Басты ақпаратЕл тынысы

Мерейлі отбасы – мемлекет тірегі

Елімізде 10 жылдан бері қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде аталып келе жатыр. «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының биылғы мерейтой салтанаты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың байқау жеңім­паздарына арнаған құттықтауымен ашылды. Биылғы байқау­да 3344 отбасы бақ сынаса, оның ішінде елордадан 210 отбасы қатысты.

Биыл «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының Астана қалалық кезеңінде көпбалалы Сәдуақасовтар әулеті жеңімпаз атанды. 2013 жылдан бері өткізілетін аталған байқауға биыл қатысқан 210 отбасының ішінен үздік шыққан олар несімен ерекшеленді?

Әулеттің абзал анасы, 12 баланы дүниеге әкелген Тишжан Сәдуақасованың айтуынша, олар бала санының ғана емес, жетістіктерінің көптігімен де жеңіске жеткен. 2011 жылы елордаға Қарқаралы қаласынан көшіп келген жеңімпаз отбасы еліміздегі кез келген мерекеде жан-жақтан әулет болып елордада бас қосып, барлық мерекені бірге атап өтеді екен. Жолдасы Төкен Сәдуақасов дүниеден өткенге дейін 60 жыл бірге тұрып, балаларын жетілдіріп, жеткізіп, мықты тәрбие берген 80 жастағы 2 дүркін «Алтын алқа» алқа иегері – 6 ұл және 6 қыздың анасы, олардан тараған 37 жиен, немере мен 19 шөберенің асыл әжесі. Олардың көбі білім беру, құқық қорғау салаларында жұмыс істеп, жетістіктерге жеткен. Сол сияқты спорттағы, қоғамдық және шығармашылық жұмыстардағы, байқаулардағы белсенділігі үшін марапаттарға ие болған. Тишжан әже осындай үлкен әулет қалыптастырып, олардың ауызбірлігін сақтау­дағы құпиясымен бөлісті.

– 17 жасымда отбасын құрып, 25 жаста тұңғышымды дүниеге әкеп, ана атандым. Сосын арасына 2 жыл салып қалған балаларымды дүниеге әкелдім. Жолдасым салмақты, сабыры мол жан еді. Он ағайынды әулеттің үлкені. Енеммен 30 жыл бірге тұрып, балаларымды бір жасқа жетпей енеме қалдырып,  жұмысқа шығып кететінмін. Сөйтіп бала да туып, 30 жыл мемлекетке де қызмет етіп үлгердік. Қыздарды ұзатып, ұлдарды үйлендірдік. Қандай қиын кезеңдерді өткерсек те, ерлі-зайыпты ретінде бір-бірімізді тыңдап, әй-шәй деспей ғұмыр кештік. Анасын сыйлап тұрған соң жолдасың да сені тыңдап, төбесіне көтереді. Қазір міне алты келінім мен күйеу балаларым да солай мені құрметтейді. Келіндеріме жекіп, бөтенсініп көрген емеспін. Әулеттің шаруасын қартайғалы соларға бергенмін, ештеңеге араласпаймын. Өздері шешіп, өздері қояды. Мен тек осы балаларымның ортасында қыдырып, санаторийлерде демалып жүрген жайым бар. Енді қазіргі заманға келсек, барлық жағдайы жасалып тұрса да, 1-2 баласы болса да, бір-бірін түсініспей, ажырасып кетіп жатқан жастар көп. Отбасын сақтаудың басты сыры – біріңді бірің тыңдай білуде және келін болғаннан кейінгі рөліңді жастайыңнан бойыңа сіңіре алуыңда. Біреуге бірдеңе деп ақыл айту қиын, дегенмен бізде мұндай жақсы жағдай болмаса да осынша ұрпақ өсіріп, оларды толық отбасында жетілдірдік. Бәрі де адамның ниеті мен тілегіне және әрине тәрбиесіне, анасынан, өзінің отбасынан алған өнегесіне байланысты ғой, – дейді алтын құрсақты ана.

Бүгінде өнегелі отбасы республикалық байқауға дайындық үстінде. Осындай отбасылық құндылықтарды дұрыс қалыптастыру, балаларды патриотизм мен жалпыадамзаттық құндылықтар рухында тәрбиелеу – әрбір әулеттің басты міндеті. Ол адамгершілік қасиеттерді жандандыруға және отбасы мәртебесін көтеруге септік етеді. Бұл өз кезегінде мемлекет іргесінің мықты болуына, қоғамда гуманизм қағидаттарының жаппай белең алуына әкеледі.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button