Мәселе

Бала ойыны қауіпсіз бе?

Астана бүлдіршіндер үшін әзірше қауіпсіз қала болмай тұр. Себебі ойын алаңдары сапасыз салынып жатқаны белгілі. Оларды қадағалайтын жауапты адамдардың селқостығы да жоқ емес. Бұл, әрине, бөлек әңгіменің өзегі. Әзірше жарақаттанған балаларды қабылдайтын жерлер туралы айтайын.

Жақында Айнаш есімді азаматша белсенділік танытып, Астана қаласы аналарының атынан арнайы бейнеүндеу жасады. Мен халық қалаулысы ретінде осы проблеманың анық-қанығын білуге кірістім. Расында да, елорданың дамуымен бірге халық саны күрт өсті. Рақымжан Қошқарбаев көшесінде тұрған бір ғана жарақаттанған адамдарды қабылдайтын нүкте жеткіліксіз. Қазіргі уақытта №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасы (сол травмпункт) – жарақат алған балаларға шұғыл көмек көрсететін жалғыз мекеме. Бұл аурухана тәулігіне 600-ден астам баланы қабылдайды, олардың тең жартысына рентгенологиялық зерттеу жүргізіледі.

Жалпы алғанда, қала әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бұл проблемамен таныс. Ресми хабарламада айтылғандай, №2 көпсалалы қалалық балалар ауруханасындағы травмпункттің жүктемесін азайту үшін №4, 5, 6, 7, 9 және 10 қалалық емханаларына сағат 8:00-20:00-ге дейін 4 санаттағы балаларға алғашқы медициналық көмек көрсету тапсырылған екен. Бір әттеген-айы – балаларға тек жұмыс күні мен жұмыс уақытында ғана ойна деп айта алмаймыз. Кешке, түнде, мереке күндері, сенбі мен жексенбіде бұл емханалар науқастарды қабылдамайды. Ақиқатын айтсам, мұндағы кінә Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорында болып отыр. Олар травмпунктке тиісті қаражатын бөліп беру керек екенін елемейтін сыңайлы. Бұл да зерттеу жасайтын жеке тақырып.

Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, елорда халқы санының өсуіне байланысты №4 жаңа балалар ауруханасының жобасы қаралуда. Сондай-ақ ересектерге арналған №2 қалалық көпбейінді аурухана базасында балалар мен ересектерге арналған травматология пунктінің құрылысы жүргізілуде. Осы жоспар іске асса, қажеттілік өтелетін тәрізді. Алайда ойын алаңдарында жарақаттанған балаларға жедел ем-дом көрсету әр баланың денсаулығын, өмірін сақтайтын фактор екенін естен шығармайық.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button