Басты ақпаратҚоғам

Сабақтастық сақталса…

Осы аптада жұрт назарындағы жаңалықтар ішінде министрлер мен әкімдердің ауысуы көш бастағаны ақиқат.

Жаңа келген басшыларға бата беріп, тілек арнап, тіпті дәлізде ұстап алып, біз сізді ұзақ күттік қой деп ағынан жарылғандар да табылды. Кеткендерді қаралап жатқандардың да қарасы қалың. Керісінше жаңа басшыдан саған не пайда, тендер бөліп бере ме, балаңды қызметке ала ма, не септігі тиеді? Ештеңе өзгермейді, «баяғы жартас – бір жартас» деп осы бастан күдерін үзіп отыр­ғандар да аз емес. Дегенмен жаңалықтарды қосып қалсаң, жүзі бал-бұл жанған, жаңа ғана тағайындалған басшыларды көресің де, осыған дейін небір «өзгерістердің», «жаңашыл бас­тамалардың» ұйытқысы болған, кеше ғана екпінінен үй құлаған, тіпті «бір аймақ, бір саланы ғана емес, тұтас елді басқара алады ғой, данышпаным-ай» деп «ниеттес» жұртшылық күнде «сүйсініп» отырған ескі басшы мүлдем байқалмайды. Бұл қалай сонда? Ол осы лауазымда нақты жетістікке жетті ме, жоқ әлде қолдан жасанды имидж жасап, жарнамалатып жүріп, жаңашылмын деп құр ұрандатып, жалаулатып кері кетті ме, не тындырды, не бітіре алмады? Бұлардың басым көпшілігі тағы да ірі лауазым иеленетіні сөзсіз. Бұл сонда жөн бе? Мұны кім саралап баға береді және қай жерде айтады? Халыққа хабары тие ме, жоқ әлде мұрағатта қалың қағаздың арасында шаң басып қала ма? Мұнан не сабақ алуымыз керек, олар орнына келген ізбасарына қандай мұра қалдырды? Ол ізбасар нені ескеру керек, нені әрі жалғастыру керек, неден аулақ болуы керек, нені үйренуі керек, сабақтастық сақтала ма? Міне біздің отыз жылдан астам жүйелі түрде жолға қоя алмай келе жатқан ірі олқылығымыздың бірі осы. Басшының қызметіне шынайы баға берілмейді, сабақтастық сақтала бермейді. Бұрынғы команда бастағандықтан елге, жұртқа орасан пайдасы тиетін өміршең жобалардың өзі жалғасын таппай жерге көміледі. Жаңа команда жаңа ғаламат жобаларды жоспарлайды. Енді іске асыра бастағанда… жаңа келген жаңа команда тағы да жаңа міндеттер белгілейді. Бәрі қайтадан басынан басталады. Біз осы мәселені осыдан отыз жылдай бұрын 1995 жылы 17 мамырда «Егемен Қазақстан» газетінде жариялаған «Әкім болдым-ау, қанша күнге?…» деген сараптамамызда көтерген екенбіз. Жергілікті депутаттар жоғарыдан ұсынылған екі үміткердің бірінен әкімді, мәжілістегілер министрді таңдаған сияқты кейіп танытқанымен көп ештеңе өзгермепті содан бері. Әкім мен министр қанша мерзімге тағайын­далады, не жоспарлап, не бітіріп үлгереді, мұны ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан да «уақытша жүргендер» синдромының, тез «қарпып қалғысы» келетіндердің де бой көрсету қаупі үлкен. Қайдан тапқанымыз белгісіз, атақты бабамыз Жүсіп Баласағұнның «Әкім тәтті өмірді сүйсе, елдің күні қараңғы» деген сөзін келтіріппіз сол мақалада. Әйгілі дауылпаз айтыскер ақын Әселхан Қалыбекованың өлеңінен шумақ беріппіз:

«Әкімдер келе сала там

салады,

Бай болу, құдай болу

аңсағаны.

Там салып, көн-қоқсығы

толған шақта,

Халайық жаңа әкімді қарсы

алады.

Ол дағы сатып кетсем

пұл болады деп,

Бастайды там салудан

бар шараны.

Халықтың қаржысымен

бітіріп ап,

Өткізіп жекешеге ән салады.

Арлыны, ақылдыны

 ары итеріп,

Малдының ажарына зер салады» депті рухы шат болғыр ақтаңгер Әселхан апамыз. Иә, қазіргі өлшеммен қарағанда там салып, жекешелендіру түк болмай қалды-ау… Жаңа Қазақстан барлық деңгейдегі әкімдерді белгілі бір мерзімге сайлауды біртіндеп іске асырып жатыр ғой. Әділетті, халық үніне құлақ асатын, есеп беретін әділетті елдің бір белгісі осы болса керек.

«Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер» деді Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында. «Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды» деген Мемлекет басшысының тұжырымын әрбір лауазым иесі жүрек түкпірінде сақтап, елге қызметтің қағидасы еткенде ғана Әділетті Қазақстан салтанат құрады.

Айтпақшы, әлгі мақаланың соңы былай бітеді: «Ел басқарушылардың арасында күдік туса, олар бұзылады» деген жолдар бар екен пайғамбарымыздың хадистерінде. Басшыға талап қоюмен қатар тиісінше құрмет көрсетуді де үйренгеніміз абзал. Басшы, ақылшы, жетекші, ел ағасы деген сөздерді халқымыз ардақ тұтқан азаматтарына арнады, мың қосшыдан бір басшы артық деді. Құқықтық мемлекет құрудамыз, әйтсе де адал басшы мен аяр басшының ара жігін ажырататын заң жоқ. Өтпелі кезең өткелінде бас қамын ойлаған кейбір әкімдерді көріп, елдің басшыларға, ертеңімізге деген сеніміне селкеу түссе, ең ауыры сол болмақ…».

Тағыда

Еркін Қыдыр

«Астана ақшамы» газетінің бас редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button