Сәкен мен Ахмет сабақтастығы
![](https://astana-akshamy.kz/wp-content/uploads/2023/09/375462789_3678114152423124_425859711604365439_n-780x470.jpg)
Астана қаласы Мәдениет басқармасына қарасты мекемелерде Қазақстан халқы тілдері күніне орай бірқатар іс-шара өтті. М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Даналық диқаншысы» атты танымдық сағат, ал Сәкен Сейфуллин мұражайында дәріс оқылды.
Танымдық сағат «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының мұраларына арналды. Оған №6636 әскери бөлімінің жауынгерлері қатысты. Тағылымды шара барысында ұлт ұстазының жас ұрпаққа ұлағат болар сөздері айтылып, еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сондай сөздерінің бірі – «Білімді болуға оқу керек, бай болуға кәсіп керек». Ал көрмеден «Тіл – құрал», «Әдебиет танытқыш», т. б. еңбектері орын алды.
Тілдер күніне арналған дәрісті Тарихи-мәдени мұра объектілерін және ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету орталығының қызметкері Қабиден Қуанышбай оқыды. Дәрістің дәл Сәкен Сейфуллин музейінде оқылуының өз себебі бар. Сәкен Сейфуллин 1922 жылы Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойын ұйымдастырып, жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған. Қаншама қарсылыққа қарамай осы шараны сәтті атқарып шыққан. «Кеңсе тілі – қазақ тілі болсын» деп шырылдаған да Сәкен еді. Ахмет те, Сәкен де қазақтың тілін қасиетті тұғырына қондыру үшін еңбек етті. Шара барысында қос тұлғаның арасындағы сабақтастық әңгіме өзегіне айналды.