Басты ақпаратМәселе

Жас ұрпақ есірткіге елтімесін десек…

Қазір, есірткімен күрес үздіксіз жүріп жатқанына қарамастан, есірткі таратушылар да әртүрлі айла-тәсілді ойлап тауып, әсіресе жасөспірімдердің назарын аударады. Өйткені кез келген үйдің жанынан өтіп бара жатқан адамның қабырғадағы жазуға көзі түседі. Ол бала болса, жай ғана қызығушылық танытып, есірткі таратушылардың қармағына түсіп қалады. Мұндай жазулар мектепте де, үйлердің жанындағы МИБ пен ПИК-терде де бар. Балаларды содан сақтануға үйрету үшін күн сайын әрбір ата-ана есірткінің қаупі мен зия­ны туралы ашық әңгіме айту қажет деп ойлаймын.

Қазір есірткі сататын интернет-дүкендердің санын ешкім біле алмайды. Жуырда «Қарасора-2023» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында астаналық Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері синтетикалық есірткі курьерін қолға түсірді. Әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында күдіктінің құпия орындарға синтетикалық есірткі жасырып, оны таратумен айналысқаны анықталды. Психоактивті заттарды сатпақ болған интернет-дүкеннің 32 жастағы қызметкерінің бөлмесін тінту кезінде сатуға дайын 21 бума «Мефедрон» есірткі заты табылып, тәркіленді. Сондай-ақ Hyundai Accent автокөлігін тінту кезінде тағыда екі полиэтилен байламы тәркіленген. Одан әрі полицейлер күдіктінің тұратын жерін, оған іргелес аумақты тінту кезінде қоқыс жәшігінен рюкзак тауып алған. Оның ішінде екі синтетикалық полиэтилен пакеті және басқа да есірткі заттарын орау үшін керек-жарақтар болған. Осы факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ер адам Астана қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Есірткі заттарын қойып кететін курьерлер де көбейіп келеді. Астаналық полицейлер есірткі қойып кетуші курьерді анықтады. 24 жастағы күдікті өз әрекетін үйлестірушінің нұсқауымен астаналық жастар арасында одан әрі тарату үшін «тауарларды» алған интернет-дүкеннің көмегімен жүзеге асырып отырғаны белгілі болды. Жеке тінту кезінде оның әмиянынан ұнтақ және түйіршіктер түріндегі зат салынған 35 бума тәркіленді. Тәркіленген зат салмағы 31 грамм «Мефедрон» есірткі заты екені анықталды. Жас жігіт қамауға алынып, аталған факті бойынша ҚР ҚК 296-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Негізгі айыпталушыларды анықтау және одан әрі ұстау бойынша жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.

Астанада жыл басынан бері 5 айда 362 есірткіге қатысты қылмыс тіркелген. Бұл, әрине, ресми ақпарат. Ал полицейлер анықтай алмай жатқан қаншама қылмыс бар. Қазір синтетикалық есірткінің заңсыз айналымына тосқауыл қою мәселесі өте өзекті, күрделі болып тұр. Бұл бағытта жыл басынан бері 14 келі есірткі тәркіленген. Бүгінге дейін 4 есірткі жасап шығаратын зертхана анықталып, есірткі өндірушілер мен сатушылар құрықталды. Есірткі қылмысымен күрес басқармасының қызметкерлері 52 есірткі сататын сайтты жапқан. Соған қарамастан, есірткі қылмысына тартылғандар саны азаймай отыр. Олардың қатарында 5-сынып оқушылары да бар.

Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Астана қаласы бойынша департаменті жетекшісінің орынбасары Гүлнар Ғаббасова елордада 1 ғана дәріхана медициналық мақсатта психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуға лицензия алғанын айтады.

«2023 жылдың 1 мамырындағы ахуал бойынша елордада 820 дәріхана бар. Соның ішінде «Максима-фарм» атты ЖШС ғана есірткі заттарын медициналық мақсатта сатуға заңды лицензия алған. Алайда мұндай заттарды басқа дәріханалар сататынын жоққа шығара алмаймыз. Бір өкініштісі, біздің департамент тексеріс үшін дәрілік препараттарды сатып ала алмайды. Өйткені заңнамада ондай бап жоқ. Сол себептен есірткі заттарын сатушылардың шаруасымен прокуратура, Есірткі қылмысымен күрес басқармасының мамандары айналысады. Мысалы, қазір «Трамадол» дәрісі психотроптық хаттар тізіміне енгізілді. Десек те бұл жұмыс соңына дейін жасалмағандықтан, осы препаратты дәріханалардан сатып алуға болады» дейді Г.Ғаббасова.

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Берік Қайкенов белгілі бір концентрацияда адамның ауыр психологиялық және физио­логиялық тәуелділігін тудыруы мүмкін медициналық препараттар тобының қаупі зор екенін айтады.

«Әдетте, олар дәріханаларда тек дәрігердің рецептісі бойынша сатылады. Бірақ кейбір алаяқ сатушылар оларды еркін сатады. Бұл дәрі-дәрмектердің арасында ауырсынуды басатын, седативті, ұйықтататын дәрілер бар. Қазір ағзада есірткінің болуына тест ерікті түрде жасалатынын, нашақорды мәжбүрлеп емдеу тек сот шешімімен жүзеге асатынын ұмытпауға тиіспіз. Тәжірибе көрсеткендей, дәріханалық нашақорлықтан жасөспірімдер көбірек зардап шегеді» дейді ол.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button