Басты ақпаратМәселе

Зорлық-зомбылық неге азаймай отыр?



Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарындағы жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден «күйеуі әйелін ұрып өлтіріпті» немесе «баланы зорлап кетті» деген ақпарат жиі айтылады. Қоғамдағы құқық бұзушылыққа бұдан әрі төзе беруге, бұл сұмдық әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. Ел болып, әлсіз жандарға жасалатын тұрмыстық зорлық-зомбылықты тоқтату мақсатында мемлекет деңгейіндегі шаралар қолға алынбаса, «111» жедел қызметіне әйелдер мен балаларға жасалған зорлық-зомбылық туралы күнделікті түсетін қоңыраулардың тіпті толастайтын түрі жоқ. Біз бүгін психолог-маман Әсел ЖҰБАНЫШЕВАДАН педофилия дегеніміз не, қайдан пайда болады, қоғамда кең етек алған тұрмыстық зорлық-зомбылықты қайтсек болдырмаймыз деген тақырыпта сұхбаттасқан едік.

– Әсел Серікқалиқызы, тұрмыс­тағы зорлық-зомбылық көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Күйеуі әйелін ұрып өлтіріпті немесе бала зорланды, қыз балаларға әлімжеттік жасалды деген ақпаратты жиі көруге болады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

– Бұған басты себеп ретінде адамдардың білім сапасының нашарлауы дер едім. Соңғы он-он бес жылдың төңірегінде, байқасаңыз, білім сапасының төмендеуіне байланысты түрлі зорлық-зомбылық әрекеті көбейді. Ғаламтор арқылы адамдар тексерілмеген, жалған ақпаратқа аражігін ажыратпай жатып-ақ сене бастайды. Бұл дегеніңіз ақыл-есі жетілмеген кішкентай бүлдіршіннің қолына қару ұстатқанмен бірдей. Ғаламтордағы тексерілмеген ақпаратпен шала сауатты адам не істерін білмейді немесе оны таратады, сөйтіп, қоғамдағы ахуалды одан сайын күрделендіріп жібереді. Мұның бәрі мәліметтің ақ-қарасын аңғармаудан, білімсіздіктен туады деп ойлаймын.

– Зорлық-зомбылық фактілері азаю үшін қоғамда не істеу керек, мемлекет тарапынан қандай іс-шаралар жүргізілуі керек деп ойлайсыз?

– Менің ойымша, ең алдымен, заңды қатаңдату керек, екіншіден, ағарту-насихат жұмысын көбейту қажет. Педофилия қайдан пайда болды, қаупі неде, олармен қалай күресу керек дегенді үйретпесе болмайды. Соңғы уақытта сексуалдық революцияның кесірінен отбасы институты мүлдем құлдырап кетті деуге болады. Сондықтан ағарту жұмысын жүргізіп, ұлттық, отбасылық құндылықтар туралы, әсіресе ауылдық жерлерде тұрғындармен кездесіп, жиі айтылуы керек. Ересек адамның, еркектің жас балаға әлімжеттік жасап, зорлауы деген – бұрын-соңды ұлттық менталитетімізде болмаған жантүршігерлік жағдай. Мұның бәрі – ұлттық құндылықтардың құлдырауынан, отбасы институтының жұмыс істемейтінінен. Тағы да айтамын, мұнымен күресудің жолы бар. Заңдарды қатайту, адамдарды тәртіпке бағынатын жағдай қалыптастыру және ағарту бағытында үзбей, тынбай жұмыс істеу. Отбасындағы ұрыс-керіс, жанжалды айтудан адамдар қашпауы керек, психолог мамандарға барып, өзекті мәселелерін шешу жолын ақылдаса келе шешсе, ұтылмайтыны анық. Себебі біз арнайы зерттеп қарағанымызда, осындай зорлық-зомбылық орын алған отбасында ашықтық, жариялылық жетіспейді, үндемегеннен, қауіпті жасырғаннан ол одан әрі қарай ушыға түспесе, жеңілдемесі анық.

Жас балаларды зорлау (ҚР ҚК 120-б., 4-б.) және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (ҚР ҚК 121-б., 4-б.) үшін оларды 20 жылға бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру (бұрын 17 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойы бас бостандығынан айыру) көзделген. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмысы үшін жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалау мерзімі бес жылға дейін ұзартылады

– Балаларға қатысты педофилия қайдан шықты, қандай түрлері бар және оны қалай жоюға болады?

– Педофилия – туа біткен немесе жүре келе пайда болатын психологиялық ауытқу. Яғни кішкентай баланы сексуалды объект ретінде қарастырады. Яки психологиялық ауытқуы болмай, педофилияны жүзеге асырған адам өзі жас кезінде педофилияның құрбаны болғанын білуге болады немесе қасақана адамның қызығушылық мақсатында жүзеге асырған қылмыстық әрекеті. Мұның алдын алудың жалғыз жолы – ағарту іс-әрекетін жүргізу. Ересек адамдармен ғана емес, балаларға өзін-өзі қалай қорғау керегін үйреткен дұрыс. Көбі кішкентай кезіндегі ересектер тарапынан болған осындай келеңсіз әрекеттерді жасыруға тырысады, айтпаудың ақыры қайғылы аяқталатыны өкінішті. «Ұят болады!» деген сөз біздің қауіпсіздігімізге, бала тәрбиесіне қатысты орынсыз жерде қолданылатынын айтуымыз қажет. Ауруды жасырмау керек, ашығын айтып, әшкерелеу арқылы қаншама жастың болашағына балта шабылмас еді, тағдыры тас-талқан болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан ағарту, түсіндіру жұмысын тек әйелдер арасында ғана емес, ерлер, балалар арасында өткізудің де маңызы зор.

Жас балаларды зорлау (ҚР ҚК 120-б., 4-б.) және нәпсіқұмарлық сипаттағы күш қолдану әрекеттері (ҚР ҚК 121-б., 4-б.) үшін оларды 20 жылға бас бостандығынан айыру не өмір бойы бас бостандығынан айыру (бұрын 17 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойы бас бостандығынан айыру) көзделген. Бұл ретте кәмелетке толмағандарға жасалған жыныстық қылмысы үшін жазасын өтеген адамдарға әкімшілік қадағалау мерзімі бес жылға дейін ұзартылады делінген ІІМ мәліметінде.

– Шетелмен салыстырғанда бізде бұл мәселенің шешілуі қалай? Адамдарға өз құқығын білу тұрғысында тағы қандай кеңестер керек?

– Дамыған мемлекеттерде заң қатал, мысалы, Біріккен Араб Әмірліктерінде зорлық-зомбылық жасаған адам ең қатал үкім – ату жазасына кесіледі. Заң қанша қатаң болғанмен, оларда қылмыс жоқ деуге болмайды, бірақ жазасы қатаң болғандықтан, қарапайым адамдарда заңды бұзушылық өте аз кездеседі, халық мемлекеттің заңын құрмет тұтады және оның талабын мүлтіксіз орындайды. Заң қатал болған сайын тәртіпке бағыну да күшейе бермек.

– Тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселесі түбегейлі шешілуі үшін мүмкін ғаламторды немесе кейбір телеарнаның қызметін шектеу керек болар, қалай ойлайсыз? Бұл мәселені жақсартудың тағы қандай жолдары бар?

– Жалпы, әлемдік практикада бұғаттау, көрсетпеу, жасыру, рұқсат бермеу деген ешқашан ешкімге жеңілдік әкелмеген, ол мәселені шешпеуі мүмкін. Менің ойымша, қоғамда осындай келеңсіздіктер болса, оны бұғаттап, жауапқа тартудың орнына оның себебі қандай, салдары туралы ашық диалог құру керек деп есептеймін. Бұғаттау арқылы оның осы қылмысқа қызығушылығын қайта өршітіп алуымыз да мүмкін. Кәмелетке толмаған балаларға, жасөспірімдерге белгілі бір жағдайда ата-ана тарапынан қадағалау керек болар, бақылау, әрине, қажет, ал ересектер өздігінен қандай қылмыс жасаса, қандай жауапкершілік болатынын білуі, сезінуі тиіс. Қалай болғанда да қоғамдағы келеңсіздіктер, жантүршігерлік түрлі оқиғалар біздің – сіз бен біз өмір сүріп отырған ортада, өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізде болып жатқанын ұмытпауымыз қажет. Меніңше, халық арасында осы тақырыптағы ағарту жұмысын теледидар, газет, радио, әлеуметтік желі арқылы кеңінен насихаттау керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, күрмеуі қиын күрделі осы мәселеге бей-жай қарамай, бірлесе отырып атсалыссақ, үлкен нәтижеге қол жеткізер едік, қылмыстың ­азаюына септігі тиер еді деп ойлаймын.


Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button