Басты ақпаратМәселе

Сексен көл суалып кетпесін…

Сексен көл Көкшетаудың саясында,

Әрқайсы алтын кесе аясында,

Ауасы дертке дауа, жұпар иісті,

Көкірек қанша жұтса, тоясың ба? – деп ақын Сәкен Сейфуллин жырлаған Көкшетаудың төңірегінде, Сарыарқа мен Батыс Сібір өлкесінің түйіскен тұсында киіктің жанарындай мөлдіреген көркем көлдер аз емес.

Сәкен «сексен» деп сипаттай айтқанмен, шын мәнінде, бұл өлкедегі айдын көлдің саны ол кезде бұдан да көп болуы мүмкін. Өйткені жері теңіз деңгейінен биік, жазы жаңбырлы, қыста қар қалың түсетін бұл аумақта су тоқтап, көлге айналатын қазан шұңқырлар аз емес. Мәселен, 1959 жылы жарық көрген «Тың аймағындағы жерүсті су қорлары» деп аталатын ғылыми жинақта Көкшетау өңірінде 1515 көл болғаны айтылады. Осы көлдердің 1320-сының суы тұщы болған екен.

Кейбір деректерде «Қазақстан аумағында ірілі-ұсақты 85 мың өзен бар, олардың ішінде 7 өзеннің (Ертіс, Тобыл, Есіл, Жайық, Сырдария, Іле, Шу) ұзындығы 1000 км-ден асады, еліміздегі үлкенді-кішілі көлдердің саны да 40 мыңнан асады» деген мәлімет бар. Осыдан 4 жыл бұрын Үкімет мүшелері «бүгінде ауданы бір шаршы километрден асатын 2328 көл бар, сондай-ақ 2552 өзен жайлы ақпарат бар» деген мәлімет таратқан еді. Одан бері де бұл көлдердің қаншауының суы азайып, қанша өзен тартылып қалды? Бұл жөнінде нақты ақпарат жоқ. Мейлі қалай айтсақ та, еліміздің қай өңірінде болсын су тапшылғы мәселесі барған сайын күрделеніп, судың тартылып бара жатқаны шындық. Бұл жайт соңғы кездері Арқа алқабында да айқындала түсті. Демек «Сексен көл Көкшетаудың саясында» деп мақтанғанымызбен, қазір сол көлдің қаншасы қалғанын, қаншауының суы тартылып, қара топырақ қаққа айналғанын, суының құрамы қандай болғанын ешкім білмейді. Оны зерттеп, экологиялық ортасын жіті қадағалап отырған мекеме жоқ сияқты. Экология министрлігіне сенгенмен, олар да өтірік есеп көрсетуден аспай жатқандай. Әйтпесе Арқадағы көл суының жыл сайын азайып бара жатқанын, көп көлдің ластанып, іші қоқысқа толып кеткенін алдымен біз емес, солар айтып дабыл қағуы тиіс еді. Өкіншке қарай, біз ол министрліктен әзірше ондай әрекет байқап отырған жоқпыз. Тек жергілікті тұрғындардың, ел мен жер жанашырларының анда-мұнда шыққан жанайқайы болмаса, суалған көлге, арнасы құрғап, суы тартылған өзенге өзегі өртеніп жүрген ешкім жоқ.

Кеңес Одағы кезінде, 1956 жылы көрікті Көкше маңындағы көлдерге кешенді зерттеу жүргізілген. Зерттеу барысында Әулиекөлде 36,2 млн, Айнакөлде 250 млн, Шабақты көлінде 141 млн, Шортан көлінде 256 млн текше метр су қоры бар деген қорытынды шыққан. Содан 30 жылдан кейін көл суларын тексергенде Әулиекөлде 31 ­млн, Шортанды көлінде 225 млн текше метр су қалғаны анықталған. Ал одан бері бұл көлдердің суы қаншалық азайды деген сұрақ тұрғысынан ғылыми түрде берілген жауапты біз кездестірмедік. Шортан көлі Щучье қаласында орталықтандырылған су жүйесінің су алатын көзіне айналған, көлге құйылатын бұлақтардың көбі суалып, көл жағасын қамыс басып бара жатқанын ескерсек, бұл көлдің сулары 1956 жылмен салыстырғанда тең жартысына жуығы тартылып кеткен болуы әбден мүмкін.

Демек «Сексен көл Көкшетаудың саясында» деп мақтанғанымызбен, қазір сол көлдің қаншасы қалғанын, қаншауының суы тартылып, қара топырақ қаққа айналғанын, суының құрамы қандай болғанын ешкім білмейді. Оны зерттеп, экологиялық ортасын жіті қадағалап отырған мекеме жоқ сияқты.

Қазақстан мен Ресей ғалымдарының дәлелдеуінше, Арқа төсіндегі көлдердің тартылуы өткен ғасырдағы тың игеру мезгілінен бастау алады. 1954-1960 жылдар аралығында жүргізілген науқан кезінде Кеңес Одағы бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн гектары қазақ жері болды. Тусырап жатқан сары далада бұлайша ауқымды жер ашу аумақта экологиялық тепе-теңдікті бұзып, жердің су қабаты төмендеп, топырақтың ылғалдығы азайды. Бейберекет жер ашу көптеген бұлақ көзінің бітеліп, өзендердің тартылуына мұрындық болды. Осының әсерінен көгілдір көлдер кебірге айналды. Арқа төсіндегі тіршілік нәрінің тартылуы осылай басталды.

Жалпы Арқа төріндегі көлдердің суалып бара жатқанын ешқандай зерттеу жүргізбей-ақ, жай көзбен көріп те аңғаруға болады. Мәселен, менің Бурабай алқабындағы бүгінгі жұрт орыстардың Малое Чебачье атауын «Кіші Шабақты» деп қазақшалап алған, шын мәнінде, тарихта Көкшенің Шалқары (Күміс көл, Айна көл деген атау – жазушылардың теңеуінен туған телімдер – Жамбыл Артықбаев) деп аталған көлдің жағасында жүргеніме 5 жылдан асты. Осы 5 жылда көлдің суы 20 метр шегініп кетті, тек биылдың өзінде 2-3 метрге шегінген судың жағалауы да таяздап, бір метрге таяу төмендеп кетті. Ал осы көлдің жағасындағы Ақылбай ауылының ақсақалдары болса «көлдің суы біздің бала күніміздегіден 100 метрге жуық тартылып кетті» деген әңгімені жиі айтады. Биыл Бурабайдағы Әулиекөл, Айнакөл, Шабақты, Шортан көлдерінің суы азайғаны да анық байқалды. Әсіресе кісі бойы көрінбейтін Жұмбақтастың маңындағы судың таяздап, көлдің түбі көріне бастауы көл суының тез қарқынмен суалып бара жатқанын анық аңғартса керек. Оның үстіне көл суының мейлінше ластануы, көл тағандары мен жиектерінің ұзақ уақыт бойы тазаланбауынан көлге «қуат» болған бұлақтың көзінің бітелуіне апарып соқты. Жылға-жылғадан жылап аққан бұлақ суларының көлге құймағанына да көп заман болды. Көл маңындағы тұрғындар тұрағының кәріз жүйесінің ғылыми жобаланбауы, көлдің кей тұсынан қоқыс пен лас сулардың құйылып жатқаны Көкше көліне шомылмақ түгел қолды малуға болмайтын деңгейге жеткізді. Жақында «Астана ақшамы» газетінде «Арқаның маржанына қауіп төнді» деген тақырыпта мақала жазған ауыл шаруашылығы саласының ардагері Бейсембек Әлкенов «Ғалымдар «Бурабай» ұлттық паркіндегі көлдерде литийдің шеткі көрсеткіші 0,17-ден 5,7 деңгейіне, темір 2,1, мұнай қалдықтары 8-ге, ал талий 50-ден 500-ге дейін екенін айтады. Бұдан басқа, натрий, хлорид, ванадий, бромид, фтор белгіленген межеден бірнеше есе асып түседі» деген деректі алға тартады. Міне, біз мақтан тұтып жүрген Бурабайдағы көрікті көлдердің жағдайы осындай. Бірақ оны тазартуға, көрікті көлдерді құтқарып қалуға Үкімет тарапынан қырпулы қимыл байқалмайды.

Өткен жылы сәуір айында Экология, геология және табиғи ресурстар ­министрлігінің өкілдері «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында «Ақмолада Бурабай, Шортанды, Қопа көлдерін тазалау келер жылға жоспарланып отыр» деген еді. Сондай-ақ министрлік өкілдері үш көлді тазалауға шамамен 26 миллиард теңге қажет екенін де айтқан. Міне, содан бері бір жыл уақыт өтті. Айтылған уәде орындалмады-ау деймін, өйткені ала жаздай Бурабайда жүргенде көл тазалап жүрген ешкімді көргеніміз жоқ. Ал басын Шортан көлінен алатын Қылшақты өзенінің де арнасы тартылып, аңқасы кебуге айналды. Көкшетау қаласын қақ жарып өтіп, Қопа көліне құятын бұл өзеннің қала ішіндегі бөлігі қоңси бастаған соң, әкімдік амалсыз тазалағаны болмаса, басқа 100 шақырымға жуық бөлігі мүлде қараусыз жатыр.

Ертеректе жазылған кейбір әдеби кітаптарда Көкше өңіріндегі көлдердің бір-бірімен жалғасып, тұтасып, бірінің суы біріне құйылып жатқаны айтылады. Бірақ қазір мұндай экологиялық байланыс мүлдем үзіліп, әрбір көл жетім суға айналған. Ол да жаңбыр мен қардың азаюы, бұлақ көздерінің бітелуі сияқты себептерден жыл сайын тартылып тарады. Дер кезінде ескеріліп, қорғау жұмысы жедел жүргізілмесе, бұл көлдердің суалуы тұтас Арқа төсіне алапат апат әкелуі әбден мүмкін.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button