Басты ақпаратМәселе

Жатақхана жыры жалғаса бере ме?

Жаңа оқу жылы жақындап қалды. Мыңдаған студент Астана мен Алматы­ға қарай ағылады. Олардың келуін тек университеттер ғана емес, пәтерін жалға беретін үй иелері де асыға күтері даусыз. Өйткені бұл кезде пәтердің де бағасы тез шарықтап шыға келеді. Ал жатақханадағы орындар бәріне бірдей жетпейтіні белгілі. Бүгінгі таңда Қазақстанда жатақхана тапшылығы 70 мың төсек-орынды құрайды, оның ішінде Астанада – 15 мыңнан астам, Алматыда – 33 мыңнан астам. Студенттер, амал жоқ, пәтер жалдауға немесе басқа жолын іздеуге мәжбүр болады. Баспана мәселесін студенттер қалай шешіп, қалай ақшасын үнемдей алады – осыны зерделеп көрдік.

Астанада пәтерді жалға алу қанша тұрады?

«Шаңырақ» риелторлық фирмасының директоры ­Ульзана Хамзина бір ай бұрын Астанада 100-110 мың теңгеге бір бөлмелі пәтер табуға болатынын айтқан еді, бірақ қазір елордада мұндай баға жоқ.

– Бүгінде оң жағалаудағы пәтерлер бағасы 120 мыңнан басталады. Бұл – ас үй студиясы бар және шалғай аудандардағы шағын отбасылық типтегі пәтерлер. Сол жағалаудан жастар 150 мыңнан бір бөлмені жалға алуына болады. Менің ойымша, мұндай бағалар қаңтарға дейін жалғасады, содан кейін тек 10-15 мың теңгеге ғана төмендейді, – дейді Ульзана Хамзина.

Сайттағы хабарландыруларға көз салсақ, көпшілігі бағаны 160-тан 200 мың теңгеге дейінгі аралықта көрсетеді. Көптеген нұсқа жетерлік, сондықтан талғаммен таңдауға мүмкіндік бар.

– Бұрын Астанада пәтер иелері балалары мен студенттері бар жас отбасыларды қоныстандырғысы келмеді, бірақ қазір ондай жағдай жоқ, өйткені соңғы жылдары көптеген жаңа үй салынды. Меншік иелері кез келген тұрғынға келіседі, – дейді риелтор.

Оң жағалаудағы екі бөлмелі пәтерді жалға беру ақысы айына 150 мың теңгеден басталады, сол жағалаудағы ең төменгі баға – 200 мың теңге. Үш бөлмелісі 200 мыңнан басталады, бірақ көпшілігі 300 мың теңгені талап етеді.

Алматыдағы жағдай қандай?

«Квадрат» риелторлық тобы филиалының директоры Анна Тайановичтің айтуынша, Алматыда студенттердің көпшілігі 150 мың теңге көлемінде баспана іздейді, бірақ нарықта мұндай ұсыныс жоқ.

– Алматыда бір бөлмелі пәтерді 180 мың теңгеден (ең жақсы жерде орналасқан, жай-күйі жақсы деп айта алмайсыз), ал жақсы тұрғын үй кешенінде 450 мың теңгеге дейін жалға алуға болады. Екі бөлмелі пәтерді орташа жағдайда жалға алу – ақылы тұрғын үй кешенінде 250 мыңнан 1300000 теңгеге дейін жетеді. Кейбір студенттердің ата-анасы біржола оқу жылы (9 ай) үшін тұрғын үйді жалдау ақысын төлеуге дайын, осылайша жалға берушінің де табысы тұрақты, қаупі де азаяды және олар құнын 10-20 мыңға төмендетуге дайын, – деп түсіндірді Анна Тайанович.

Krisha.kz cайтын қазір бір қарасаңыз, 180 мың теңгеге бір бөлмелі пәтері бар жүз шақты хабарландыру жария­ланғанын көресіз, олардың көпшілігі Наурызбай батыр және М.Әуезов аудандарында орналасқан.

– Ең арзан жалға берілетін тұрғын үй Наурызбай батыр және Түрксіб ауданында орналасқан. Ең қымбаты – Бос­тандық, Медеу және Алмалы ауданында. М.Әуезов ауданы – Алматының өмір сүруге тартымды ауданының бірі және бағасы да орташа деңгейде.

Жақсы жағдайы бар, инфра­құрылымы дамыған аудан көліктің қолжетімділігі, жекелеген мектептер, балабақшалар мен емханалар десек, жергілікті арзан дүкендер мен базарлар да тұрғын үйді таң­дауда маңызды рөл атқарады. Мысалы, Медеу ауданында Алматыдағы ең қымбат жалға берілетін пәтерлер бар. Жалға алушының таңдауы элиталық жаңа ғимараттар мен тарихи нысандардан бастап бюджеттік ескі, хрущев үйлеріне дейін жалғасады. Ең қымбат пәтерлер – ескі және жаңа орталықта, – деді Анна Тайанович.

Алматылық жалға беру­шілердің астаналықтардан айырмашылығы сол, меншік иесі студентке баспана беруге аса ниетті емес.

Сарапшылардың айтуынша, әсіресе, пәтерге сұраныс қыркүйекке қарай ұлғаяды, ірі университеттер орналасқан аудандарда жалға берілетін тұрғын үй бағасы 15-20 пайызға көтерілмек. Әрине, барлық студент мұндай бағамен жалға ала алмайды, сондықтан олар тұратын баспанасы арзанға түсетін жағын қарастыратыны сөзсіз. Студенттер мұндайда досымен, курстасымен бірге пәтер жалдайды немесе үй иесімен бірге қоныстануына тура келеді (бөлмесі бөлек). Ол болмаса, шағын отбасылар тұратын жеке жатақханаларды немесе коливингті, тағы басқа арзандау жатақхананы іздейді.

Бірлесіп пәтер жалдау

Егер екі бөлмелі пәтерді жалға алып, тұрғын үй құнын екіге бөлетін болсақ, ол әлдеқайда аз шығады: Астанада – 75000 теңге, Алматыда – 125000 теңге. Студент университеттің әлемжелідегі тобында курстастар арасынан пәтер таба алады. Бұл жағдайда студент өзінің көршілерін тауып, бірге пәтер таңдайды немесе ұзақ уақыт бойы жалға алған және бос орынға жаңа адам іздегендермен бірге қоныстанады. Осындай хабарландыруларды әлеуметтік желілерден оқыған жастар өзімен бірге тұратын көршілерін Instagram, Facebook және «ВКонтакте»-ден табады. Мысалы, бір бөлмеде екі адам тұрса, 35000 теңгеден басталатын баспананы жалдай алады.

Министрлік не дейді?

Былтыр да еліміздегі жатақхана жыры қыркүйектегі ең өзекті тақырыпқа айналғаны белгілі. Жағдай онша өзгере қойған жоқ. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек сонда «Енді университеттер студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттеледі. Мұндай талапты орындамайтын университеттерге лицензия берілмейді» деп айтқаны бар.

Өткен жылы 2026 жылға дейін елдегі студенттердің басым бөлігін жатақханамен қамтамасыз ететінін жеткізген болатын.

Биыл ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанынан студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету бойынша ахуал орталығы құрылды. Бұл туралы министр Саясат Нұрбек ЖОО ректорларының қатысуымен өткен кеңейтілген алқа отырысында айтты.

«Барлық студентті жатақ­ханамен қамтамасыз ету мүмкін емес екені анық. Бұл – көп жұмысты қажет ететін мәселе. Бірақ министрлік осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр. Атап айтқанда, біздің ведомство студенттерге жатақханадан орын алуға көмектесетін ахуал орталығын құрды» деп атап өтті министр.

Сонымен бірге ол студенттер мәселесіне бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлері мен азаматтарды ахуал орталығының құрамына кіруге шақырды.

Студенттердің тұрғын үймен туындаған проблемасына жедел ден қою үшін ахуал орталығында +7-700-255-14-43 нөмірі бойынша call-орталық іске қосылды, ол 24/7 жұмыс істейді.

«Орын тапшылығы бойынша проблеманы жүйелі шешу үшін биыл біз Алматы мен Астанада жатақхана салу бойын­ша жоба кеңселерін аштық, өйткені орын тапшылығының 70 пайызы осы қалаларға тиесілі. Сондай-ақ, мен бұған дейін жоғары оқу орындарында жөндеу жұмысын 15 тамызға дейін аяқтауды тапсырған едім. Оқу жылы басталғанша оқу орындарының бірінші басшылары жатақхананың санитарлық және техникалық нормалардың талаптарына сәйкестігіне ерекше назар аударуы қажет» деді Саясат Нұрбек.

Жоғары оқу орындарының болжамынша, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны 134 мың адамды құрайды. Алматыда жоғары оқу орындары көп шоғырланғандықтан, жыл сайын әртүрлі өңірден келіп оңтүстік астанаға оқуға түсушілер саны көбеюде. Жатақханада орын жетпеген студенттерге орын тапшылығы мәселесі шешімін тапқанша хостел мен қонақ үйде орын ұсынылады.

2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Білім туралы» заңның барлық білім алушыны жатақханадағы орынмен қамтамасыз етуді көздейтін жаңа редакциясы күшіне енеді.

Жатақханалардың жай-күйі қалай?

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматыға жұмыс сапары барысында оңтүстік астанадағы университеттерге қарасты жатақханалар мен студенттерге берілетін хостелдердің жаңа оқу жылына дайындық барысын тексеріп көрді. Министрді университет басшылары студенттер үйінің жай-күйімен таныстырды.

«Қазіргі таңда жатақхана тапшылығын шешу мақсатында үш бағыт бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Біріншісі – құрылыс бағыты. Студенттер үйін салу үшін субсидия нормативтері өзгертілді. Қазір жекеменшік құрылыс компанияларымен белсенді түрде жұмыс істеп жатырмыз. Екінші бағыт – хос­телдермен, қонақ үйлермен арнайы келісімшартқа отыру. Бүгінде Алматы қаласында 60-қа жуық хостелмен келісімшартқа қол қойылды. Үшінші бағыт бойынша әр университетте ахуал орталығы құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр» деді министр.

С.Нұрбек университет басшыларына тамыздың 15-іне дейін жатақханалардағы жөндеу жұмысын сапалы аяқтап, хос­телдердегі санитарлық талапты тексеруді және әр студенттің қауіпсіздігіне жіті назар аударуды тапсырды.

P.S: Бұл тексеріс, бұл жұмыс жыл сайын жүргізіледі, бірақ нақты нәтиже жоқ. Мәселенің жылдан-жылға ушықпаса, шешілетін сыңайы байқалмайды. Елімізде не көп – жоғары оқу орны көп. Сол жоғары оқу орындары жаңа мамандық ашқанда немесе лицензиясын алғанда студентті жатақханамен қамтамасыз етуді өзіне міндетті етіп алса, білім берудің басты критерийіне айналса, жағдай осылай ушықпас па еді, кім білсін?! Әзірге жатақханадан орын таппай, жалдамалы пәтер жағалаған жастар дорбасын арқалап баспана іздеуге мәжбүр. Шешімін таппаған әлеуметтің жағдайы қай кезде іске асады, тағы белгісіз.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button