі де жеңіл болады деп ойлаймын. Біле білсек, ұлттық тәрбие алған адамның тамыры тереңде жатады. Олар обал, сауап, ел алдындағы борыш деген адами құндылықтарға терең мән береді. Үлкенді сыйлау, кішіге ізет білдіру қасиеттерін бойларына сіңірген. Әрбір қазақ осындай қасиеттерді өздерінің балалары мен немерелерінің бойларына сіңіре білген. Қазақ балалары қашанда «Тәрбие тал бесіктен басталады» деген қағидамен өсті. Қазақ жастары дегенде негізінен ауылда туып, кішкентай күнінен ата-әжелерінің бауырында өсіп, ақ пен қараны айырып, мектепке дейін-ақ жақсы тәрбие мен ұлттық салт-дәстүрге қанығып өскен қыздар мен бозбалалар ойымызға оралады. Мектеп қабырғасында да олардың бойына сіңірген білім мен асыл қасиеттері жан-дүниесінен, адамдармен қарым-қатынасынан, өзін-өзі ұстай білуінен көрініп тұрады. Кейін оқуға түсу үшін қалаға келгенде де, тосылып қалмайды. Олар үлкен қаланың мәдени, ғылыми жетістіктерін меңгеріп алуға үлкен құлшыныспен кірісіп, жаңа ортаға тез бейімделіп кетеді.
Ал бүгінде заман, қоғам өзгерді. Нарық заманының өз заңдары бар. Қазіргі жастардың ой-санасы да өзгерді. Олар жайбарақат жүре беруге болмайтын қоғамның келіп жеткенін сезді. Елдегі саяси-әлеу­меттік жағдай жастардың болашағына үлкен әсер ететіні сөзсіз.
Сондай-ақ бүгінгі таңда жаһандық өзгерістер барлық салт-санаға, дәстүрге елеулі ықпал етуде. Ол ұлттың таным-болмысын, психологиясын өзгертіп бара жатыр. Нарықтың қатал заңына орай бара-бара кездесе қалғанда, жарқылдап амандасатын, пәк жүректі, ақпейілді ауыл балаларын көре алмай қаламыз ба деп те ойлаймын.
Қазақтың тамыры ауыл еді. Ал қазір ауылдарда жастар қалмай барады. Ауылдарда көбіне зейнет жасындағы ата-әжелер тұрып жатыр. Бұрын олардың ауласында малы, шаңырағанда үбірлі-шүбірлі бала-шағасы, немере, шөберелері болатын. Адамға ең қажеті жұмыс қой. Жұмыс болмаған соң, еңбекке жарамды жастар нәпақа іздеп үлкен қалаларға кетті. Ішкі көші-қон, жұмыссыздық бір кездері берекесі тасыған ауылдардың қаңырап қалуына алып келді.
Нақты бір мамандығы жоқ ауылдан келген жастар базарларда арба сүйретіп жүр. Кейбірі «екі қолға бір күрек табылар» деп құрылыста еңбек етуде. Амал жоқ, арзан жұмысқа жалданады. Табыстары тамағынан арылмайды. Сол себепті олардың жағдайлары өте нашар. Үй-күйі жоқ, қаланың шетіндегі арзан пәтерлерді, жер кепелерді не саяжайларды жалға алып тұрады. Күнделікті тамағы мен киімдеріне де ақша жетпейді. Біреулер оларды «Ауылдан қалаға неге келеді?» деп сөгуі мүмкін. Ауылда жақсы жұмыс болса, бұлай қала кезіп жүрмес еді ғой!
Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан оларға жағдай жасау­ды кешенді түрде ойластырған жөн. Өткен жылы Елбасымыз 2019 жылды жастар жылы деп жария­лады. Бұл жастар саясаты туралы жаңа көзқарас қалыптасуына жол ашып, қордаланып қалған мәселелерді шешуге ықпал етіп, қоғамға күрделі өзгерістер алып келеді деп үміттеніп отырмыз. Жастардың ел қатарлы өмір сүруі үшін жағдай жасалып, жас отбасыларға қолжетімді пәтерлер берілсе екен, олар әркімнің үйінде кіріптар болып жүрмесе екен деп ойлаймыз. Отбасын асырауына жететін қаржы табатындай жұмысы болуы қажет.
Біз Кеңес дәуірінде еңбекке араластық. Мен сол заманды аңсап отырғаным жоқ. Алайда ол кезде жұмысқа орналасқан жастарға міндетті түрде жатақханадан орын беретін еді. Отбасы болса, сол жатақхананың бір бөлмесін иеленеді. Үйдің кезегіне тұрады. Бірнеше жылдан кейін, көп жағдайда құрылысшылар бес жылдан соң өздері салған үйден пәтер алатын еді.
Пәтермен қамту мәселесі қаланың ғана міндеті болмауы тиіс. «Үкімет не қала әкімдігі неге үй салып бермейді?!» деп қарап отыра бермеу керек. Әрбір мекеме мен ұжымға зәулім үй салып алу қиын шығар. Дегенмен жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін тұратын жерді де ойластырғаны жөн. Сондықтан нарық заманында барлық мемлекеттік, бюджеттік және коммерциялық мекемелер, зауыттар мен кәсіпорындар өздерінің адамдарын орналастыратын жатақханасы болуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, жастар қазір бірнеше пәтер алып алған қалтасы қалың адамдардың үйлерін жалға алып, бар тапқан ақшаларын соларға беріп жүр.
Мүмкіндігіне қарай кез келген мекеме, кәсіпорын, сауда орталықтары өздерінің жұмысшылары мен қызметкерлеріне шағын жатақхана салып алатын болса, тұрғын үймен қамту мәселесі анағұрлым тиімді шешімін табар еді. Осындай тәсіл көп елдерде бар. Мұндай жобаға қала әкімдігі де қолдау білдіреді деп ойлаймын. Қала басшылығы жер учаскесін тегін беріп, кәріз құбырларын тартып берсе, ортақ істің нәтижесі мол болмақ.
Мысалы, Еуропа елдерін алайық. Норвегияда, Данияда құрылысшыларды және жетекші мамандарды жұмысқа орналасқан күнінен бастап жалдамалы пәтермен қамтамасыз етеді. Пәтерге төлейтін ақысын мекеме өтейді. Егер құрылысшы, бригадир, шебер өз жұмыстарын сапалы атқарып, үш жыл сенімді түрде еңбек етсе, оларға жалға алып отырған пәтерлерін тегін береді. Норвегияда солай. Ал Данияда жалға берілетін пәтердің 60-70 пайызын мекеме төлейді, ал қалғанын құрылысшы өтейді. Осындай қолжетімді тәсілдерді біздің елде де қолдануға болмай ма? Әбден болады!
Жалпы, құрылыс саласында заңға сәйкес келтіретін жайттар өте көп. Құрылысты пайдаланып, көбірек қаржы жасаудың жолын жасап алғандар да бар. Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіріп, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмейтін, ашық құрылыс алаңы болуы тиіс. Міне, сонда қоғам да дұрыс дамиды, жастарымыз да ел қатарлы өмір сүріп, еңбегіне қарай толыққанды жалақы алатын болады. Бұл істе түбегейлі реформа қажет.
Қазақтың дарынды ақыны
Мағжан Жұмабайұлы: «Мен жастарға сенемін!» деді. Сол айт­қандай, мен де отбасында ата-ана тәрбие­сін көрген қазақ жастары тәуелсіз еліміздің тірегі болады деп сенемін. Үкімет жастардың ізгі армандарының орындалуына мүмкіндік беріп, алға басуына жол ашып, ғылымда, еңбекте олардың біліктілігі мен қабілетін бағалай білуі қажет. Ақылды, білімді, іскер, алғыр жастардың ертеңгі күні ел сенімін ақтайтынына ешқандай күмәніміз жоқ.

Мақсот МҰХАТОВ,
Қазақстанның құрметті
құрылысшысы, еңбек ардагері

Нұр-Сұлтан қаласы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button