Мәдениет

Арқаны әнге бөлеген

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы «Ұлыларға тағзым» жобасы аясында Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған рухани өнер кешін өткізді.

Бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған Ақан сері күрес­кер ақын, әнші, композитор болды. «Жігітке жеті өнер де аз» дегендей, бірнеше тілді біліп, саятшылықпен айналысты, ит жүгіртіп, құс салды, жүйрік баптады. Ақанның жұмбақ та нәзік жан дүниесін ашу үшін концерт театрландырылған қойылыммен ашылып, жабылды. Әнші, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Құмарбек Қалқатай серіні сомдап, «Көкшетаудың биігі» әнін әуелетті.

Өнертанушылар Ақанның артында елуге жуық ән қалғанын айтады. Осы концертте он беске тарта туындысы орындалды. Кешті жүргізген өнер орталығының жетекшісі Жасұлан Наурызбайұлы арасында әндердің тарихы туралы айта отырып, халық композиторының өмірінен мәліметтерді келтірді. Мәселен, ел аузында сүйікті тұлпары Құлагерді Батыраш-
Қотыраш дейтін байлар өлтірді деп айтылады. Жыр жүйрігі Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасында, кинорежиссер Болат Мансұровтың осы аттас фильмінде де сондай дерек берілген. Ал көрнекті композитор, өнертанушы Илья Жақанов бұл жаңсақ пікір екенін, Құлагерді мерт қылған Ақанмен қастасқан Барақбай деп жазады. Өз заманында өршіл ақын Мағжан Жұмабаев та Құлагердің қаны Барақбайдың мойнында екенін жазып кеткен екен. Бірақ «халық жауы» атанған Мағжанның шығармаларын оқуға тыйым салынғандықтан, бертінге дейін бұл пікірі белгісіз болып келді.

Жалпы сұлулыққа жаны құштар Ақанның шығарма­шылығында арулар, қыран құстары мен тұлпарларына арналған әндер ерек орын алады. Бұл тарапта «Құлагермен» қатар «Маңмаңгер», «Қараторғай», «Балқадиша», «Ләйлім шырақ», «Ақтоқтының аужары», «Жамал қыз» сынды әндерін айтуға болады. Ал «Майда қоңыр» әні – достыққа қойылған ескерткіш іспетті туынды. Көрермендер осы әндермен қатар «Шырмауық», «Сырымбет», «Алтыбасар», «Көк көбелек», «Торыны таң асырып мінген қандай» шығармаларына құлақ құрышын қандырды. Бұл әндерді Медет Салықов, Клара Төленбаева, Дінисламбек Жайлаубай, Асқар Мұқият, Перизат Тұрарова, Ерболат Шалдыбеков, Нұрболат Арзамасұлы, Жасұлан Наурызбайұлы, Аяулым Қамажан, Біржан Айтахмет нақышына келтіріп салды. Дәулескер күйші, ұстаз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай өнер тарихында жалғыз «Қосбасар» күйімен қалған Итаяқтың осы күйін шертті.

«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының бір мақсаты – қазақтың ұлттық аспаптарын насихаттау. Кеште дарынды музыкант Венера Табыс жетігенді сызылтты. Концерт соңында «Ардагерлер ұйымы» рес­публика­лық қоғамдық бірлестігі орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев көрермендер атынан алғыс айтты.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button