ӘлеуметБасты ақпарат

Жүрек қалауы

Адам өзі қалаған жұмысын атқарғанда, үлкен табыстарға қол жеткізеді. Бұл шынайы шындық. Сөзімізге арқау болып отырған азамат – Төлеуғазы Қамашұлы Нұркенов.

Төлеуғазы Нұркенов 1953 жылы 16 қыркүйекте Қарағанды қаласында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. Нағыз өндіріс орталығы. Кеңестік кезеңде ол көмір ошағының үшінші орталығы болатын. Әкесі Қамаш – Абай селолық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы, анасы Күмісжан – үй шаруасындағы адам. Жанұяларында төрт ұл, төрт қыз бала. Төлеуғазы осындай татулығы жарасқан үлкен жанұяда өскен.

Балалық шағын еске алғанда, Төлеуғазы:

– Әкеміз қатал кісі еді. Жұмыс десе жанын беретін. Ол кісінің адалдығы бір басқа, басқару қабілеті ерекше болатын. Әкемізді жұрт қатты сыйлайтын. Біз ол кісіден кәдімгідей именетінбіз. Үйдің шаруасында ол кісінің жұмысы жоқ еді. Барлық іс анамыздың мойнында болды, сондықтан біз шамамыз келгенше көмектесуге тырысатынбыз. Үйде әрқайсымыздың өзіміз атқаратын белгілі жұмыстарымыз бар. Біз оларды уақытында, бұлжытпай және жақсы орындауға талапты болдық. Еңбегіміздің бағасын анамыз кешкісін, шай ішіп отырғанда, әкеміздің көзінше беретін. Осыны білетін біз қашан да оқуымызды жақсы оқып, үйдегі шаруаға да ұқыпты болатынбыз, – дейді.

Осындай тәрбие көріп өскен жігіт мектепті 1971 жылы жақсы бағамен бітіреді. Күзде Армия қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады. Одан оралған соң Алматыдағы Мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді Ауылшаруа­шылық институтына түседі. Оны үздік бітіріп, агроном мамандығын иемденеді. Институттың жолдамасымен Алматы облысының ауылшаруашылық басқармасына бас агроном болып, еңбек жолын бастайды.

Жас жігіт алғашқы қадамынан бастап-ақ белсенді және білгір маман ретінде таныла бастайды. Оны Алматы облыс­тық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінің аппаратына жұмысқа шақырады. Төлеуғазы Нұркенов облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасарының көмекшісі болып тағайындалады.

Осы бір кезеңді Төлеуғазы былай суреттейді:

«Ол кезде төрағаның бірінші орынбасары болып соғыс ардагері Қазтай Нұрманбетұлы Ұлтарақов деген кісі атқарған. Соғыста оң қолынан айырылғанымен, сол қолымен керемет жазатын.  Ол кісі өте қатал адам еді, бірақ сонысына қарамай шыншыл, әділ болатын. Сол бір жауапты қызметте жүргенде, мен сол асыл ағамыздан көп үлгі-өнеге алдым, көп нәрсені  үйрендім».

Шынында, үйренетін нәрселер жеткілікті. Төлеуғазы Нұркенов бірінші орынбасардың көмекшісі болып, жұмыс атқарған мекеме бастығының бақылауында ауылшаруашылық, құрылыс, сауда, байланыс мәселелері болды. Сондықтан сол мәселелер жайындағы мәліметтерді толық білуі қажет еді. Күн сайын атқарылып жатқан жұмыстарды қадағалап отыратын. Ол үшін облыстық, аудандық қызмет пен кеңселердің басшыларымен тікелей байланыста отыратын. Іссапарға да жиі шығып, сол жердегі кадрлармен бетпе-бет кездесіп, олардың атқарып жатқан жұмыстарын көзімен көріп, әрбірінің қабілетін анықтайтын. Бұл тынымсыз жұмыстың нәтижесі де бар еді. Төлеуғазы үлкен тәжірибе мектебінен өтті десек те болады.

Өзіне өмірлік тәжірибе жинаған маман жігіт Алматы облыстық ауылшаруашылық басқармасына бас маман болып тағайындалады. Мұнда ол жерді пайдалану, жерді өңдеу, жерді қорғаудағы теориялық білімін іс жүзінде пайдалану мәселесімен етене шұғылданады. Тағдыры оны қайтадан жерді, жер құрылысы кәсібіне мәңгілікке алып келеді.

Төлеуғазы өндірістік дағдылары мен мол тәжірибесіне қарамай, теориялық білімін көтеруге талпынады. Ол С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің жерді пайдалану факультетін тәмамдайды. Өз мамандығының барлық қыр-сырын жақсы білетін, өз ойын пайымдай алатын дәрежеге қол жеткізеді. Өз саласының бағытына творчестволық көзқараспен қарап, көп мәселені шешудегі жаңалықтарға қол жеткізе алатынын танытады. Өзінің осындай қасиеттерімен Төлеуғазы Нұркенов жауапты мемлекеттік қызметтерге ұсынылады.

Ол Алматы қалалық атқару комитетінде бас маман болып бастап, өзінің жұмысына деген адал еңбегінің арқасында, Алматы қаласы Жер ресурстары  комитет басқармасы төрағасының орынбасары дәрежесіне дейін өседі.

Өмірінің осы бір кезеңін Төлеуғазы толғана отырып есіне алады.

– Мен жұмысқа орналасқан кезімде комитеттің төрағасы Бексырға Данышпанов ағай болатын. Ол кісі сол кездегі жерді орналастыру, жер қатынастары және жерді  қорғау мен ұтымды пайдалану жөніндегі белгілі маман еді, – деп, мақтанып та алады.

Осы кезде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы тарихи шешімі шыққан еді. Бұл қаулыға Төлеу­ғазы қатты қуанды. Оның ойына бірден келген нәрсе – Ақмола қаласын ұлғайту үшін жердің жеткілікті екені.

1998 жылдың ақпан айында Төлеуғазы Нұркенов Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің төрағасы Бақыт Сағындықұлы Оспановқа сұқбатқа шақырылады. Ол кісі Төлеуғазыға жаңа астананың Жер ресурстары басқармасы қалалық комитетін басқаруды ұсынады. Ойлануға уақыт береді. Ол бірден әкесімен ақылдасады. Әкесі: «Балам, бұл ұлы көш. Көштен қалуға болмайды. Халықпен бірге бол!» деп батасын беріпті.

Төлеуғазы Нұркенов әкесінің батасын алып, Бақыт Сағындықұлына келісімін беріп, Ақмола қаласына ұшақпен ұшып кетеді. Оны қары бораған, суық, қоңыр да көңілсіз шағын қала қарсы алады. Ол келе салып, білегін сыбанып, осы қалада болашақ астананы көтеруге кірісіп кетеді. Қолда бір ғана құжат – лауазымды қызметке бекітілгені турасындағы бұйрық. Басқасын ол өзі ұйымдастыруы қажет еді. «Целингипрозем» мекемесінен екі бөлме бөлінеді. Бара-бара үйдің бір қабатын иемденеді. Банкте есеп-шот ашылып, жаңа кадрлар жинақталады. Еншілес шаруашылық кәсіпорындар ашыла бастайды. Соның бірі – «АстанагорНПЦзем» жобалау институты. Оны Хатиев Нұрман басқаратын болады. Мамандарға білімі мен кәсіби тәжірибелерін  тереңдетуге, дұрыс шешім қабылдауларына мол мүмкіндік жасалады. Өзінің қызметі турасында Төлеуғазы:

– Біздер осылай қызу жұмысқа кірісіп кеттік. Біздердің басты мақсатымыз – салынатын объектілерге бөлінетін жер телімдерін және олардың құжаттарын дұрыс әрі уақытылы даярлап отыру. Бұған қоса пайдалануға берілген объектілердің құқықтарын анықтайтын төл құжаттар да уақытылы жасалуы тиіс еді. Барлық объекті Қазақстан Рес­публикасы Үкіметі бекіткен, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен келісілген қаланың Бас жоспарына сәйкес салынып жатты, – деп, мақтаныш сезімімен еске салды.

Жеке адамдар мен заңды тұлғаларға қала аймағынан жер бөлу турасында жер туралы ережеге сәйкес Астана әкімінің қаулысымен Жер бөлу комиссиясы құрылды. Оны қала әкімінің орынбасары басқарды, ал көмекшісі болып Төлеуғазы бекітілді. Олардың алдында, Астана қаласының қазіргі замануи қайталанбайтын келбетін жасау мақсаты тұрды. Объектілердің құрылысын тездету, жер телімдерін заң тәртібіне сәйкес уақытында бөліп отыру заң аясында жүргізіліп жатты. Ашық та адал жұмыс жасалды.

Ол жылдары жаңа астананың жер көлемі 25,2 мың гектар болатын. Ол тез арада игеріле бастады. Оны ұлғайту үшін жаңа жоба жасауға тура келді. 2000 жылдың 8 тамызында «Астана қаласына жаңа жерлерді енгізу туралы» Тұңғыш Президенттің қаулысы шықты. Бұл күндері қала аумағы 80 мың гектар болып отыр.

Өзінің кәсіби ұзақ қызметінде Төлеуғазы  Нұркенов бірде-бір рет өзі таңдаған мамандығынан айныған емес және оған адал болды. Өзі таңдаған мамандығын терең зерттеп, өз ісін қажетке жарата білді. Өзі жақсы болғандықтан, оның қасында қашан да жақсы жандар жүрді.

Осы салада он сегіз жыл еңбек еткен жылдары ол жеті әкіммен жұмыс жасады. Олардың барлығы адамгершілігі мол, жауапкершілігі ерең жандар болатын. Олар өздерінің қарамағындағыларға күшті талап қоя білді және оларды сыйлай да білді. Төлеуғазы өз жұмысында ешқашан ескерту алмаған екен.

Төлеуғазы Нұркенов еңбек еткен сол бір жылдар Астана құрылысының дамып, шарықтаған кезеңі болатын. Маман азамат сол өрелі іске творчестволық көзқараспен қарап, адал еңбегімен жұрт құрметіне бөленді. Ол өзімен бірге еңбек еткен Қасым Аппасұлы Таукенов, Фарид Хабиб­рахманұлы Галимов, Сергей Михайлович Тихонский, Сансызбай Сейітжанұлы Есілов, Сергей Михайлович Хорошун, Жанбыршы Есетұлы Нұркенов, Владимир Львович Калик және басқаларын жиі еске алады. Оларға деген құрметі ұшан-теңіз. «Біздер, Астана қаласының жаңа тарихын жанқиярлық еңбегімізбен жасаған едік» деп, толғанады ер азамат.

Төлеуғазы Нұркенов – жерді қорғау, ұтымды пайдалану, жер құрылысы жөніндегі білгір маман. Ол «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, көптеген медаль мен Құрмет грамоталарымен марапатталған.

Бұл күндері өзіміз өміріне біраз шолу жасаған Төлеуғазы Нұркенов 70 жасқа толады. Әріптестерімен бірге өзі өмірлік қалаған мамандығы турасында көпшілікке қамқоршы, жастарға ұстаз.

Торқалы тойыңыз құтты болсын, Төлеуғазы! Жүзіңізден нұр таймасын! Бала-шағаңыздың қасында, еліңіздің арасында шалқып өмір сүре беріңіз!

Өзіңізді білетін, сыйлайтын адамдар мен Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің белсенділері атынан Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға шаттық, еңбегіңізге жеміс тілейміз! Әрдайым еліміздің елеулісі бола беріңіз!

Амангелді ӘШІРОВ,

 Астана қаласы Ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button