Басты ақпаратҚала мен Сала

Апатты үйлер азайып келеді

Елордада бұзуды талап ететін 206 үй, оның ішінде 18 апатты жатақхана бар. Олар 2029 жылға дейін сүрілетін болады. Осыған байланыс­ты қазіргі уақытта 2023-2029 жылдары бұзуға жататын 4710 пәтерге арналған 206 апатты үйдің тізбесі қалыптасты. Сүрілетін үйлердің тізбесі туралы ақпарат әкімдіктің ресми сайтында жарияланған.

Астана әкімінің қала тұрғындарымен болған кездесулерінде жиі көтерілетін өзекті проблеманың бірі – осы апатты үйлер проблемасы. Әсіресе елордадан сыртқары орналасқан елді мекендерде бұл мәселе «күйіп» тұр.

Әсем шаһардың қақ ортасында қаланың сиқын бұзып, сәнін кетіріп тұрған осындай тозығы жеткен ескі үйлердің қашан сүрілетіні жергілікті жұртшылықты жиі алаңдатады. Себебі мұндай үйлердің қала көркіне нұқсан келтіріп қана қоймай, тұрғындардың өміріне қауіпті екені де шындық.

Қала әкімінің айтуынша, соңғы төрт жылда бас қаладағы 38 үйдің тұрғыны жаңа қонысқа көшіріліп, тозығы жеткен ескі үйлер сүрілді. Дегенмен Астанада апатты үйлердің қатары азаймай отыр. Бұл бағытта «Елорда даму» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Бүгінде бас қалада бұзуды талап ететін 206 үй, оның ішінде 18 апатты жатақхана бар. Олардың барлығын 2029 жылға дейін сүріп, тұрғындарын жаңа үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр

– Аталған бағдарлама іске қосылған сәттен бастап барлығы 4200 отбасы бұзуды талап ететін ескі үйлерден көшірілді. 2030 жылға дейін апатты жағдайдағы 4,5 мыңға жуық пәтерді сүру көзделіп отыр. Биыл осындай үй тұрғындарына 300-400 пәтер пайдалануға беріледі. Алдағы уақытта жыл сайын 700-ге жуық пәтер беру жоспарлануда, – деді Жеңіс Қасымбек елді мекен тұрғындарымен болған кездесулердің бірінде.

Тозығы жеткен ескі үйлер қаланың барлық ауданында бар. Өткен ғасырдың 50-60-жылдарында салынған мұндай баспаналардың кейбірінің қабырғалары құлап, әйнектері сынып, іші көк сасып, адам тұруға жарамсыз боп қалған. Сумен және электрмен жабдықтауда да проблемалары бар, шатырынан су ағып тұрған үйлерде тұрудың өзі бір қиямет. Астанадағы апатты үйлердің бірінде тұрып жатқан елордалық Балкүміс Қуатқызының пікірінше, мұндай үйлердің иелері көбіне жылжымайтын мүлкін айлығы шайлығынан аспайтын, орталықтан пәтер жалдауға шамасы жоқ, жағдайы төмен отбасыларға жалға беріп, өздері қаланың басқа бұрышынан пәтер тауып алады екен.

«Бұл үйлерде көбіне пәтер жалдаушылар тұрады. Сыз тартқан бөлмелер қысы-жазы бір жылымайды, оның үстіне үйде орталықтан келетін су да, жылу да жоқ. Есесіне мұндағы пәтер құны әлдеқайда арзан. Сондықтан осындай үйде тұрған бізге әлдеқайда тиімді» деді Б.Қуатқызы.

Жалпы жоспар бойынша 2029 жылға дейін республика бо­йынша 1,5 мың үй бұзылуы тиіс. Ал ондағы 40 мыңға жуық тұрғын жаңа үймен қамтамасыз етіледі. Мамандардың мәлімдеуінше, 2022 жылы республика бойынша 114 үй сүрілген

Ал әкімдіктегілер апатты үйлердің тұрғындары үшін алдағы үш жылда 3000-ға жуық жаңа пәтер салынатынын алға тартып отыр. Мәселен, Че­хоев көшесіндегі №3 және №1 үйлердің кәріз жүйесі жұмыс істемейді. Барак типтес осы үйлердің бір бөлігі 2024 жылы бұзылатын нысандар тізіміне енгізілмекші. Сондай-ақ Сарыарқа ауданының Агроқалашық елді мекенінде келесі жылы тозығы жеткен үш үйді бұзу жоспарланып отыр және алдағы үш жылда осындай ескі үйлердің тұрғындары үшін 2,5-3 мыңға жуық пәтер салу көзделіп отыр. Өзге де апатты үйлер бойынша тізім қала әкімдігінің ресми сайтында үнемі жаңартылып отырады.

– Байқоңыр ауданында жоғары вольтты электр беру желілерінің астында орналасқан үйлер бар. Олар Күлтегін, Асан қайғы, Сырдария және Лермонтов көшелерінде орналасқан. Өткен жылы бұл үйлердің бір бөлігі сатып алынған болатын. Биыл да жүйелі түрде учаскелерді сатып алу, үйлерді бұзу жұмысы жалғасады. Осылайша, тұрғындар ұзақ жылдан кейін жаңа қонысқа көшіп, денсаулығына алаңдамайды. Бағдарлама негізінде келешекте бұл жеке сектордың орнына әлеуметтік нысандар, жаңа тұрғын үй кешендері мен қоғамдық кеңістіктер пайда болады, – деді қала басшысы.

Бүгінде бас қалада бұзуды талап ететін 206 үй, оның ішінде 18 апатты жатақхана бар. Олардың барлығын 2029 жылға дейін сүріп, тұрғындарын жаңа үймен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Жалпы жоспар бойынша 2029 жылға дейін республика бойынша 1,5 мың үй бұзылуы тиіс. Ал ондағы 40 мыңға жуық тұрғын жаңа үймен қамтамасыз етіледі. Мамандардың мәлім­деуінше, 2022 жылы республика бойынша 114 үй сүрілген.

Иә, апатты үйлерді азайту – алдағы күннің маңызды міндеті. Сол себепті Мемлекет басшысы елордалықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін тиісті мекеме басшыларына тапсыр­ма берген болатын. Бүгінде жүктелген міндет жоспар бо­йынша жүзеге асып, тұрғын үй кешендерін жөндеу, лифттерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау жұмысы тиімді нәтиже беріп отыр. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, Астана қаласында тұрғын үй қорын жаңарту, апатты ескі тұрғын үйлерді бұзу жобасы іске асуда.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button