Жаңалықтар

ЖОЛДАР ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАЛҒАСАДЫ



Бас қалада автокөлік жолдарының құрылысында жетістіктер көп болса, кемшіліктер де аз емес. Астана қалалық мәслихатының депутаты Ирина Манжанова осындай пікірде. Мәслихаттың Құрылыс, экология, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында өз ойын жеткізген ол сөзін нақты мысалдармен әдіптеді. Комиссия мүшелері алдымен қалалық Автомобиль жолдары басқармасының басшысы Асхат Қарағойшиннің есебін тыңдады.

Басқарма басшысының айтуын­ша, биыл жол-көлік инфра­құры­лымын дамытуға республи­калық бюджет пен жергілікті бюджет­тен миллиардтаған қаржы бө­лінді. Бөлінген қаржының есе­бінен бүгінгі күнге ұзындығы 23,4 шақырымды құрайтын 11 көшенің құрылысы аяқталды. Кіші айналма жол құрылысының шеңберінде Абылай хан даңғылы мен Р.Қошқарбаев көшесінің қиылысында жолайрық құрылысы жақында аяқталмақ. Жалпы
алғанда, биыл қос көпірдің құ­рылысы басталып, 19 көшеде құрылыс жалғасуда.
Бұған қоса, жалпы ұзындығы
64,2 шақырымды құрайтын қаланың 104 көшесінде орташа жөндеу жүргізілді. Оның ішінде 6 тұрғын алабы бар. 55 көшеге асфальт төселді.
Ирина Манжанова болса жолдар құрылысының сапасына назар аударды. Соның ішінде №85 көшеге ерекше назар аударды. Сондай-ақ, депутат «Социум» тұрғын үй кешеніне апаратын және осы үйдің ауласындағы жолға, Қаратал, А.Жұбанов көшелеріндегі, Көктал-2 кентіндегі жолдардың жағдайына көңілі толмайтынын айтты. Оның сөзінше, жаңа деп саналатын сол жағалаудың өзінде кейбір жолдар сын көтермейді. Мәселен, «Москва» бизнес орталығы маңайындағы жолға қатысты соны айтуға болады.
Асхат Қарағойшиннің сөзінше, қаржыландыру жағдайына байланысты біраз жолдың құрылысы келесі жылы басталуы тиіс. Атап айтсақ, алдағы жылы Интернациональный, Мичурино тұрғын алаптарында инженерлік желілер мен жолдарды салу жобасына түзетулер енгізілмек. Республикалық бюджет нақтыланғанда, жолдардың құрылысына қосымша қаржы сұрау да жоспарлануда.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button