Қала тіршілігі

ЖЫЛЖЫМАЙТЫН МҮЛІК БОС ТҰРМАУ КЕРЕК



Астана әкімдігі тұрғын үйлер мен коммерциялық мақсаттағы жылжымайтын мүлік нысандары туралы бір­неше параметр бо­йынша ашық мағлұмат беретін портал ашуды жоспарлап отыр.

Ол туралы кеше Тәуелсіз­дік сарайында басталған CRE Central Asia-2017 жыл­жымайтын мүлік девело­перлерінің форумында Ас­тана қаласы әкімінің орын­басары Мәлика Бектұрова мәлімдеді.
– Өздеріңізге мәлім, бізде былтырдан бері «109» қызметі жұмыс істейді («051» қызметі» ММ базасындағы Интеллектуалды контакт орталығы былтыр 1 қаңтардан бастап іске қосылған болатын – ред). Сол жерге соңғы тоғыз айдың ішінде тұрғындардан коммуналдық-тұрмыстық мәселелерге қатысты 400 мыңдай өтініш келіп түсті. Ол жерде тұрғын үйлерге, кеңселерге, абаттандыруға қатысты көптеген арыз-шағым жиналады. Біреуінде лифт істемей қалады, біреуінде жарық дұрыс берілмеген дегендей. Осы секілді соңғы он жылдың мәліметтері бізде сандық формат күйінде сақтаулы. Егер біз оны баршаға қолжетімді етсек, тұрғын үй, кеңселердің артық-кемшілігі туралы анық ақпарат білуге болар еді. Басқаша айтқанда, ондай мәліметтер жалпыға жария болса, өздерін премиум, бизнес класқа жатқызатын нысандардың нарықтағы шынайы бағасы қалыптасуына септігі тиеді деп ойлаймыз, – деді Мәлика Ерланқызы.
Жалпылай алғанда, жыл­жымайтын мүлік құрылысы Астана экономикасының негізгі қозғаушы күші сана­лады. Қалада жыл сайын ком­мерциялық нысандарды қоспағанда, 2 млн шаршы метр тұрғын үй салынады.
Ал Астана әкімдігіне қарас­ты «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басқаруында мемлекет меншігіндегі жыл­жымайтын мүліктің ірі көлемі шоғырланған.
«Болашақта біз ол нысандардың барлығын жекешелендіреміз немесе коммерция­лық мүлік менеджментіне маманданған анағұрлым кәсіби командаларға басқаруға бермек ойымыз бар» деп атап өтті Мәлика Ерланқызы. Сондай-ақ, қала әкімдігі жылжымайтын мүлік иелерін шағын кәсіпкерлікке кеңсе, орын жалға беру жағын ойластыруға шақырады.

Әділбек Жапақ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button