Таным

Жөргегінде тұншықтырылған заң



Уақыт өтсе де өзінің құндылығы мен мазмұнын, мән-мағынасын жоймай, керісінше жалпыұлттық деңгейге айналып, сипаты халықтық қолданысқа еніп кететін дүниелер болады. Мұның анық та айқын мысалы – Барлыбек Сырттанұлы жазған «Қазақ елінің Уставы» конституциялық еңбегі дер едік. Асылы, бұл еңбек – бүгінгі қазақ құқықтық-заң ілімі тарихының төлбасы. Сөзімізді тақуа тарихтың өзі дәлелдеп отыр.

Уставтың жазылу тарихы

Барлыбек Сырттанұлының аталмыш еңбегі небәрі 4 бөлім, 28 баптан ғана тұрады. Заң, құқық мәселелерін жетік меңгерген қайраткер 1911 жылдың 13 маусымында осы еңбегін аяқтап, ел игілігіне ұсынбақшы болады. Бірақ патшалық жандарм өкілдері революционер-демократ қазақ ұлын қатаң бақылауға алып, ел астанасы – Петербордан қыр даласына қайтарады. Күнделікті тыныс-тіршілігі, тіпті әр қадамы бақылауға алынған азамат өзінің темір құрсау­лы торға ілінгенін сезіп, шығармашылық-интеллектуалды мұрасын жасырып қойған-ды. Жөргегінде тұншықтырылған құнды еңбек – еліміз Тәуелсіздігін алып, еңсесін түзеген шақта ғана жарияланды (1994 жыл, «Әділет министрлігінің хабаршысы», №12). Жариялау­шы – қайраткер мұрасын зерттеген, заң ғылымының докторы, профессор Cәкен Өзбекұлы. Асыл қазынаны Барлыбектің үлкен қызы Қанипа көзінің қарашығындай сақтап, қиын-қыстау кезеңдерде жер астына көміп жүріп, әке мұрасын НКВД тінтуінен аман алып қалды.
Барлыбек жазған конституциялық еңбектің мәні – отарлық саясаттың зардабын тартқан қазақ елін өз алдына дербес мемлекет қылу болатын. Авторға осы идеяны өзінің құрдасы, қазақ саяси элитасының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан берген. Барлыбек түзген Уставтың ­негізгі платформасы мен идея­сы кейіннен «Алаш Орда» үкіметінің бағдарламасына тірек болып, көрініс тапты.

Уставтың жаңашылдығы мен заманауи сипаты

Өткен күнге бүгінгі күннің биігінен қарар болсақ, «С.Б.Алашинский» жазған Устав, қазіргі стильмен айт­қанда, Конституция – терең ақыл-ой иесінің кемелдігі мен жан-жақты білімінің нәтижесі іспетті. Еңбекті оқи отырып, әрбір тармағына қайран қаласың! Мәселен, «Кіріспе» бөлімінде: «…Жаңа заманда атыссыз, соғыссыз, қан төкпей бейбіт жолмен жерімізде хүкметі өз қолында ел болу мақсатында, барлық елдермен достықта болу үшін жеке Қазақ елі республикасын құрамыз» делінген. ХХ ғасыр басындағы оқыған қазақ азаматтары патшалықтың отарлау саясатына ақыл-ой, кемел білім арқылы ғана қарсы күресіп еді ғой. ­Б.Сырттанұлы болашақ қазақ елін парламенттік республика формасында басқаруды ойластырып, оның ең үлкен билік органы – Парламент екенін анықтап, «Қазақ елінде ең басшы орны – Ұлт мәжілісі» деген. Саяси қайраткер қазақ елінің жеке мемлекет ретіндегі басты белгісі басшылық құрылымын ­былайша белгілеген: елдің басшысы – Президент, «6. ­Президент Қазақ елін минис­трлер арқылы басқарады. Министрлерді Президент өзі таңдайды, бірақ ­Ұлт мәжілісі дауыспен шешеді. ­7. Министрлер ­өздері басқарған жұмыстарымен Президенттің ­һәм Ұлт мәжілісінің алдында ­есеп беріп тұрады» деп атқару­шы органның ­жұмысын ­көрсет­кен.
ХХ ғасыр басындағы АҚШ, Батыс Еуропа елдерінің Конституцияларымен жақсы таныс болған зерек заңгер адам баласының хұқы туралы: «10. Қазақ елінде адам баласының бәрі тең хұқылы. Дініне, қанына, нәсіліне қарап адамды қорлауға жол жоқ. Адам тек закон һәм құдай алдында жауап береді» деп әрі қарай ер мен әйел құқының теңдігі, дүние-мүлікке иелік ету, білім алу, бір-бірімен емін-еркін сөйлесу, ұйым немесе партия құруына ешқандай шектеу жоқтығы туралы т.б. демократиялық құндылықтардың мағынасын тарқата жазған. Қарап отырсақ, осының бәрі бүгінгі күннің талабымен астасып, қабаттасып жатыр. Өткен ғасырдың басында айтылған ойдың өміршең­дігі – осы.
Конституциялық еңбектің басты ерекшелігі – қазақылығында. Яғни қарапайым әрі ұғыныңқы тілде жазылуы. Бәлкім, осы қарапайымдылығынан болар әр қазақтың жүрегіне «жылы тиіп» отырғаны. Қазақылығында дегенімізге тағы бір рет оралсақ, қайран Бәкең қазақ жері, сот турасында кесек-кесек ордалы сөздерді ортаға салыпты. «18. Қазақ жері оның меншігінде болады. 19. Қазақ елінің жері саудаға түспейді, құдай оны адам баласына пайдалану үшін жаратты. 20. Жердің кені, орман, су, көлі һәм тау­лары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, үй салу, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұхсатымен болады» деген екен. Не деген көрегендік десеңізші?! Сол қазақтың бір уыс топырағы, сайын даласының тағдыры – бүгінде көз біткенді телміртіп, таразы басына тартылып тұр емес пе?.. Ал сот қызметі турасындағы көзқарасы («24. Қазақ еліндегі бар судьялар Ұлт мәжілісінде өмір бойы сайланады. Законды бұзған һәм орындамаған судьялар орындарынан алынады. 26. Судьялар қазақ тілін білуі шарт. Басқа нәсілдердің сотта өз тілдерінде сөйлеуге хұқы бар. 27. Присяжный соты ауыр қылмысты істерді шешуге хұқылы. Присяжный саны 7 адам. 28. Сот орындарында партиялар болмауы шарт. Судьялар партияға кіру хұқынан айрылады. Жасырын мүше болса, орнынан алынады») дәл қазіргі сот жүйесінің принциптерімен жанасып тұр екен.
Бұл құжатта көтерілген мәселелер мен идеялардың әлі күнге дейін өзекті, жасампаз болуының басты себебі – адами капитал, жеке адамның бас бостандығы мен зайырлығына айрықша көңіл бөлінгендігінде.

 

Елдос ТОҚТАРБАЙ,
ҚР «Дарын» мемлекеттік
жастар сыйлығының лауреаты

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button